💰 Экономика

Стэйблмен істей біл: Жаңа валютаның жаһанға әсері

Жаһандық қаржы жүйесінің кейінгі жылдары жаңа құбылыс айқын көрініп отыр. Бұл – стэйбл валюталар. Оны осыған дейін де жаздық. Тұрақты бағамын сақтау үшін дәстүрлі активке тіркелетін мұндай цифрлық токендер бүгінде халықаралық қаржы айналымының маңызды бөлігіне айналды. Әсіресе АҚШ доллары негізіндегі стэйбл валюталар жаһандық нарықта үстемдік құрып, Еуропаның қаржылық егемендігіне қатер төндіріп отыр. Дегенмен, сарапшылардың пайымдауынша, бұл өзгерістердің өзінде еуроның халықаралық беделін күшейтуге жол ашатын мүмкіндік бар, деп сараптайды Ozgeris.info.

Стэйбл валюта – фиат валютамен қамтамасыз етілген цифрлық актив. Оның құны нақты активке, көбіне АҚШ долларына немесе еуроға тіркеліп, тұрақтылық кепілдігі беріледі. Осы арқылы пайдаланушылар криптонарықтағы құбылмалы активтерге қарағанда сенімді балама табады.

Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) өз есебінде:

«Көптеген стэйбл валюталардың бағамнан ауытқуы олардың әлсіздігін көрсетеді. Бұл олардың сенімділігіне күмән тудырып, қаржы тұрақтылығына елеулі қатер әкеледі», деп атап өтті.

Қазіргі таңда стэйбл валюталардың 99 пайызы АҚШ долларына тіркелген. Ал еуроға негізделген нұсқалардың нарықтағы үлесі небәрі 350 миллион еуро шамасында. Сарапшылардың айтуынша, долларлық стэйбл валюталардың кеңінен қолданылуы Еуропаның ақша-несие саясатына бақылау жасау қабілетін әлсіретуі мүмкін. 

Еуропа орталық банкінің сарапшысы Юрген Шаф:

«Еуропа қазір батыл қадам жасамаса, долларлық стэйбл валюталар еуроаймақтағы ақша-несие саясатының пәрменін әлсіретеді. Мұндай жағдайда Еуропа қаржы жүйесі ұзақ мерзімді тәуекелге тап болуы ықтимал», деген пікір білдірді.

Бұл алаңдаушылық негізсіз емес. АҚШ Президенті Дональд Трамп қол қойған GENIUS Act федералдық заңы стэйбл валюталарға жаңа тәртіп енгізді. Құжат Еуроодақтың MiCA регламентімен үндес болғанымен, бірқатар талаптары жеңілдетілген. Сарапшылардың бағалауынша, осыған байланысты 2025 жылы 230 миллиард долларды құраған стэйбл валюталар нарығы 2028 жылға қарай 2 триллион долларға дейін өсуі ықтимал.

Әлемнің ірі төлем жүйелері – Visa мен Mastercard – стэйбл валюталарды өз қызметіне енгізіп үлгерді. Walmart пен Amazon да осындай қадамға бет бұруда. Мұндай өзгерістер дәстүрлі банктік арналардан тыс ауқымды төлемдер жүргізуге мүмкіндік беріп, қаржы делдалдарының рөлін әлсіретуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, егер стэйбл валюталардан пайыздық табыс алу тәжірибесі кеңейсе, бұл банктердің депозиттік базасына қауіп төндіріп, қаржы жүйесінің орнықтылығына ықпал етеді.

Еуропа үшін мұндай жағдайда нақты әрі стратегиялық жауап қажет. Экономистер бірнеше бағыт айқындалғанын айтады. Біріншіден, еуроға негізделген стэйбл валюталарды қолдау арқылы еуроның халықаралық рөлін күшейту керек. Екіншіден, цифрлық еуро жобасын ілгерілету – қаржылық егемендікті қорғаудың басты тетігі. Үшіншіден, таралған тізбек технологиясы (DLT) негізінде активтерді орталық банктің ақшасымен тікелей есеп айырысу жүйесін жетілдіру маңызды. Төртіншіден, халықаралық үйлестіруді күшейту шарт.

Бұл жаһандық үрдіс Қазақстанға да әсерін тигізуде. Ұлттық банк сынақ алаңы аясында теңгеге байланған алғашқы стэйблкоинді шығарды. Жоба Intebix биржасы, Solana блокчейн-платформасы, Mastercard және Еуразиялық банктің серіктестігімен жүзеге асырылды. 

Ұлттық банк өз хабарламасында:

 «Теңгемен отандық стэйблкоинді іске қосу цифрлық инновациялық шешімдерді дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат каналын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашады», деп мәлімдеді.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов:

«Теңгемен қамтамасыз етілген стэйблкоинді енгізу – цифрлық қаржы нарығын дамыту жолындағы маңызды қадам. Бұл бастама отандық экономиканың жаңа мүмкіндіктерін ашады», деді. 

Ол сондай-ақ сынақ алаңында сегіз жоба іске қосылып жатқанын, олардың алғашқысы қазақстандық стэйблкоин екенін атап өтті. Бұған қоса, маусым айында криптовалютаны теңгеге бірден конвертациялап төлем жасауға мүмкіндік беретін криптокарталар да қолданысқа енгізілді.

Осылайша, стэйбл валюталар бүгінде тек криптонарықтың құралы емес, халықаралық қаржы архитектурасының жаңа бөлшегіне айналып отыр. Олар төлем жүйесін жетілдіруге жол ашса да, ақша-несие саясатына тәуелсіздік тұрғысынан сын-қатер тудырады. Еуропа үшін бұл – әрі қатер, әрі мүмкіндік кезеңі. Ал Қазақстан үшін алғашқы ұлттық стэйблкоинді сынау – қаржы жүйесін цифрландырудағы нақты қадам және болашақта экономиканы әртараптандыруға серпін беретін бастама.

Барлық жаңалық