📰 Сарапшылар пікірі

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран Қазақстан үшін неге маңызды - сараптама

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Иран Қазақстан үшін неге маңызды - сараптама

Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс бүкіл әлем үшін қауіп-қатерге айналды. Халықаралық қауіпсіздік, энергия нарығы мен жаһандық сауда жолдары үлкен тәуекелдер мен сынақтар алдында тұр. Таяу Шығыстағы әскери текетірестің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне әсері қаншалықты болуы мүмкін? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікірін саралап, тақырыпты зерттеп көрді. 

Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Қазақстан өз азаматтарын қауіп-қатер аймағынан жедел түрде эвакуациялап жатыр. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ираннан 230, ал Израильден 66 қазақстандық елге жеткізілген.

«Біз азаматтарды Израильден автобуспен Египет шекарасына дейін жеткіздік. Ол жақта Каирдегі әріптестеріміз қарсы алып, ел астанасына дейін апарды. Каирден Шымкентке эвакуациялық рейс ұйымдастырылды. Ал Ираннан шығару әлдеқайда күрделі болды. Біз азаматтарды Әзірбайжан, Түрікменстан және Армения арқылы шығаруымызға тура келді. Бағыттар әртүрлі, кейде түнгі уақытта таулы асулар арқылы жүрдік. Адамдар автобуста 17 сағатқа дейін отырды. Шекаралардың түн ішінде ашылуы үшін дипломатиялық және адами күш-жігерімізді аяған жоқпыз»,-деді Айбек Смадияров.

Қазіргі таңда Иранда шамамен 50, ал Израильде 170-ке жуық Қазақстан азаматы қалып отыр. СІМ қазақстандықтарға Таяу Шығыс елдеріне әзірге бармауға кеңес береді. Өйткені өңірдегі жағдай әлі де аса күрделі.

Тікелей әсері жоқ, бірақ жанама қауіптер бар

Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыс Қазақстаннан географиялық тұрғыда тым алыс орналасқандықтан, ондағы оқиғалар біздің ішкі үдерістерге тікелей ықпал ете қоймайды. Дегенмен ықтимал салдарларды мүлде жоққа шығару дұрыс емес.

 «Таяу Шығыстағы оқиғалар бізге тікелей әсер етіп жатқан жоқ. Десе де бізге жанама әсері бар. Ең алдымен мұнай бағасы өсуі мүмкін. Соңғы шиеленістен кейін мұнай күрт қымбаттағаны есімізде. Егер Израильдің Иранға соққылары жалғасса, баға бұдан да жоғары көтерілуі мүмкін»,-дейді саясаттауншы Серік Белгібай. 

Қазақстанға ықтимал әсер ететін тағы бір бағыт бар. Ол Иранмен байланысты логистикалық және көлік жобалары. Егер жағдай ушыға түссе, бұл бастамалар уақытша тоқтап қалуы мүмкін.

«Қазіргі таңда Иран арқылы өтетін кейбір логистикалық бағыттарымыз бар. Бұл да назар аударуды қажет ететін маңызды фактор»,-деп атап өтті сарапшы.

Ормуз бұғазының жабылуы: Қазақстан үшін салдары қандай?

Соққыдан кейін Иран жауап ретінде Израильге ракеталық шабуыл жасады. Одан бөлек Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеді. Айта кетейік, бұл әлемдік мұнай мен газдың 20 пайызы өтетін аса маңызды теңіз өткелі. Салдары жаһандық нарыққа ауыр тиді. Мұнай бағасы күрт өсіп, барреліне 90 доллардан асты.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайдан ең көп зардап шегетін елдердің қатарына Қытай, Үндістан, Жапония, Оңтүстік Корея және Парсы шығанағы елдері кіреді. Қазақстан бұл бұғазға тікелей тәуелді болмаса да, жанама әсерін сезінуі мүмкін.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жағдайды мұқият бақылап отырғандарын айтты.

«Біз келісімге келер деп үміттенеміз. Иранға экспорттайтын негізгі өніміміз азық-түлік. Бұл бағытта өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Халықты не болса да тамақтандыру керек, ел саны көп. Бірақ бізді логистика алаңдатады. Иран арқылы өтетін жалғыз теміржол бағытымыз бар»,-деді министр.

Қажет болған жағдайда Қазақстан балама жолдарға, яғни Қытай мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий дәлізіне көшуге дайын. Бұл бағыт күрделірек, бірақ үкімет отандық кәсіпкерлерді қолдайтынын мәлімдеді.

Бұл ретте саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев Иран мен Израиль арасындағы соғысты ең мәнсіз әрі қысқа ойынға теңеп, өз пікірін білдірді.

"Иран жауап қайырмайды деп болжам жасаған едім. Бірақ АҚШ-тың Дохадағы әскери базасына 14 зымыран атыпты. Оның 13-ін қағып түсірген. Трамп бұл келісілген шабуыл болды, Иран билігі өз халқының алдында абыройын сақтап қалып, содан кейін соғысты тоқтату үшін өзара келісіліп жасалды деп құпияны жайып салды. Базада ешкім болмаған. Яғни, соғыстың соңы өзара келісілген сценариймен жүргендей. Онда менің болжамым дәл келді. Өйткені Иран қазір АҚШ-қа ашық шабуылдайтын хәлде емес екені анық. 
Иран Ормуз бұғазын, алдын жазғанымдай, жаппайтын болды. Жапса, Еуропа мен Қытай мұнайсыз қалып, араб мұнайы экспортталмай жатар еді. Онда әлемдік нарықта хаос орнайды. Соғыстың соңы келісілген сценариймен жүрген секілді дегенімдей, бұғазды жабу туралы мәлімдеме жасалғанымен, іс жүзінде әрекет болмаған. Келісім жасауға екі ортада Қатар әмірі біраз еңбек сіңіріпті. Өз астанасындағы АҚШ әскери базасын құрбан етуге келісімін де берген сияқты", - деді маман. 

Қазақстан мен Иран: серіктестік дағдарыс алдында

Иран-Қазақстанның Таяу Шығыс пен Парсы шығанағындағы басты серіктестерінің бірі. 2025 жылдың алғашқы айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 80%-ға өсіп, 173,5 миллион долларға жетті. Қазақстан Иранға бидай, жүгері, күнбағыс майы, кондитер өнімдері, химиялық заттар мен құрылыс материалдарын экспорттайды.

«Екі ел президенттерінің тапсырмасымен тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін жеткізу көзделіп отыр»,-делінген ресми мәлімдемелерде.

Саяси жағдай шиеленіскеніне қарамастан, саясаттанушы Асcоль Мирманованың пікірінше, бұл жоспарлар әлі де жүзеге асырылуы мүмкін. Оның айтуынша, Қазақстан Иран, Қытай және Орталық Азия арасында маңызды транзиттік буын болып қала береді.

«Қос ел бір-біріне халық тұтынатын және азық-түлік тауарларын ұсына алады. Иран санкцияларға қарамастан ішкі әлеуетін дамытып, енді экспортқа шыға бастады. Талдау көрсетіп отырғандай, Иранның қазіргі уақытта сауда балансына қатысты позициясы әлдеқайда тиімді»,-дейді сарапшы.

Транскаспий бағыты: қауіпсіз және стратегиялық маңызды балама

Экономистер қақтығыстың Суэц каналы мен Парсы шығанағындағы теңіз жолдарына қауіп төндіріп отырғанын ескертеді. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы артып отыр. Бұл бағыт Ақтау порты, Каспий теңізі, Әзірбайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығады.

«Иә, бұл маршрут теңізге қарағанда қымбат және күрделірек. Бірақ, бәрібір нақты альтернатива бола алады. Қазақстан территориясы тұрақты және болжамды. Қазір Каспий арқылы өтетін орта дәліз ең қауіпсіз жол. Ресей-Украина қақтығысы мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздықты ескерсек, дәл осы бағытқа сұраныс артады. Жүктеме өседі, сәйкесінше табыс та артады»,- дейді мамандар.

Қақтығыстың шиеленісуімен қатар доллар мен мұнай бағасы да өсті. Brent маркалы мұнай баррелі 76 доллардан асты. Қазақстан үшін қысқа мерзімді экономикалық пайда әкелуі мүмкін, әсіресе мұнай экспортын ескерсек.

«Энергия ресурстары бағасының өсуі бюджетке оң әсер етуі мүмкін. Бірақ егер логистика мен саудадағы тұрақсыздық ұзаққа созылса, бұл артықшылықты шығындар басып кетуі ықтимал»,-дейді сарапшылар.

Украина тәжірибесі

Сарапшылар Украинадағы соғыспен параллель жүргізіп, 2022 жылдың басында оның тез аяқталатынына сенгендер көп болғанын еске алды.

«Украинадағы соғыс басталғанда, ол бірнеше айда бітеді деп ойлаған едік. Кейін 2023, 2024 жылдарға дейін созылады деген пікірлер айтылды. Бірақ, көріп отырғанымыздай, соғыс әлі де жалғасып жатыр. Бұл жағдайға Қазақстанның да жанама түрде тартылуы мүмкін екені бірнеше рет сөз болды»,-дейді журналист Сапар Жаймұрзин. 

Ол сондай-ақ, ядролық қару қолданылуы мүмкін деген пікірлерге қазір ешкім таң қалмайтынын атап өтті. Бұл риторика Украина соғысында да, Иран мен Израиль шиеленісінде де айтылып жүр.

Сарапшылардың айтуынша, ОДКБ елдерінің (оның ішінде Қазақстанның да) бұл қақтығысқа тікелей араласу ықтималдығы өте төмен.

«Мен ОДКБ елдерінің бұл қақтығысқа тартылуы үшін нақты алғышарттарды көріп тұрған жоқпын. Бұған Мәскеудің де, басқа елдердің де мүдделі екені байқалмайды»,-дейді сарапшы. 

Ал Ядролық қару қолдану халықаралық оқшаулауға апаратын жол.

«Мысалы, егер Израиль Иранға ядролық қару қолданса, бұл тек Иран үшін емес, Израильдің өзі үшін де ауыр салдарға әкеледі. Мұндай ел бірден “оқшауланған мемлекет” мәртебесіне түсіп қалады. Қазір Батыс санкцияларына қосылмаған елдердің өзі, мысалы, Қытай мұндай әрекетке теріс қарайды. Ядролық қару қолдану өте қауіпті және халықаралық жүйе үшін бұзушы прецедент болады»,- дейді сарапшы Нұрлан Сүйменбаев.

Сарапшылар бұл қақтығыстың қазақстандық қоғамға әсері қандай деген сұраққа да жауап берді.

«Украинадағы соғыс немесе Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыспен салыстырғанда, Израиль мен Палестина арасындағы қазіргі жағдай Қазақстанда аса үлкен қоғамдық резонанс тудырып отырған жоқ. Иә, Израильді қолдайтындар бар, мүлде қарсы көзқарастағылар да бар. Бірақ бұл қоғамда жаппай жікке бөлінуге алып келген жоқ», – деді сарапшы.

Ол Қазақстан қоғамында үнемі белгілі бір тақырыптар төңірегінде пікір қайшылығы болатынын, алайда бұл оқиға олардың қатарында аса маңызды орын алмайтынын атап өтті.

«Соңғы жылдардағы үш ірі қақтығысты алсақ, Украина, Таулы Қарабақ және Таяу Шығыс, соның ішінде Израиль мен Иран арасындағы текетірес қазақстандықтардың қоғамдық санасына ең аз әсер етіп отыр. Бұл тіпті алғашқы ондыққа да кірмейтін мәселе болуы мүмкін»,-дейді маман..

Жаһандық экономикаға төнген қауіп

Иран-әлемдік мұнай нарығындағы ірі ойыншы. Оның экспортындағы негізгі тұтынушы - Қытай. Кез келген өндірістік қауіп немесе бұғаттау бүкіл әлем бойынша бензин бағасының көтерілуіне әкелуі мүмкін. Пекин де өз алаңдаушылығын білдіріп, халықаралық қауымдастықты шиеленісті бәсеңдетуге шақырды.

«Қытай халықаралық қауымдастықты жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермей, жаһандық экономиканың дамуына теріс әсер етпеу үшін белсенді әрекет етуге шақырады»,- деп мәлімдеді Қытай СІМ.

Қақтығыс жалғасатын болса, көптеген елдердің орталық банктері пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуден бас тартуы мүмкін. Бұл несие бағасының өсуіне, инвестициялардың азаюына және ақыр соңында жаһандық рецессия қаупіне әкеледі. Жеткізу тізбектеріндегі іркілістер де әлемдік сауда айналымын тежеп, нарықтарды тағы бір рет шайқалтуы ықтимал. Халықаралық валюта қорының басшысы Кристалина Георгиева энергетикамен шектелмейтін тәуекелдерге назар аударуға шақырды.

«Иран мен Израиль арасындағы кез келген шиеленіс бүкіл әлемге әсер ететін болады»,-деді ол.

Алдағы сценарий қандай болмақ?

Сарапшылардың пікірі әртүрлі. Бірі АҚШ пен Израиль Иранға қысымды жалғастырады десе, екінші тарап АҚШ-тың толыққанды құрлықтағы операция жүргізуге әскери ресурсы жетпейді дейді.

"Бірақ соғыс әлі біткен жоқ. Иран-Израиль арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. Қызу фаза аяқталмады. Егер жақын күндері соғыстың қызу фазасы аяқталса, онда артынша келіссөз басталады. Келіссөзде АҚШ Иран тарапын қиын шарттарға көндіруге тырысады. Мысалы байытылған уран қорын үшінші бір елге беру, ядролық бағдарламасын тоқтату, бейбіт атомға қажет байытылған уранды сырттан сатып алу, зымыран бағдарламасын өзгерту деген сияқты. Әдетте қақтығыстан кейінгі келіссөздер ауыр өтеді. Көрерміз", - деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали. 

Барлық жаңалық