💰 Экономика

«Такси нарығы шетелдіктердің қолында»: IT саласында ұлттық потенциалымызды пайдалана алмадық – сарапшы

Отандық агрегаторды шығару керек деп шулап жүргенімізге қанша уақыт болды? Қазақстан шет ел үшін қолайлы ортаға айналғаны қашан. Билік негізінен мұнай-газ, металлургия, қаржы сияқты ірі салаларға ғана көңіл бөліп келді. Халық «өзіміздікі» дегенге сенгісі келеді, алайда оларда таңдау жоқ. Себебі Қазақстанда нақты ұлттық IT-өнім жоқ. Болса да, болашағы бұлыңғыр. Сондықтан шетелдік компаниялардың нарықты оңай жаулап алуына ешқандай шектеу қойылмайды. Ал миллиондар шетелге кетіп жатыр.  Ozgeris.info тілшісі сарапшымен сұқбаттасып, Қазақстанның IT-саласындағы осал тұстарын саралап, осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Цифрлы колониализм 

2025 жылы елдегі ride-hailing (қолданба арқылы шақырылатын такси) нарығының кірісі 60,91 млн долларға жетеді деген болжам бар. Жылдық орташа өсім қарқыны (CAGR) 7,81% құрайды. 2029 жылы нарық көлемі 82,3 млн долларға жетуі мүмкін. Ал пайдаланушылар саны 5,97 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Бұл халықтың шамамен 27,4%-ын құрайды.

2024 жылғы мәлімет бойынша, Яндекс Қазақстандағы такси нарығындағы үлесін айтарлықтай арттыра білді. Әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, компанияның нарықтағы үлесі 2023 жылы 48,6% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 59,2%-ға дейін өскен.

InDrive екінші орында, бірақ оның үлесі керісінше 23,9%-дан 18,9%-ға дейін төмендеген. Себебі Яндекс Қазақстанның бас қалаларында ғана емес, өңірлерінде де позициясын күшейе түсті. Сондай-ақ 2024 жылдың сәуір айында Яндекс қалааралық тасымал бағытын іске қосты.

Бүгінде Яндекс Go такси нарығының шамамен 90%-ын бақылауда ұстап отыр. Яндекс бұрын InDrive басым болған 7 өңірдің 5-інде көшбасшы атанды. Компания әр сапардан 16% комиссия алады, ал тағы 4% такси компанияларына тиесілі. Осылайша жалпы комиссия 20%-ды құрайды.

Ал InDrive қалааралық бағыттарда әлі де көшбасшы тізгінін ұстап отыр. Компанияның мәліметінше, қазір оның Қазақстан бойынша 1300-ден астам маршруты бар. Сонымен қатар, InDrive қала ішіндегі тасымалын да белсенді жарнамалай бастады. Мысалы қазіргі жарнама роликтерінде белгілі актер әрі продюссер Нұрлан Қоянбаев түскен.

Шет елдің агрегаторы миллиондаған отбасын асырап отыр

Яндекс сөзсіз нарықтағы көшбасшы. Біздің нарыққа алғаш рет 2016 жылдың шілдесінде келген. Қазіргі уақытта Yandex Go қосымшасы арқылы тек такси қызметін ғана емес, тамақ жеткізу, жүк тасымалдау, қоғамдық көліктің қозғалысын бақылау сынды қызметтер де қолжетімді. Сонымен қатар,  есігіңнің алдына дейін курьер, минивэн немесе жүк көлігін шақыру мүмкіндігі бар. Яндекс.Такси таксопарктермен бірлесе жұмыс істейді. Қолданушыларға «Эконом», «Комфорт», «Комфорт+» және «Бизнес» сияқты бірнеше класс ұсынылады. Банктік картамен бірден төлеу тетігі де бар. Статистика бойынша, Яндекс Go арқылы Қазақстаннан Ресейге күн сайын шамамен 1 миллиард теңге аударылады. Аталмыш көрсеткіш жүргізушілер санына, орындалған тапсырыстарға және орташа тарифтерге сүйене отырып есептелген.

InDrive альтернативті модель. Негізі Ресейде қаланған халықаралық компания. Ол Қазақстан нарығына 2014 жылдың соңында келді. Басқа такси сервистерінен ерекшелігі халыққа ұнайды. Яғни жүргізуші мен жолаушы тікелей келісім негізінде жұмыс істейді. Жолаушы өз бағасын ұсынады, ал жүргізуші қабылдайды не басқа баға ұсынады. Кез келген адам жүргізуші ретінде тіркеліп, тапсырыс қабылдай алады. Бұл сервисте қалааралық такси де бар. Екі түрлі тариф ұсынады. «Стандарт» пен «Комфорт». Төлем орталықтандырылмаған, сондықтан қолма-қол немесе картаға аудару арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, курьерлік жеткізу мен жүк көлігі қызметі де қолжетімді. Yandex Go немесе Uber-ге қарағанда арзан.  Қауіпсіздік мақсатында қосымшада полицияны шақыру түймесі және сапар мәліметін жақындарыңызбен бөлісу функциясы да қарастырылған.

Uber ортаңғы ойыншы. Алғаш рет 2009 жылы Сан-Францискода іске қосылған, ал Қазақстанда 2016 жылы пайда болды. 2017 жылы Яндекс пен Uber бизнесін біріктіру туралы келісімге қол қойды. Яндекспен біріктірілгеннен кейін, Uber қызметі Yandex Go-ға ұқсайды. Қазіргі таңда Uber жеке жүргізушілермен де, таксопарктермен де жұмыс істейді.

Осылайша ең ықпалды, халықты кез- келген уақытта қозғай алатын және асырай алатын, жұмыс бере алатын және электораты ең мықты, әрі сол электорат оған тәуелді күш осы екі халықаралық компанияға тиесілі.

«Яндекс арқылы ер азаматтардың 60% отбасын бағып отыр қазір. Ең үлкен жалақыны беретін де осы яндекс. 500 —  1 млн арасында береді. Шамамен 6 миллионға  жуық адам осы арқылы күнін көріп отыр. Кім ойлаған? Аштық пен жоқшылық, жемқорлық жайлаған заманда шет елдің бір агрегаторы арқылы миллиондаған отбасы күн көреді деп», — деп жазды қоғам белсендісі Батыр Әмір өзінің Facebook парақшасында жазды.

Расымен де, біздің нарықта екі ірі компания арасында бәсекелестік күрес жүріп жатыр. Жай ғана технологиялық жарыс емес,  маркетингтік соғыс. Яндекс өзін «әлеуметтік» такси ретінде танытып, әлеуметтік маңызы бар қызметтерге басымдық беріп отыр. Ал InDrive  жергілікті халықтың қажеттілігіне бейімделген көлік шешімін ұсынып, адамдарға тарифті өздері ұсынуға мүмкіндік береді.

Дегенмен бұл екі платформа да сырттан келген, негізі шетелде қаланған компаниялар. Яғни, олардың стратегиялық шешімдері мен табыстары шетелге кетеді. Қазақстанда жұмыс істесе де, олардың түпкі мақсаты өздерінің жаһандық үлесін арттыру. Бұл ретте елімізде шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін айта кету керек. Алайда аталмыш монополист компанияларды басып озатын бәсекелес жоқ. Болса да, ұзаққа бара алмайды.

Бизнес пе, әлде ұлтшылдыққа оралған маркетинг пе?

Такси нарығындағы бәсекелестік тек технологиялық шешімдер мен бағаға байланысты емес. Сарапшылардың ойынша, тереңірек, ұлттың өзіндік болмысы мен сенім жүйесіне тиетін мәселе. Соңғы жылдары қоғам ұлттық сана мен экономикалық тәуелсіздікке көбірек мән бере бастады. Мұндай өзгерістерге әлемдегі геосаяси шиеленістер әкеліп жатыр. Әсіресе Ресеймен байланысты қауіптер мен тәжірибенің нәтижесі. Сондықтан халық шетелдік өнім мен сервиске қарағанда отандық шешімдерді қолдауға дайын.

Алайда халықта таңдау жоқ. Қазақстанда ride-hailing секторы әлі толық дамымаған. Отандық балама платформалар жоқтың қасы. Сондықтан халықаралық компаниялар қазақ қоғамына өз үстемдігін жүргізуге барын салуда. Дегенмен олардың көздегені тек қана бизнес. Яндекс Go мен InDrive аса табысты нарық үшін күресіп отыр. Осылайша екі алып бағаны төмендетіп, тұтынушыларды көбірек тартуға тырысуда. Әлеуметтік бастамаларды көтеріп те жүр. Мысалы, Яндекс мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көліктер ұсынып жатса, InDrive жүргізушілерге төмен комиссия белгілеуде. Біздің басылымға сұқбат берген сарапшы Айбар Олжаев мұны тек бизнес деп қабылдаған дұрыс дейді.

«Бұл таза бизнес. Кімде үлес көп болады, кімге адамдар көп келеді деген мәселе. Сондықтан әрқайсысы өзінің артықшылығын көрсеткісі келеді. Сондықтан бизнестен басқа ешқандай себеп жоқ. Экономикалық қауіпсіздік сұрағы да маңызды. Біз өзіміздің ақшамызды ел ішінде қалдыруға тырысамыз. Отандық сервистен ақша тауып, салық төлесе екен деген ой. Ақшамыз сыртқа кете беретін болса, онда бізде салық азаяды, бюджетке көп ақша түспейді. Және ол комиссия арқылы инфляцияға әсерін тигізеді. Себебі кез келген комиссия бағаны қымбаттады да, инфляцияны көбейтеді. Сондықтан мемлекетке отандық ойыншының болғаны маңызды. Халыққа арзан болғаны маңызды, ал бизнеске табысының жоғары маңызды. Осы үшеуінің арасында әрине белгілі бір ойын ережелері, бәсекелестік айналып жүре береді», - деп жауап берді экономист.

Айта кету керек, бизнесте кез келген құрал маңызды. Сондықтан қазіргі нарықтағы PR-науқанның кей элементтері ұлттық сезімдерге әсер етуі мүмкін. Мысалы InDrive Қазақстанға бас кеңсесін көшіру арқылы өзін жергілікті серіктес ретінде таныстырып жатыр. Ал Яндекс Go әлеуметтік бастамалар арқылы қоғамға қамқор болуға тырысуда. Екі компания да “қазақ тілінде сөйлейміз”, “жергілікті жүргізушілермен жұмыс істейміз” деп халыққа жағымпазданып жатқанын да айта кету керек.

Ұлттық потенциалымызды пайдалана алмадық

Халық “өзіміздікі” дегенге сенгісі келеді, бірақ таңдау жоқ. Экономист Айбар Олжаев біздің басылымға берген сұқбатында такси нарығында еліміз ұтылып қалғанын айтты.  Оның айтуынша, осы салада проблема көп.

«Такси бойынша мәселе жетеді. Дәл осы нарықта біз өзіміздің бір ұлттық IT потенциалымызды пайдалана алмай қалдық. Оның бір себебі – картография. Бізде IT жобалар жасау жағы жақсы дамып келді, бірақ аяқпен жүріп, бәрін есептеу жағынан болмады. Осы картография сервисі кенжіреп қалды. Бізде осы Яндекс және 2GIS сияқты картаның үлкен моделі жоқ. Кезінде осы Каспи такси ашылады деп ойлағанбыз. Бірақ олар да осы картографияның ақсап тұрғанын алға тартты. Яғни бұл сервисті бұрыннан қолға алу керек болған. Қазір жасау өте қиын деген себеппен такси қызметін күшейте алмады», - деп жауап берді сарапшы біздің сұрағымызға.

Сарапшы DiDi оқиғасын еске салды. DiDi такси қызметі Қазақстандағы жұмысын 2022 жылғы 4 наурызда тоқтатты. Компания бұл шешімді нарықтағы өзгерістермен және басқа да қиындықтармен байланыстырды. Олардың айтуынша, аталмыш жағдайлар жолаушылар мен жүргізушілерге жоғары сапалы қызмет көрсетуді қиындатқан.

DiDi Қазақстанда 2021 жылдың маусым айында іске қосылған болатын, бірақ елде бір жылдан аз ғана уақыт жұмыс істеді. Компания нарықтан шығар алдында жүргізушілер мен серіктестерге, сондай-ақ қолданушыларға арнайы хабарлама жіберіп, ынтымақтастық пен қолдау үшін алғыс білдірді. DiDi кеткеннен кейін Қазақстандағы такси нарығы қайтадан ірі халықаралық компаниялардың бақылауында қалды.

«Осы DiDi такисінің картасы өте әлсіз болды. Сондықтан жүргізушілер мен жолаушылар арасында түсінбеушіліктер көбейді. Олар бір-бірін таппай әлек болды. Осындай қиындықтарға шыдамай DiDi нарықтан кетіп қалды», - дейді сарапшы.

Айбар Олжаев ұлттық «Апару» сервисінің болашағынан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

«Қазір осы отандық «Апару» сервисіне бар күшті салу керек. Инвестиция құйып, мемлекет көмектессе, қандай да бір қолдау тетіктерін енгізсек, осы ұлттық жобамызды әрі қарай дамыта аламыз. Әйтпесе еліміздің бар ақшасы осы комиссия арқылы шетелдік такси сервистеріне кетіп жатқаны жасырын емес», - дейді маман.

Негізі стартап жобаларын бастаған отандық кәсіпкерлер жетерлік. Оның мысалы ретінде төмендегі түрлі такси қосымшаларын көре аласыздар. Мысалы "Region" такси қызметі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Ол көбінесе Павлодар облысында танымал, қызмет көрсету түрі Яндекске ұқсайды. Алайда Астана және Алматы сынды үлкен қалаларда әлі де дами алмай келеді, себебі бәсекелестері күштірек. Одан бөлек App Store қосымшасынан отандық басқа да сервистердің бар екенін байқадық. Десе де олардың нарықта нақты орны жоқ. Біз осы қосымшалар арқылы такси қызметін шақырып көрдік. Өкініше орай, 15-20 минут күткенімізден еш нәтиже шықпады, такси жүргізушілері табылмады.

Сондықтан болашағымыз отандық IT-шешімдердің қалыптасуына байланысты дейді сарапшылар. Егер мемлекет пен жеке сектор бірлесіп жұмыс істесе, қазақстандық нарықта шын мәнінде «өзіміздікі» деп айтуға болатын бәсекелес платформа пайда болуы мүмкін.

Барлық жаңалық