МАҢЫЗДЫ

Ту құлаған сәт: Ел рәміздері мен символдық тарих

Ту құлаған сәт: Ел рәміздері мен символдық тарих

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні.  Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Ozgeris.info тілшісі Қазақстан рәміздері мен олардың тарихи және психологиялық мәніне шолу жасап көрді.

Тарих тағылымдары

Қазақстан мемлекеттігінің басты нышандарының эталондары қазір республиканың тұңғыш президентінің мұражайында сақталып тұр.

Керей мен Жәнібек хандар бастаған, Абылай хан аңсаған, Исатай Тайманұлы тырысып, Әлихан Бөкейханов көксеген тәуелсіздігімізге қазақ елі жетіп, ең соңғы егемендігімізді білдіретін рәміздеріміз 1992 жылы бекітілді. Дәл сол жылы алдымен мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобы құрылды. Арнайы шығармашылық комиссия да жасақталды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері енді. Одан кейін Елтаңба, Ту, Әнұран дайындау бойынша байқау жарияланды. Конкурсқа 600-ден астам адам қатысты.

Мысалы мемлекеттік Ту эскизі бойынша 1200 өтінім түскен. Олардың арасында шетел азаматтары да болған. Соның ішінде Шәкен Ниязбековтың нұсқасы бекітілді. Ол еліміздің көк байрағын жасау үшін жарты жыл еңбек еткен. Алайда туымыз бірден қазіргідей бола қойған жоқ. Бастапқыда туда қызыл түс қолданылды. Кейін оның орнын алтын түс алмастырды. Ол өзінің жобасы жайлы былай деген:

«Ең алдымен, әлемдегі туларды зерделедім. Өйткені қайталанбас өзіндік нұсқа қажет болды. Басқа үміткерлер туларын үш түсті, қызыл, сары, тіпті қоңыр қылса да, мен көгілдір түске тоқтадым, өйткені көпұлтты халық мекендейтін Қазақстан аспаны бөлінбейді», - дейді Шәкен Ниязбеков.

1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев бірінші рет қазақтың туын ғарышқа апарды. Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің сапары кезінде қазақтың туы жерді 150 рет айналып ұшты.

2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарауды тапсырды. Осыдан туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарында, оның ішінде балкондар мен салтанатты іс-шаралар өткізетін орындарда ілуге рұқсат берілді. Бірақ ол ұлттық стандарттарға сай болуы керек. 2023 жылы жастар арасында танымал әншілердің концертінде болған келеңсіз жағдайдан соң, Тоқаев туды пайдалану ережелерін қайта қарауды тапсырды.

Мемлекеттік Әнұран еліміздің басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында гимн екі рет бекітілді. Оның алғашқысында әнұранның 750 нұсқасы қаралды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнің музыкалық редакциясын сақтау бойынша шешім қабылданды. Осылайша, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамидидің музыкасы қалды. Ал үздік мәтінге жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты. Сөйтіп 1992 жылдың 11 желтоқсанында байқаудан соң еліміздің алғашы әнұраны бекітілді.

Алайда қоғам белсенділері қабылданған әнұранның мәтінін жаттауға тым қиын екенін айтқан. Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде 2000 жылы қызу талқыға түсіп, өзгерту туралы шешім қабылданды. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдылығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдалып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Сол кездегі ел президенті Назарбаев мәтінге заманға сай бірнеше өзгерістер енгізіп, авторлардың қатарына қосыла кетті.

Қазақстан парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында мемлекеттік рәміздер туралы жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа әнұранын бекітті. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда тұңғыш президенттің салтанатты ұлықтау рәсімінде шырқалды. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздердің соңғысы болып Елтаңба таңдалды. Конкурсқа Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндемесі ұсынылған. Комиссия барлық үлгілерді жіті қарап шығып, соның ішінен сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың еңбегі үздік деп танылды. Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаның 50 сантиметр диаметрінде жасалған үлгісін Ташкенттен Алматыға алып келген. Пойыз бен ұшаққа сыймағандықтан, Шымкенттен әрі қарай көлікпен алып келуге тура келген.

«Елтаңбада қазақ халқының ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан басталатын мың жылдан асатын тарихы мен мәдениетін көрсету керек деп ойладым. Менің санамда күнделікті тұрмыста жиі қолданатын «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілектер жаңғырды. Киіз үй, отбасы дегенді қадірлеген дала дүниетанымы әлемдік санамен ұштасқандай көрінді. «От -ошақ – Отан» деген сұлу сөздердің үйлесімі де жаңғырды. Отбасыдан басталған ыстық сезім – туған жерге, Отанға, тарихқа, дәстүрге табан тіреуі керек», - Жандарбек Мәлібекұлы «Қазақстан Елтаңбасы» кітабынан үзінді.

2018 жылы «Елтаңба» жазуы «Қазақстан» деп латынша өзгертілді. Елтаңба бейнесі Қазақстан азаматының туу туралы куәлігінен бастап зейнетақы кітапшасына дейінгі кез келген құжатта болады.

1991 жылы Тәуелсіздік алмай тұрып жерлесіміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ол көк жүзіне бір төсбелгісін тағып ұшты. Тәуелсіз Қазақстанның Елтаңбасына сол төсбелгіні үлгі етіп алды. Елтаңба осы жылдар ішінде 3 рет өзгерген.

Ту құлаған сәт

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ант қабылдау рәсімі кезінде орын алған ерекше оқиға туралы мәліметтер бар.

1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» Заң қабылдады. Дәл осы күні Қазақстан Президенті болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаевтың инаугурация рәсімі өтті. Президент сайлауында ол 98,8% дауыс жинаған болатын.

Салтанатты шара сол кездегі астана – Алматы қаласындағы Республика сарайында өтті. Рәсім барысында Президентке шапан жабылып, белгілі қазақ ақыны Шәкір Әбенов Нұрсұлтан Назарбаевқа бата берді. Ант беру рәсімінен кейін зеңбіректерден салют атылып, құрбандық шалынды.

Жазушы Болат Бодаубай өзінің «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты кітабында бұл оқиғаға тікелей қатысқан қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтің естелігін келтіреді:

«Инаугурация рәсімі аяқталып келе жатқан. Барлығы жоспар бойынша өтіп жатты. Бірақ күлкілі де ерекше бір сәт болды, ол әлі есімде, денем түршігіп кетеді. Сахнада тұрған Мемлекеттік Ту кенеттен құлай бастады. Бірақ Мемлекет басшысы оны бір қолымен қағып үлгерді. Ту оның артында тұрғанына қарамастан, оны қалай байқап қалғанына әлі күнге дейін таңғаламын. Бұл оқиғада бір символдық мағына бар сияқты. Ел тізгінін ұстаған адам құлағалы тұрған мемлекеттің туын қайта көтеріп үлгерді. Шынымды айтсам, сол оқиғадан кейін ол бұл жайлы бір ауыз реніш айтқан жоқ, айтса да болар еді. Кейін анықталғандай, сахнадағы перделер жабылғанда пайда болған ауа толқыны тудың тұғырын шайқап, оның құлауына себеп болған екен», – дейді Мырзатай Жолдасбеков.

Кейінірек анықталғандай, сахнадағы перделердің жабылуы кезінде пайда болған ауа ағыны тудың тұғырын шайқап, оның құлауына себеп болған. Назарбаев бұл оқиғаға байланысты ешқандай наразылық білдірмеген.

Бұл оқиға көпшілік арасында символдық мәнге ие болып, елдің тәуелсіздігін сақтау мен нығайту жолындағы Назарбаевтың рөлін бейнелейтін сәт ретінде есте қалды. Кейбір сарапшылар бұл сәтті "жақсылықтың белгісі" десе, енді бірі "бұл болашақтағы сынақтың белгісі еді" деп түсіндіреді. Сол сәт бейнежазбада қалғанымен, ресми түрде ешқашан кеңінен талданбаған. Қазір аталмыш оқиғаның бейнебаянын табу қиын, өшірілген немесе тіпті қалмаған. 

Айта кетейік, 2017 жылы Мырзатай Жолдасбеков туралы қос томдық роман оқырман қауымға жол тартқан еді. «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты қос томдық – ел ағасы Мырзатай Жолдасбековке арналған. Автор кітабын сексеннің сеңгіріне көтерілген қабырғалы қайраткерге тартуым болсын, - дейді. Сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық романда Мырзатай Жолдасбековтың ұлт мұраты жолындағы күреске және ғибратқа толы өмірі баяндалады. Қазақ әдебиеті тарихына қосқан мол мұрасы, Алаш арыстары мен ақын-жазушыларды халықпен қайта қауыштыруға, ана тілінің мәртебесін көтеруге сіңірген ерен еңбегі ескерілген. Сондай-ақ, оның Наурыз мейрамының ұлттық рухани сипат алуына және биліктегі биік белестері кеңінен көркем тілмен кескінделген. Ол замандас болған заңғар тұлғалар туралы да қамтылды. Белгілі жазушы Болат Бодаубай бұған бес жылын арнапты. Кітап 5 мың тараумен жарық көрді.  

 

 

 

Барлық жаңалық