Қоғам

СҚО-дағы зауытта газ жарылып, тоғыз адам зардап шекті

СҚО-дағы зауытта газ жарылып, тоғыз адам зардап шекті

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы ірі өндіріс орнында газ жарылып, тоғыз адам зардап шекті. Оқыс оқиға 25 маусым күні Тайынша ауданына қарасты Ильичевка ауылында орналасқан «Тайынша-Май» ЖШС аумағында болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Куәгерлердің айтуынша, апатқа газ толтырып жатқан шлангтың үзіліп кетуі себеп болған. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, зауыт аумағында орналасқан екі газ жинақтаушы резервуар жарылып, артынша Volvo маркалы газ тасымалдаушы көлік отқа оранған.

Полиция департаменті мен төтенше жағдайлар қызметі ақпаратты растады.

СҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, 25 маусымда Тайынша аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне өрт туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына дереу өрт сөндірушілер, полиция және шұғыл қызмет мамандары жұмылдырылды.

– Алдын ала мәліметке сәйкес, кәсіпорын аумағындағы екі жинақтаушы жарылып, кейін Volvo көлігіне от шалған. Қазіргі таңда оқиға орнына жедел қызмет өкілдері барып, мән-жайды анықтап жатыр, – делінген ресми мәлімдемеде.

Тоғыз адам зардап шеккен, сегізі ауруханаға түсті. СҚО денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, жарақат алғандардың кейбірі Тайынша аудандық көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Бірнеше адам Ақмола облысындағы емдеу мекемелеріне жеткізілген. Зардап шеккендердің жағдайы туралы нақты ақпарат кейінірек беріледі.

Ал СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кетейік, «Тайынша-Май» ЖШС – 2016 жылы құрылған ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорын. Зауыт жылына 300 мың тоннаға дейін күнбағыс, зығыр және рапс тұқымын өңдеуге қауқарлы. Бұл – тәулігіне шамамен 1000 тонна шикізат.

Қазір аталған кәсіпорындағы өрттің нақты себебі мен кінәлі тұлғалар анықталып жатыр. Ресми органдар қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексеріп, тиісті шаралар қабылдаймыз деп уәде етті.

Барлық жаңалық