Қыркүйек пен қазанда отандастарымызды екі рет ұзартылған демалыс күтіп тұр, деп жазады Ozgeris.info.
Биыл Конституция күні 30 тамызға, сенбіге түседі. Сол себепті мерекелік демалыс дүйсенбі, 1 қыркүйекке ауыстырылады. Нәтижесінде бес күндік жұмыс істейтіндер 30, 31 тамыз және 1 қыркүйекте үш күн қатарынан тынығады. Ал алты күндік жұмыс режіміндегілер 30-31 тамызда демалып, 1 қыркүйекте қайтадан жұмысқа шығады.
Күздің екінші ұзақ демалысы қазанда болады. Республика күні – 25 қазан, ол да сенбіге сәйкес келеді. Бес күндік жұмыс аптасындағылар үшін бұл 25, 26 және 27 қазанда үш күндік демалыс, ал алты күндік кестедегілер 25-26 қазанда ғана тынығады.
Мектептерде жаңа оқу жылы 2 қыркүйек, сейсенбі күні басталады. Білім министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, салтанатты жиынның күнін әр мектеп өзі белгілейді. Сондықтан кейбір оқу орындары дәстүрлі линейканы 1 қыркүйекте өткізуі мүмкін.