Қоғам

Қазақстанда үш ауысымды мектептер саны төрт есе азайды

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы алты жылда үш ауысымды мектептер саны төрт есе қысқарған, деп жазады Ozgeris.info.

2019 жылдан бері 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп ашылды. Тек 2023-2024 жылдарда 422 білім ошағы пайдалануға беріліп, 510 мың жаңа орын қосылды. Соның арқасында апатты мектептер екі есе азайды, ал оқушы орындарының тапшылығы төрт есе төмендеді.

Үш ауысымдық оқыту мәселесін толығымен шешкен өңірлер қатарында Шымкент, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Қызылорда облыстары бар.

«Жаңа оқу жылының қарсаңында 115 мың оқушыға арналған тағы 83 мектеп ашылды. Оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Бұл бірқатар өңірлерде үш ауысымды оқытуды түбегейлі жоюға мүмкіндік берді», делінген министрлік хабарламасында.

Жыл соңына дейін тағы 140 мың орынға арналған 111 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 2025-2026 оқу жылына дейін 232 жаңа мектеп салынып, 245 мектеп жаңғыртылып, 1 мың ауыл мектебі модернизацияланбақ.

 

Барлық жаңалық