Әлеуметтік желіде bydastann никімен танымал қазақстандық блогер америкалық актер Уилл Смитпен Дубайда өткен халықаралық іс-шара барысында жүздесті. Аталған ивентті Instagram компаниясы ұйымдастырған. Шараға әлемге әйгілі блогерлер мен танымал тұлғалар жиналған.
Дастан бұл мүмкіндікті жібермей, батыл әрі тосын қадамға барды. Ол Голливуд жұлдызына қазақтың ұлттық шапанын сыйлауды жөн көрген. Блогер актер сахнаға шығар алдында алдынғы қатардан орын алып, шапанды алдын ала дайындап қойған.
Өз жоспарын ол іс-шара басталмай тұрып Instagram парақшасындағы сторисінде бөлісті.
«Қазір бес минуттан кейін Уилл Смит шығады. Алдыңғы қатарда отырмын, шапанды дайындап қойдым. Кигізіп көремін. Мен үшін дұға қылыңыздар», — деген еді Дастан.
Желі қолданушылары бұл әрекетті жоғары бағалап, қазақтың ұлттық құндылығын әлемге танытқан қадам ретінде қабылдады.