Қазақстанда жыл басынан бері Электронды еңбек биржасында 845 мың бос жұмыс орны жарияланған. Соған қарамастан, ұсынылған вакансиялардың 30–40%-ы әлі де толмай отыр. Кейбір мамандықтар бойынша жұмыс берушілер 1,5 млн теңгеге дейін жалақы ұсынуда, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде жұмыс орындары жеткілікті екенін айтып, бұл мәселені халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігіне назар аударды.
«Біз жұмысты тоқтатпау үшін шетелден мыңдаған маман тартуға мәжбүрміз. Мұны халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Қоғамда елімізде жұмыс жоқ деген түсінік қалыптаспауы керек. Еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
432 мың жұмысшы маман қажет
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, жыл басынан бері жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасына 845 мың вакансия орналастырған. Соның 432 мыңы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.
Министрдің айтуынша, азаматтардың 60–70%-ы жұмысты Электронды еңбек биржасы арқылы табады. Алайда жарияланған бос жұмыс орындарының 30–40%-ы сұраныссыз қалып отыр. Кадр тапшылығын жабу үшін жұмыс берушілер шетелден маман тартуға мәжбүр. Жыл сайын Қазақстанға жұмыс істеу мақсатымен 300 мыңға жуық шетел азаматы келеді.
«Жалпы, бұл мәселе бойынша біз әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мансап орталықтарының жұмысы өзгеруде. Қазір қосымша цифрлық жүйені енгізіп жатырмыз», — деді Асқарбек Ертаев.
Құрылыс пен техникалық салада 1,5 млн теңгеге дейін төлейді
Enbek.kz сайтында жарияланған вакансияларды талдау еңбек нарығында жұмысшы және техникалық мамандарға сұраныс жоғары екенін көрсетті.
Мәселен, біліктілікті талап етпейтін құрылыс жұмыстарына жекелеген жұмыс берушілер шамамен 350 мың теңге ұсынады. Ал тәжірибесі мен тиісті біліктілігі бар мамандардың айлығы 1,5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Инженерлерге ұсынылатын жалақы 400 мың теңгеге дейін барады. Техникалық қызмет көрсету саласын меңгерген мамандар бұдан екі есе көп табыс таба алады. Слесарь-электрмонтажшыларға арналған кейбір вакансияларда 1,5 млн теңгеге дейін жалақы көрсетілген.
Тас қалаушыларға ұсынылатын ең төменгі айлық 101 мың теңгеден басталады. Мұндай жұмысқа тәжірибесі жоқ азаматтарды да қабылдауға дайын. Ал кемінде бір жылдық еңбек өтілі бар мамандарға 600 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынылады.
Мұғалімдер мен медицина мамандарына да сұраныс бар
Еңбек нарығында педагогтер мен медицина қызметкерлеріне деген қажеттілік те сақталып отыр. Математика пәнінің мұғалімдеріне 460 мың теңгеден басталатын, ал орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне 600 мың теңгеге дейінгі жалақы ұсынылған.
Жекелеген медициналық ұйымдар бейіні мен міндетіне қарай мейіргерлерге 1 млн теңгеден жоғары айлық төлеуге дайын. Санитарларға ұсынылатын жалақы 350 мың теңгеге дейін жетеді.
Автобус жүргізушілеріне айына 400–800 мың теңге, тігіншілерге 500 мың теңгеге дейін төлеу қарастырылған. Қауіпсіздік қызметінің мамандарына 400 мың теңгеден басталатын жалақы ұсынылса, күзетшілер 600 мың теңгеге, қойма меңгерушілері мен сауда өкілдері 700 мың теңгеге дейін табыс таба алады. Бухгалтерлерге арналған кейбір ұсыныстарда айлық 800 мың теңгеге дейін көрсетілген.
Аспаздар мен автомеханиктердің жалақысы тәжірибесі мен кәсіби дағдысына қарай 85 мың теңгеден басталып, 1 млн теңгеден асуы мүмкін. Ал қарауылдарға 350 мың теңгеге дейін айлық ұсынылады.
Тәжірибесі жоқ азаматтарға да мүмкіндік бар
Электронды еңбек биржасындағы хабарландырулар арасында еңбек өтілі, кәсіби немесе жоғары білімі жоқ азаматтарға арналған жұмыс орындары да бар. Кейбір жұмыс берушілер үміткерді жұмыс барысында оқытып, тәжірибе жинауына мүмкіндік беруге дайын екенін көрсеткен.
Бұл ретте аталған жалақы мөлшері жалпы нарықтағы орташа көрсеткіш емес, Enbek.kz сайтындағы жекелеген хабарландыруларда ұсынылған сомалар екенін ескерген жөн. Нақты айлық өңірге, кәсіпорынға, жұмыс кестесіне, міндет көлеміне, тәжірибе мен біліктілікке байланысты белгіленеді.
Еңбек биржасындағы мәліметтер елде жұмысшы, техникалық және әлеуметтік сала мамандарына сұраныс бар екенін көрсетеді. Оның ішінде еңбек өтілі мен арнайы білімі жоқ азаматтарға да жұмыс табуға мүмкіндік қарастырылған.