Жаңалықтар

ҚызПУ жастары: «Бүгін мен Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезінемін»

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері елімізде әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық реформаларды қолдап, қоғамды мақтануға шақырды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 

ЖОО студенттері жатақхана балкондарына «Бүгін мен Қазақстанда сталкингтен қорғаламын», «Бүгін мен Қазақстанда “алып қашудан” қорғаламын», «Бүгін мен Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаламын» деген жазулар іліп, қабылданған заңдардың маңыздылығына назар аударды. Әр жазбада ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті баптарына сілтеме көрсетілген.

 

Айта кетейік, 2024 жылдан бастап елімізде бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда, неке қиюға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді (ҚР ҚК-нің 125-бабы). Сондай-ақ тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазалау шаралары күшейтіліп, әйелдерді қорғау жөніндегі ІІМ-нің арнайы басқармасы құрылды. Бұдан бөлек, сталкинг «қауіп төндіретін, адамның еркінен тыс қудалау» ретінде заңда бекітілді.

 

ҚызПУ студенті Аяулым Шапенованың айтуынша, қабылданған реформалар әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға ықпал етеді.

«Бүгін мен Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезіне аламын. Біз құқықтарымызбен бірге жеке жауапкершілігімізді де түсінуіміз қажет. Сонда ғана қоғамда заң мен тәртіп орнайды», – деді ол.

 

Сарапшылар соңғы жылдары қабылданған реформалар әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтуде.

Барлық жаңалық