Қазақстанда балаларға арналған жаңа ұлттық бағдарлама іске қосылады. Президент бастамасымен қолға алынған «Қазақстан балалары» атты бірыңғай жоба әр бала үшін қауіпсіз, қолжетімді және қолайлы орта құруды көздейді. Бұл бастама балабақшадан бастап, қосымша білім, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғауға дейінгі бүкіл салаға қатысты. Жобаға үлкен үміт артылып отыр. Әдеттегідей, уәде көп, ал нәтиже қандай болады? Осыған орай Ozgeris.info тілшісі бағдарлама мазмұны мен оның нақты іске асу мүмкіндігіне шолу жасап, сарапшылар пікірін ұсынады.
Бағдарламаның мақсаты: балаға бағытталған экожүйе
«Қазақстан балалары» бағдарламасы жүйелі әрі кешенді реформа. Оның негізгі мақсаты-баланың өмірі мен әл-ауқатын 0 жастан 18 жасқа дейінгі аралықта жан-жақты қолдау.
Бағдарлама жеті негізгі бағытты қамтиды:
- Отбасы институтын нығайту: Зорлық-зомбылық пен буллингтен ада, ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбие.
- Сапалы білімге қолжетімділік: Қала мен ауыл балалары үшін тең мүмкіндік.
- Сапалы медициналық қызметке қолжетімділік: Ерте диагностика, психологиялық қолдау, дағдарыстық көмек.
- Әлеуметтік қорғау: Қызметтер мен көмектерге тең қолжетімділік.
- Қауіпсіздік және киберқауіпсіздік: Онлайн ортада қорғанысты қамтамасыз ету.
- Қосымша білім беру, спорт және шығармашылық: Әр бала үйірмелерге қатыса алуы тиіс.
- Баланың әлеуметтік институттарға қатысуы: Бала дауысының естілуі.
«Бұл тек шаралар жиынтығы емес, барлық қызметті үйлестіретін жүйелі реформа. Әр сала бір-бірімен байланысып жұмыс істеуі тиіс»,-дейді «Өркен» балалардың әл-ауқаты бойынша ғылыми-практикалық институтының өкілі Гүлнар Әбішева.
Бала үні маңызды: кең көлемді сауалнама нәтижелері
Бағдарлама аясында 20 өңірде 100 мыңнан астам адам қатысқан үлкен сауалнама жүргізілген. Оның ішінде 53 мыңнан астам бала анонимді түрде анкета толтырған.
Бұл сауалнама арқылы балалар құқықтары мен құндылықтар туралы хабардарлық деңгейін көрсетті. Сондай-ақ буллинг пен зорлық-зомбылық фактілері анықталып, пікір айтуға мүмкіндік алды.
47 мың ата-ана да сауалнамаға қатысып, отбасы институтын нығайтатын бірыңғай бағдарламаның қажеттілігін атады. Нәтижесінде өңірлік индикативтік карта жасалды.
«Президент ұлттық құндылықтарға сүйенуді баса айтты. Біз халықаралық құжаттарды көшірмей, ұлттық мазмұндағы бағдарлама жасауымыз қажет»,-дейді сарапшылар.
Инклюзия мен тең мүмкіндік
Бағдарлама барлық баланы қамтуға бағытталған. Яғни, қала, ауыл, жынысы, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарамастан. Ерекше қажеттілігі бар балалар, анасының жанында жазасын өтеуші балалар, шетелде уақытша тұрып жатқан балалар мен қандастардың барлығы тең құқыққа ие болуы керек.
«Біз шығармашылық пен спортқа қатыса алмайтын балалармен сауалнама жүргіздік. Негізгі мәселе-инклюзия. Бала қанша жасқа дейін білім алып, кейін қалай әлеуметтеніп, жұмыспен қамтылуы керек, осы сауалдарға жауап іздедік», – дейді зерттеушілер.
Мәселен, кедей отбасылардың 90%-ы-көпбалалы. Балалар 15 шаршы метрлік бөлмеде, жалдамалы пәтерде өсіп жатыр. Бұл даму теңсіздігін туындатады.
Кадр тапшылығы мен инфрақұрылым
Мамандардың айтуынша, жүйені іске асырудағы ең үлкен мәселе мамандар тапшылығы. Психологтар, логопедтер, әлеуметтік қызметкерлер жетіспейді. Олардың жалақысы өте төмен.
«Кейбір өңірлерде 1 маман 15–20 мың балаға қызмет етеді. Бұл үлкен жүктеме. Қазіргі кадрлар дайын емес, мамандарды даярлау мен қайта даярлау қажет»,-дейді білім саласының сарапшысы Гүлмира Құрғанбаева.
Сондай-ақ, өңірлік фокус-топтар арқылы анықталған алты негізгі мәселе:
1. Қорғаншы және қамқоршы органдары қызметкерлерінің мәртебесі;
2. Ведомствоаралық үйлестірудің әлсіздігі;
3. Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі;
4. Кадрлық даярлық пен қайта оқыту;
5. Қаржыландыру тапшылығы;
6. Әдістемелік қамтамасыз етудің жоқтығы.
«Әлемде әлеуметтік қызметкерлердің әрекетін нақты реттейтін нұсқаулықтар бар. Қазақстанда да мұндай әдістемелер бекітілуі тиіс»,-дейді сарапшылар.
Цифрлық бақылау және «бір терезе» жүйесі
Бағдарламаның табысты болуы үшін біртұтас цифрлық бақылау платформасы құрылады. Бұл жүйе барлық көрсеткіштерді бақылауға, ата-аналармен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Ата-аналардың жиі қоятын сұрақтары: «Ауылда да үйірмелер ашыла ма?», «Психологтар бола ма?», «Яслилер қарастырылған ба?».
Иә, сарапшылардың айтуынша, ауылдық жерде кемінде бір спорттық немесе шығармашылық үйірме болуы тиіс.
Сонымен қатар, шағын жинақты мектептерге бейне сабақтар арқылы қолжетімділік артады. Шетелдегі қандастардың балалары да бұл бағдарламамен қамтылады.
«2025 жылы біз 15–30 жыл бұрынғы нормалармен өмір сүре алмаймыз. Баланы қорғау жүйесін жаңарту біздің ортақ міндетіміз»,- деді Гүлнар Әбішева.
Үкімет әр балаға тең мүмкіндік беру бағдарламаның басты мақсаты екенін алға тартады. Алайда, шынайы нәтиже сараптама мен нақты дайындыққа байланысты болмақ.
Бағдарлама бірден енгізілмейді. Алдымен пилоттық кезең, аймақтық апробация және талдау жұмыстары жүргізіледі.
«Бағдарламаны желтоқсан-қаңтарда қабылдайтын болсақ, біз оның іске асуына дайын болуымыз керек. Қазір дайын емеспіз. Бірақ егер терең сараптама мен кадрлық жұмылдыру болса бұл жүйе жұмыс істейді»,-дейді сарапшы Гүлмира Құрғанбаева.
Жаңа бағдарлама бала тағдырына бейжай қарамайтын қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Уәде көп, алайда нәтиже атқарылған нақты іспен ғана өлшенбек. Уақыт көрсетеді.