Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір АҚШ-та. Ол «АҚШ + Орталық Азия» форматындағы кездесуге қатысып жатыр. Бұл сапардың уақыты мен жағдайы да күрделі. Әлемдегі геосаяси ахуал шиеленісіп тұр. Сол себепті бұл сапардан жұрт үлкен үміт күтіп отыр, бірақ сұрақ та аз емес.
Finmentor.kz телеграм-каналының авторы, экономист Арман Батаевтың айтуынша, бұған дейін былтырғы қыркүйекте өткен Тоқаевтың Вашингтон сапары елде түрлі пікір туғызған. Ол сапардан кейін Мемлекет басшысының айналасында бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Ал сол кездегі басты нәтиже – АҚШ-тың Қазақстанға емес, Қазақстанның Америка экономикасына инвестиция салуы еді.
«Биыл ондай сценарий қайталанбауы үшін дайындық мұқият жүргізілді. АҚШ-қа Тоқаевтың алдында вице-премьер Серік Жұманғарин мен Алматы әкімі Ерболат Досаев барып, америкалық әріптестеріне қазақстандық ұлттық компаниялардың облигациялары мен акцияларын Нью-Йорк қор биржасында (NYSE) орналастыру идеясын таныстырды. Бұл қадамның астарында түсінікті мақсат бар. Егер АҚШ-пен бірлескен ірі жобаларды іске асыруға әзірге геосаяси жағдай мүмкіндік бермесе, онда қор нарығы арқылы байланыс орнату – қолайлы шешім. Қазір Ресейге қарсы санкциялық қысым күшейіп барады. Бұл тек жаңа жобаларға емес, бұрыннан бар ынтымақтастыққа да кедергі келтіріп отыр. Осы тұста Қытай Қазақстандағы ресурстық базада, әсіресе стратегиялық металдар саласында өз орнын күшейтуде», дейді экономист.
Кейінгі уақытта Қытай капиталы қатысқан бірнеше ірі келісімшарт жұрт назарына ілікті. Мысалы, Түркістан облысындағы «Заречное» уран кеніші, Жетісудағы «Богуты» вольфрам кені, Ақмоладағы «Райгородок» алтын кені, Қызылордадағы «Балаусаскандық» ванадий кені – бәрінде қытайлықтар белсенді. Тіпті Қарағандыдағы «Жоғарғы Қайрақты» мен «Солтүстік Қатпар» вольфрам кеніштерін игеру ісінде америкалық және қытайлық инвесторлардың бәсекесі жүріп жатыр. Дегенмен, АҚШ Қазақстанға дәл қазір ірі инвестициямен келеді деп сену – шамадан тыс оптимизм. Географиялық тұрғыдан да, саяси жағынан да біз әлі америкалық капиталдан тым алыспыз. Ал Қытай мен Ресейдің ықпалы бізге тым жақын.
«Қазіргі шынайы нұсқа – портфельдік инвестициялар. Яғни, америкалық қорлар Қазақстанда жұмыс істеп тұрған компаниялардың акциясын сатып алып, олардың өтімділігін арттыруы мүмкін. Бірақ ол үшін Қазақстан ішкі нарықта бірқатар өзгеріс жасауы керек. Ұлттық компаниялардың еркін айналымдағы акция үлесін көбейту, корпоративтік басқаруды ашық ету, биржа инфрақұрылымына сенім орнату – осының бәрі маңызды. Бұл жолы мәселе жаңа келісімдерде емес. Ең маңыздысы, Қазақстанның жаһандық капитал үшін сенімді серіктес, инвестиция үшін жаңа мүмкіндік екенін дәлелдеу. Біз Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан елміз, бірақ өз бағытымызды айқындап, дербес стратегия көрсете алсақ, сол ең үлкен жетістік», деді сарапшы А. Батаев.
Демек, Тоқаев Вашингтоннан келісімшарттар қоржынын емес, сенім мен жаңа көзқарас әкелсе – сапардың ең үлкен табысы сол болмақ.