Ел экономикасының тірегі саналатын Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына қатысты өткір мәселе көтерілді. Комиссия отырысында миллиардтаған теңгенің мақсатсыз әрі тиімсіз игерілгені айтылып, жүйедегі түйткілдер ашық көрсетілді. Сараптама нәтижелері қаржының қайтарымы бар болғанымен, басқару мен жоспарлау кемшіліктері әлі де жойылмағанын аңғартты, деп жазады Ozgeris.info.
Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында жалпы көлемі 7,2 трлн теңгені құрайтын 3 мыңнан астам жоба мен облигациялық қарыздың тиімділігі қаралды. Аудит қорытындысы экономикалық нәтижелер бар екенін көрсеткенімен, қаржының бір бөлігінің тиімсіз жұмсалуына әкелетін жүйелік кедергілер сақталып отырғаны белгілі болды.
Тексеріс барысында анықталған негізгі мәселелердің бірі – басқарудағы бытыраңқылық. Қазіргі таңда Ұлттық қор қаражатын пайдалану үш құрылым – Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банк арасында бөлінген. Мұндай жүйе ақпаратты орталықтандырылған түрде талдауға мүмкіндік бермейді, ал есептілік деңгейі жеткілікті ашық емес. Соның салдарынан жобалардың түпкілікті тиімділігін бағалау қиындай түседі.
Жоспарлау сапасының төмендігі де өзекті мәселе ретінде аталды. Кейбір жобалар жер телімі мен жобалау-сметалық құжаттамасы толық дайын болмай тұрып қаржыландырыла бастаған. Соның нәтижесінде жалпы құны 394 млрд теңгені құрайтын 500-ден астам жоба тиімсіз деп танылып, тоқтатылған немесе басқа бағыттарға ауыстырылған. Бұл – мемлекеттік жоспарлау жүйесінде алдын ала талдау мен сараптаудың әлсіз екенін көрсетеді.
Ұлттық қор трансферттері заң бойынша стратегиялық маңызы бар ірі жобаларға бағытталуы тиіс. Алайда комиссия қаражаттың бір бөлігі жергілікті деңгейдегі ұсақ әлеуметтік нысандарға, абаттандыру жұмыстарына жұмсалғанын анықтады. Бұған қоса, аяқталған жобаларға қайта қаржы бөлу немесе артық қаржыландыру фактілері де тіркелген.
Облигациялық қарыздар бағытында да мәселелер бар. Квазимемлекеттік сектор субъектілері жеңілдетілген қаржыны «арзан ресурс» ретінде пайдаланып, жоспарланған экспорттық және өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізбеген. Нәтижесінде қайтарымы төмен жобалар мен негізсіз ұзартылған лизингтік мәмілелер қор қаражатының тиімділігін төмендетіп отыр.
Комиссия тек мәселені атап қана қоймай, нақты талаптар да қойды. Атап айтқанда, мақсатсыз пайдаланылған 64 млрд теңгені қайтару, толық пысықталмаған жобаларды қаржыландыруды тоқтату, қаражаттың қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік беретін жүйе құру, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың бұрынғы қарыздарын мерзімінен бұрын қайтару мәселесін қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар 2023-2024 жылдардағы тексеріс нәтижесінде бірқатар қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Соңғы жылдары бюджет тапшылығын жабу мақсатында Ұлттық қордан қомақты қаражат алынғаны белгілі. Соның салдарынан қорға түсетін кірістен гөрі шығыс көлемі артып, болашақ ұрпақ үшін жинақталған қаржының тұрақтылығына қауіп төнді.
Осы жағдайлар Ұлттық қор қаражатын басқару жүйесін түбегейлі қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Қаржының әр теңгесі нақты экономикалық нәтиже беретіндей тиімді әрі жауапты пайдаланылуы – бүгінгі күннің басты талабы.