Қазақстанда Ұлттық қордың рөліне қатысты жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін ел үшін стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау бастамасы ұлттық байлықты сақтаумен қатар, оны экономиканың ұзақ мерзімді дамуына жұмыс істейтін нақты активтерге айналдыруға мүмкіндік береді, деп жазады Ozgeris.info.
Ұлттық қор бүгінде Қазақстанның негізгі қаржылық резервтерінің бірі саналады. Ол шикізат секторынан түсетін кірістердің бір бөлігін жинақтап, болашақ ұрпақ үшін активтерді сақтауға және мемлекеттік бюджетті сыртқы экономикалық күйзелістерден қорғауға қызмет етеді. 2026 жылдың ортасына қарай қордың шетел валютасындағы активтері 65,5 млрд долларға жетті.
Алайда болашақ ұрпаққа қалатын ұлттық байлықты тек қаржылық есепшоттағы қаражат көлемімен бағалау жеткіліксіз. Ел азаматтары үшін мектептер мен ауруханалардың сапасы, коммуналдық желілердің жағдайы, жол, энергетика және басқа да базалық инфрақұрылымның дамуы да маңызды.
Осы тұрғыдан алғанда Президент ұсынған Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау тәсілі жинақталған қаржыны елдің нақты капиталына айналдыруға мүмкіндік береді.
Ұлттық қордан инфрақұрылымға миллиардтаған доллар бағытталмақ
Алдағы жылдары Ұлттық қор активтерінің бір бөлігін жалпыұлттық маңызы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалану жоспарланып отыр. 2027 жылы осы мақсатқа 4 млрд доллардан астам, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 3 млрд доллардан астам қаражат қарастырылған.
Мұндай тәсілдің ерекшелігі – Ұлттық қор қаражаты ағымдағы тұтынуға емес, ондаған жыл бойы ел игілігіне қызмет ететін активтерді қалыптастыруға жұмсалады.
Мәселен, бюджеттен ағымдағы шығындарға бөлінген қаражат белгілі бір кезеңде жұмсалып бітеді. Ал салынған мектеп, аурухана, жол, электр энергетикасы немесе жаңартылған коммуналдық желілер ел экономикасында қалып, ұзақ мерзім бойы халыққа қызмет көрсетеді.
Осылайша қаржылық капитал физикалық және адами капиталға айналады.
Инфрақұрылымдық инвестициялардың экономикалық әсері құрылыс кезеңінің өзінде байқалады. Ірі жобалар құрылыс материалдарына, жабдықтарға, көлік, жобалау және монтаждау қызметтеріне сұранысты арттырады. Бұл отандық кәсіпорындардың тапсырыс алуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ел ішінде қосымша құн қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін оның ұзақ мерзімді әсері басталады. Коммуналдық желілерді жаңарту апаттардың санын және жөндеу шығындарын азайтуға, жаңа жолдар өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге, ал энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жаңа өндірістерді іске қосуға мүмкіндік береді.
Ұлттық байлық тек қаржы резервімен өлшенбейді
Халықаралық тәжірибе де егеменді қорлардың тек қаржы жинақтау құралы ретінде пайдаланылмайтынын көрсетеді.
Мәселен, Норвегия қор қаражатын пайдалануды оның ұзақ мерзімді кірістілігімен байланыстыратын қатаң фискалдық тәртіпті ұстанады. Чили экономикалық дағдарыстар кезінде өзінің Экономикалық және әлеуметтік тұрақтандыру қорының ресурстарын пайдаланып келеді.
Ал Кувейт ұлттық байлықтың бір бөлігін болашақ ұрпақ үшін сақтай отырып, екінші бөлігін энергетика, өнеркәсіп, көлік, логистика, денсаулық сақтау және инфрақұрылым секілді экономиканың әлеуетін арттыратын бағыттарға инвестициялайды.
Қазақстанға экономикалық құрылымы жағынан жақын Әзербайжан да Мемлекеттік мұнай қорының ресурстарын Баку–Тбилиси–Карс теміржолы, сумен жабдықтау жүйелері және ірі мұнай-газ инфрақұрылымы секілді стратегиялық жобаларды қаржыландыруға пайдаланған.
Яғни халықаралық тәжірибеде егеменді байлықты басқару «жинау немесе жұмсау» деген екі таңдаумен ғана шектелмейді. Негізгі мәселе – жинақталған капиталдың мемлекетке ұзақ мерзімде қандай пайда әкелетіні.
Ұлттық қор бұған дейін де ел экономикасын қолдады
Қазақстан үшін Ұлттық қор ресурстарын стратегиялық міндеттерге пайдалану жаңа тәжірибе емес.
2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығына, шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіп секторын қолдауға шамамен 10 млрд доллар бағытталды. 2015-2017 жылдары тағы 9 млрд доллар пайдаланылды.
2020-2021 жылдардағы пандемия кезінде де Ұлттық қордан бөлінген қаражат экономикалық тұрақтылықты сақтауға және халықты қолдауға мүмкіндік берді.
Егер бұған дейін қор негізінен сыртқы экономикалық күйзелістердің салдарын жеңілдетуге пайдаланылса, ендігі міндет – елдің болашақ дамуына кедергі келтіретін инфрақұрылымдық проблемаларды алдын ала шешу.
Бұл Ұлттық қордың рөлін кеңейтеді. Яғни қолайлы кезеңдерде жинақталған қаражат дағдарыс басталғаннан кейін ғана емес, экономиканың тұрақтылығы мен әлеуетін алдын ала күшейтетін активтерді қалыптастыруға да жұмыс істей алады.
Болашақ ұрпаққа ақша ғана емес, дамыған ел қалуы керек
Қазақстанда Ұлттық қор қаражатын болашақ ұрпақтың игілігіне пайдалану тетіктері қазірдің өзінде жұмыс істейді. 2024 жылдан бері «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның аясында әр балаға Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігі есептеліп, 18 жасқа толғаннан кейін жинақты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мүмкіндігі берілген.
Ендігі жерде ұлттық байлықтың тағы бір бөлігі болашақ ұрпақ пайдаланатын жолдар, мектептер, ауруханалар, энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылым түрінде қалыптасуы мүмкін.
Бұл ретте басты мәселе Ұлттық қордан қанша қаражат алынатынында ғана емес, сол ақшаға қандай активтер құрылатынында болмақ.
Егер қордағы қаржылық активтер өнімділікті арттыратын, бизнестің шығынын төмендететін, халықтың өмір сапасын жақсартатын және жаңа жеке инвестицияларға жол ашатын инфрақұрылымға айналса, ұлттық байлық жоғалмайды. Керісінше, оның формасы өзгереді.
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген Ұлттық қор қаражатын стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау бастамасының түпкі мәні де осында. Болашақ ұрпаққа қордағы қаржыны ғана емес, сапалы жолы, тұрақты энергетикасы, жаңартылған коммуналдық жүйелері, заманауи мектептері мен ауруханалары бар дамыған экономиканы қалдыру – ұлттық байлықты сақтаудың тағы бір жолы.