Қоғам

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды

Ұлттық банк Ақша-кредит саясаты комитеті 2025 жылғы шілде отырысында базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде жылдық 16,5% мөлшерінде, +/-1 пайыздық дәлізбен сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім елдегі инфляциялық қысымның жалғасуына байланысты қабылданды, деп жазады Ozgeris.info. 

Инфляция баяулағанмен, тәуекелдер жоғары

Ұлттық банктің деректерінше, 2025 жылғы маусымда жылдық инфляция 11,8%-ды құрады. Қызмет көрсету секторы мен азық-түлік бағасындағы өсім негізгі инфляциялық факторлар болып қалып отыр. Реттелетін тарифтердің және нарықтық қызмет бағаларының қымбаттауы қызмет инфляциясын 16,1%-ға дейін көтерсе, азық-түлік инфляциясы да (10,6%) импорттық тауарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауынан айтарлықтай үлес қосты.

Сонымен бірге инфляцияның айлық серпіні 0,8%-ға дейін баяулағанымен, Ұлттық банк өкілдері бұл қысымның толық жойылмағанын атап өтеді.

«Тарифтік реформалар мен тұтынушылық сұраныстың жоғары болуы инфляциялық қысымды қолдап отыр. Сонымен қатар кредиттеудің өсуі мен бюджеттік ынталандыру да маңызды рөл атқарады»,  деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Халықтың инфляциялық күтулері төмендегенмен, тұрақсыз

Ұлттық банк алдағы 12 айға арналған инфляциялық күтулердің төмендегенін растады. Алайда олар әлі де жоғары және құбылмалы. Халық тарапынан сауалнама кезінде белгісіздік сақталып отыр.

«Нарық қатысушыларының болжамдары биыл 10,7%-дан 11%-ға дейін өзгеріп отыр. Бұл инфляцияны тежеу бойынша әрекеттердің нақты әрі дәйекті болуын талап етеді»,  деді бас қаржы реттеушісі.

Белгісіздік сақталып отыр

Негізгі сауда серіктесі Ресейде инфляция біршама бәсеңдеген. Бұл сыртқы инфляциялық қысымның азаюына әсер етті. Дегенмен, әлемдік саудадағы белгісіздік пен геосаяси шиеленіс (әсіресе Таяу Шығыстағы жағдай) мұнай мен шикізат бағасының құбылуына алып келуде.

«Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық біз үшін қосымша тәуекел көзі. Бұл ішкі нарыққа да әсер етуі мүмкін», дейді Ұлттық банк сарапшылары.

2025 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсті. Бұл өсім негізінен көлік, құрылыс және сауда секторлары есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге тұтынушылық кредиттеудің жоғары қарқыны (жылдық өсім 32,4%) инфляциялық тәуекелдерді арттырып отыр.

«Халықтың кредит алу мүмкіндігінің оңай болуы, бөліп төлеудің кең таралуы және маркетингтік белсенділік сұранысты қосымша арттырып отыр», дейді Ұлттық банк.

 

Мөлшерлеме не үшін қажет деңгейде қалдырылды?

Ұлттық банк сарапшылары қазіргі инфляциялық және макроэкономикалық факторларды ескере отырып, базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде сақтау қажетті шешім екенін айтады.

«Ұстамды ақша-кредит саясаты, макропруденциялық шектеулер мен базалық мөлшерлеменің тұрақты деңгейі  инфляцияны бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Егер тәуекелдер арта түссе, мөлшерлемені қайта көтеру мүмкіндігін де қарастырамыз», деді Ұлттық банктен.

 

 

Барлық жаңалық