📰 Сарапшылар пікірі

Теңгерімді бюджет: 2026 жылы экономиканы не күтіп тұр?

2026 жылғы республикалық бюджет туралы әңгіме қозғалған сәттен бастап, сарапшылар мен шенеуніктер «теңгерімді бюджет» деген анықтаманы жиі қолдана бастады. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл жай ғана әдемі сөз емес, кейінгі 5 жылдағы қаржы саясатының елеулі жетістігін сипаттайтын нақты белгі, деп жазады Ozgeris.info.

«Біз бұған дейін табыс пен шығыстың арасындағы теңгерімді сақтай алмай келдік. Бюджет кірісі көбіне жоспардан аз түсіп отырды, ал шығын көлемі жыл сайын еселеп өсті. Бұл – классикалық дисбаланс. Ал енді тұңғыш рет кіріс өсімі шығыстан кем болмай тұр. Мұны аз жетістік деуге болмайды», дейді экономист.

Ресми есептерге сүйенсек, 2025 жылы мемлекеттік шығыс 25,2 трлн теңге болса, 2026 жылы ол 27,8 трлн теңгеге жетеді. Демек 2,6 трлн теңгеге өскен. Ал салықтық кіріс осы жылы 15,2 трлн теңге болса, келер жылы 19,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Мұндай серпіліс ең алдымен жаңа Салық кодексінің әсеріне байланысты. Олжаевтың айтуынша, ҚҚС (қосылған құн салығы) бойынша өзгерістер мен жаңа әкімшілендіру әдістері бюджетке қосымша 4 трлн теңге түсіруге мүмкіндік береді.

«Бұл – бұрынғыдай Ұлттық қорға алақан жаймай, өз күшімізбен табыс табуға алғашқы нақты мүмкіндік. Кіріс өсімі шығыстан жоғары болуы ұзақ күткен тепе-теңдіктің белгісі. Осыған дейін біз шығынды жауып отыру үшін қордың есебінен өмір сүріп келдік. Ал енді алғаш рет қордан аз аламыз, бұл дұрыс бағыт», дейді сарапшы.

Шынында, келесі жылғы бюджет кірісі 23,1 трлн теңге болады деп болжанып отыр. Оның ішінде Ұлттық қордан бөлінетін трансферт 2,8 трлн теңгемен шектелмек. Бұл – соңғы он жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұрынғыдай 5-6 трлн теңге алу әдетінен арылу – экономикалық саясаттың жаңа кезеңі. Ұлттық қордың инвестициялық табысы бұл соманы өздігінен жаба алады. Ал мұнай табысы қордың ішінде қалып, активтер көлемін 63-64 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Экономист Айбар Олжаев бұл өзгерісті оң бағалап отыр:

 «Мемлекет өзіне қаржы тәртібін қайта орнатып жатыр. Ұлттық қордың қаражаты келер ұрпақтың резерві. Сол себепті, оны ағымдағы шығынға жұмсамау – ең дұрыс шешім. Егер осы бағыт сақталса, бір-екі жылда қарыз көлемін де айтарлықтай қысқартуға болады. Болжам бойынша, 2026 жылы бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге болады. Бұл ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызына тең. Көрсеткіш айтарлықтай жоғары емес, бірақ оны екі есеге қысқарту жоспары бар. Бұл мақсатқа жету үшін үкіметтік қарызды азайтуға басымдық берілмек. Мәселен, тапшылықтың 2,8 трлн теңгесі Ұлттық қор есебінен жабылады. Ал қалған 1,8 трлн теңге ішкі нарықтан облигация шығару арқылы қаржыландырылады. Қазіргі таңда мемлекеттік қарыз 33,5 трлн теңгеге жеткен. Бұл ІЖӨ-нің 22,5 пайызы. Оның ішінде 24,8 трлн теңгесі – теңгемен алынған ішкі қарыз. 2025 жылы осы қарызды өтеуге 3,5 трлн теңге жұмсалады».

Осы тұрғыда экономист тағы бір маңызды жайтты атап өтті. Егер салық түсімі тұрақты өсіп, ал шығындарды шамадан тыс көбейтпесек, бюджет тапшылығы азаяды. Сол кезде біз Ұлттық қордың 2,8 трлн теңгелік трансфертімен-ақ тапшылықты жаба аламыз. Бұл үкіметтің қарыз алу қажеттілігін төмендетіп, мемлекеттік борышты қысқартуға жол ашады. Демек 2026 жылғы бюджет елге белгілі бір үміт пен сенім сыйлап отыр. Еуропалық нарықта Қазақстанның еурооблигацияларын 4,412 пайыз кірістілікпен орналастыру елдің қаржы жүйесіне деген сенімді нығайтты.

«Инвесторлар үшін жақсы белгі. Бұл көрсеткіш – біздің тәуекел деңгейіміз төмен, ал экономикамыздың тұрақтылығы жоғары дегенді білдіреді. Егер осы бағыттағы тәртіп сақталса, 2026 жыл бюджет тұрақтылығының жаңа кезеңі болмақ», дейді Айбар Олжаев.

Барлық жаңалық