Жаңалықтар

Тежегіш пен газды қатар басқан Үкімет қайда барады?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет кеңесі биылғы экономикалық саясаттың негізгі көлеңкелеріне күн түсірді. Енді әкімшілік шешімдер, мораторийлер мен жеңілдетілген несиелер – бәрі бір мезгілде іске қосылғалы жатыр.  Мұның бәрі дағдарыстың алдын алу-мыс. Бір жағынан мемлекет баға мен тарифтерді ұстап тұруға тырысып отыр, екінші жағынан бюджеттен триллиондап қаржы бөліп, нарыққа қайта ақша құйып жатыр. Бұл тепе-теңдік пе, әлде өз-өзін жоққа шығаратын саясат па, деп сараптайды Ozgeris.info



Бағаны тежедік дегенмен, мәселе
шешілмейді

Бір ай бұрын қазақстандықтар бензин құнын көріп, көлік жүргізгеніне жабыққан-тұғын. АИ-92 қазір халық үшін тек отын емес, күнделікті күйзеліс көзіне айналды. Такси жүргізушілері рейстерін қысқартты, кейбіреулер темір тұлпарын айлап қаңтарып қойды. Осындай жағдайда Үкімет 16 қазаннан бастап жанармай бағасын өсіруге ресми тыйым салды. Қағаз жүзінде бұл «әлеуметтік тұрақтылықты сақтау» қадамы. Ал іс жүзінде – экономикалық тығырықтың уақытша үстінен сүртіп өту ғана.

 

Энергетика вице-министрі бұл шешімді Президенттің тапсырмасымен байланыстырды:

 

«Бүгіннен бастап АИ-92 мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізілді. Біз үшін ең бастысы – халықтың тұрмыстық жағдайын жеңілдету. Энергетика министрлігі Бәсекелестікті қорғау агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп шешімнің нақты орындалуын қатаң бақылайды. Сондай-ақ электр энергиясы мен жылу тарифтерінің де негізсіз өсуіне жол берілмейді. Бұл бағыттағы жұмыс тек уақытша шара емес, ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ету тетігі», деді С. Есімхан.


Алайда нарық мұндай тәсілді жақсы біледі. Бұрын да дәл осындай «тұрақтандыру» шаралары бензин тапшылығына, жасырын нарық пен алыпсатарлыққа алып келген. Егер баға шынайы нарықтық емес, бұйрықпен
белгіленсе, өндіріс те, тасымал да тұншығады. Нәтижесінде бағаны ұстаймыз деп, жанармайдың өзін жоғалтып алу қаупі бар.

 

Коммуналдық тарифтерге де «қолмен басқару» орнатылды

Үкімет мұнымен шектелмеді. Енді 2026 жылдың алғашқы тоқсанына дейін электр, жылу, су, газ және кәріз тарифтерін көтеруге де мораторий енгізілді. Ресми уәж халықтың тұрмысын қорғау. 


Ұлттық экономика вице-министрі Асан
Дарбаев оптимистік үнмен:

 

«Тарифтерді ұстап тұру – азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Инфрақұрылымдық тұрақтылық сақталады.» деді.

 

Бизнесте сенім емес, әлі де үрей басым

Қаржы министрі Мәди Такиев 2026 жылдан бастап салық жүйесін “Таза парақтан” бастаймыз деп мәлімдеді. Микро және шағын бизнеске тексеріс болмайды, өсімпұлдар кешіріледі, есептен шығу жеңілдейді.

 

«Біз бизнеске дем беруді мақсат етеміз. Президенттің тапсырмасына сәйкес, тексерулер мен камералдық бақылаулар тоқтатылады. Егер кәсіпкер негізгі қарызды өтесе, өсімпұл мен айыппұлдар кешіріледі. Сондай-ақ салық төлеушілерді оңайлатылған тәртіппен есептен шығару үдерісі енгізіледі. Бұл – адал жұмыс істейтін кәсіпкерлерге тыныс береді. Экономика дамуы үшін ең алдымен бизнеске сенім қажет», деді министр.


Бірақ кәсіпкерлер бұл уәделерге сенуден қалған. Бұрын да осындай амнистиялар жарияланып, артынан жаңа салық қысымдары пайда болған. «Сенім орнатамыз» деп басталған бастамалар көбіне жүйенің өзінен сенімсіздік тудырып келген.

 

Бизнесте сенім емес, әлі де үрей басым

Соңғы айларда ипотека рәсімдеу қиындаған соң, Үкімет тұрғын үйге 500 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл қаржы «Наурыз», «Наурыз-Жұмыскер» және «Әскери баспана» бағдарламаларына бағытталады.

 

«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимова мұны үлкен әлеуметтік серпіліс деп бағалады:

 

«Бұдан былай пәтерлердің бағасы мемлекет бақылауында болады. Құрылыс компаниялары үш жылға дейін бағаны көтермеуге міндеттеледі. Ал әскери қызметкерлер үшін жаңа мүмкіндік туып отыр: олар дайын пәтерді тікелей «Баспана маркет» арқылы сатып ала алады. Мұндай шаралар тұрғын үй нарығын тұрақтандырып, азаматтардың үмітін қайта жандырады» деді ол. 


Алайда экономистер бұған күмәнмен қарайды. Нарықта ақша көбейсе, баға да өседі. Егер Үкімет ипотеканы кеңейтіп, миллиардтаған теңге бөлсе, бұл сұранысты арттырып, бағаны қайта көтереді. Бір қолымен инфляцияны тежеуге тырысқан Үкімет екінші қолымен сол инфляцияға жанармай құйып отыр.

 

Мораторий – бұл уақыт ұтудың амалы ғана

Экономист Айбар Олжаев Үкіметтің баға мен тарифтерге мораторий енгізу шешімін уақытша шара деп бағалайды.

 

«Бұл шешімнің экономикалық тұрғыдан логикасы шамалы. Үкімет нарықтық тетіктерге араласпаймыз дегенімен, іс жүзінде бәрін қолмен басқарып отыр. Мораторий инфляцияны уақытша тежегенмен, оның себебін жоймайды. Бағаның өсуі монополиялар мен артық сұраныстың нәтижесі. Ал біз симптоммен күресіп жатырмыз, аурумен емес» дейді ол. 

 

Сарапшының айтуынша, мұндай шектеулер ұзаққа созылса, бизнес шығынға батып, инвестиция тоқтайды. Өйткені кәсіпкерлер үшін ең қауіпті нәрсе болжап болмайтын саясат.

 

«Мораторий бұл үкіметтің “Қазір басымызды судан шығарып алайық, ертең көреміз” дегені. Бірақ экономикада “ертең” деген ұғым жоқ. Қазір шешім қабылдамасаң, ертең нарық өз ережесін орнатады. Тарифті ұстаймыз деп, коммуналдық кәсіпорындарды тұншықтырдық. Енді бір-екі жылдан соң бұл компаниялар банкрот бола бастайды, сонда тағы субсидия беріп құтқарамыз ба?» дейді Олжаев.


Оның ойынша, шынайы тұрақтылыққа жетудің жалғыз жолы қатаң шешімдер емес, сенім тудыру.

 

«Бизнес мемлекетке сенбейінше, салықты да адал төлемейді, бағаны да әділ қоймайды. Ал сенім тек ашық ережемен келеді», дейді экономист.

 

Экономикалық шизофрения

Экономист Андрей Чеботарев Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы саяси-экономикалық диссонансқа ерекше назар аударды.

 

«Бізде ақша саясаты мен бюджеттік саясат бір-біріне қарама-қарсы бағытта қозғалып жатыр. Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтереді. Ал Үкімет дәл сол уақытта жеңілдетілген ипотека мен автонесиелер таратып, сұранысты қайта арттырады. Бұл тежегіш пен газды қатар басқанмен тең. Машинаның моторы бұлай ұзаққа шыдамайды» дейді сарапшы.

 

Оның пікірінше, мұндай үйлесімсіздік бизнес пен қоғамда сенімсіздік дағдарысын тудырады.

 

«Мемлекет бір шешімді бүгін қабылдап, ертең қайта өзгертеді. Мысалы, салық өседі деген хабар шыққан бойда кәсіпкерлер алдын ала бағаларын көтеріп үлгерді. Енді салық реформасы кейінге шегерілсе де, баға кері түспейді. Бұл нарықтың “өзін-өзі қорғау” механизмі. Мұны Үкімет түсінбей отыр» дейді ол.


Чеботаревтың
пайымдауынша, Қазақстан экономикасының ең әлсіз тұсы институционалдық сенімнің болмауы.

 

«Экономикадағы кез келген көрсеткіш пайыз, ІЖӨ, инфляция бәрі сеніммен байланысты. Егер нарық сенсе, пайыз төмендейді. Сенбесе тіпті нөлдік мөлшерлемеде де баға өседі. Ал қазір біз сенім дағдарысында өмір сүріп отырмыз» дейді сарапшы.


Ең төменгі жалақы көтерілмей, халықтың әл-ауқаты жақсармайды

Экономист Марат Абдурахманов баға мен тарифтерге мораторийдің әлеуметтік әсері шамалы екенін айтады. Оның айтуынша, Үкіметтің басты қатесі – халықтың нақты табысын назардан тыс қалдыру.

 

«Мораторий халыққа уақытша тыныс береді, бірақ шын мәнінде, ол тек “қысым көрсеткішін” төмендеткендей әсер қалдырады. Ал табыс өспесе, әл-ауқат өзгермейді. Бүгін ең төменгі жалақы – 155 доллар, ал өмір сүру минимумы – 100 доллар. Бұл – кедейшіліктің ресми көрсеткіші. Егер экономика шынымен өсіп жатса, неге адамдар әлі де күнкөріске жетпейтін табыспен өмір сүреді?» дейді ол.

 

Абдурахмановтың пікірінше, бюджет пен салық түсімдерінің артуы – бұл қазынаның толуы, бірақ қалтадағы өсу емес.

 

«Қаржы министрлігі “республикалық бюджетке 10 триллион теңге түсті” деп қуанады. Бірақ бұл ақшаның көп бөлігі халыққа емес, әкімшілік шығындарға кетеді. Ал нақты инвестиция, жаңа жұмыс орындары, өндіріс – мардымсыз», дейді экономист.

 

Сондай-ақ ол жеңілдетілген ипотека мен автонесиелеуді «қысқа мерзімді иллюзия» деп санайды.

 

«Мұндай бағдарламалар нарықты уақытша қыздырады, бірақ жүйелік өзгеріс әкелмейді. Мемлекет жеңілдетілген несиелерге миллиардтапқаржы жұмсап, түбінде сол ақшаны қайтадан инфляция түрінде халықтың қалтасынан шығарып алады» дейді Абдурахманов.

 

Барлық жаңалық