Жаңалықтар

Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты: Сот отырысы өтетін күн белгілі болды

Шавкат Рахмоновтың әйелі қатысқан жол апаты: Сот отырысы өтетін күн белгілі болды

Жамбыл облысында UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау күні белгілі болды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қаралып жатыр.

Сот қаулысына сәйкес, Гүлайым Рахмоноваға қатысты қылмыстық іс өндірісте қабылданып, алдын ала тыңдау 16 ақпан күні сағат 15:00-де Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтеді.

Сот процесі қазақ тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ Рахмоноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде берілген елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат өзгеріссіз қалдырылды.

Еске салсақ, жол апаты 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург тасжолының бойында, Ақсуйек ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser 200 көлігін Гүлайым Рахмонова басқарған.

Көлік ішінде оның ұлымен бірге екі әйел болған. Апат салдарынан екі адам қаза тауып, Рахмонова мен баласы ауруханаға жеткізілген.

Айта кетейік, аталған бап бойынша айып тағылған жағдайда, заңда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Барлық жаңалық