Маусым айында отандастарымыз шетел валютасын бұрынғыдай көп сатып алмаған. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, халық долларды небәрі 109,4 млрд теңгеге алған. Бұл бір ай бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 1,5 есе аз. Мамырда бұл сома 161,5 млрд теңге болған еді. Яғни, бір ай ішінде сұраныс 32%-ға құлдырап отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Ең үлкен өзгеріс еуроға қатысты болды. Мамырда қазақстандықтар 13,8 млрд теңгеге еуро сатып алса, маусымда бұл көрсеткіш күрт азайып, 1,1 млрд теңгеге дейін түсіп қалған. 12 есе қысқарды деген сөз.
Долларға деген сұраныс әдеттегідей Алматы мен Шымкент қалаларында көбірек байқалған. Бірақ соған қарамастан, жалпы көлем едәуір азайғаны көрініп тұр.
Сонымен қатар маусымда айырбастау орындары халықтан 40,5 млрд теңгеге рубль сатып алған. Бұл кейінгі бірнеше жылдағы рекордтық көрсеткіш. Оның ішінде тек Алматының өзінде 35,7 млрд теңгеге рубль өткізілген. Мамырмен салыстырғанда да өсім бар: ол кезде халық 35,7 млрд теңгеге рубль тапсырған еді.
Ұлттық банк бұл үрдіс былтырғы жылдың соңынан бері жалғасып келе жатқанын айтады.
Айтпақшы, 25 шілдеде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) доллар бағамы 545,07 теңге болды. Бұл да девальвациялық көңіл-күйдің тұрақты екенін көрсетеді. Бірақ соған қарамастан, халықтың шетел валютасына деген қызығушылығы азайып келеді.