Білім

Қазақстанда білім сапасыз ба? Жастар неге шетелге құмар?

Қазақстанда оқу жыл сайын қымбаттап барады, соған қарамастан алған білімнің сапасы көп жастардың көңілінен шықпайды. Ал шетелде жағдай басқаша, кей елдерде университеттер тегін, кейбірінде шәкіртақы мен жеңілдіктер жүйесі жақсы жолға қойылған. Одан бөлек, оқыту тәсілдері жаңаша, еркіндік бар, студентке сеніммен қарайды. Осы себепті көп жастар шекара асып, өз болашағын басқа елдермен байланыстырғысы келеді. Ozgeris.info тілшісі шетел мен отандық білім жүйесін салыстырып, жастардың шетелге неге құмар екенін анықтап көрді. 

Білім сарапшысы Айдос Жұманазардың пікірінше, мәселе өте күрделі. Оның бір ғана себебі бар деп айтуға болмайды. Біріншіден, елімізде орта білімнің деңгейі төмен. Ол мектептегі мұғалімдердің білімінен туындап отыр. Себебі жалған диплом алатындар жылдан жылға көбеймесе, тоқтамай тұр. Сырттай оқып, білім алған мұғалімдерде білім жоқ десе де болады. 

«Кәсіпкер кезінде үлкен мәселені көтергені бәрінің есінде шығар. Оңтүстік аймақта мұғалімдердің 80 пайызы сырттай оқыған. Ол осы мәселені көтеріп білім сапасына көңіл бөлуге кеңес берген. Бізде өкінішке орай, солай», - дейді маман.

Тәуелсіздік алған жылдары мұғалімдер жаппай жұмыстан кете бастаған еді. Себебі ақшаның аздығы. Солай олар саудаға ауысып, мектептерде тапшылық пайда болды. Үкімет олардың орнын толтыру мақсатында сырттай оқу бөлімін ашты.

«Яғни, тек қағазбен диплом беріп, шығарып сала берді. Білім берген жоқ. Оған уақыттары болған жоқ, мектептегі бос орындарды қалай болса да жабуға тырысты. Өкінішке орай, қазір олардың саны өте көп. Әрине, осындай жолмен білім алғандар білім сапасына әсер етеді», - дейді маман. 

Жалған диплом нарығы да өршіп тұр. Соңғы жылдары Шымент және Маңғыстау облыстарында осындай фактілер жиі тіркелген. Өтірік біліммен балаларды оқыту соңында дағдарысқа әкеледі дейді маман. Мысалы биыл статистика бойынша, Шымкент республикада ең соңғы орыннан бір-ақ шықты. 70 мектептің 52-сі аттестациядан өте алмаған. 20-35 жылдық тәжірибесі бар 130 мұғалімнің 55-і сынақтан құлаған. Қала әкімінің орынбасары білім саласындағы қателіктерді мойындады. Оның айтуынша, оқытудың сапасының төмендігі, білікті мамандардың жеткіліксіздігі, мақсатты мектептердің әлсіз жұмысы өзекті проблема болып отыр.

Туу көрсеткіші елімізде жоғары. Ол да білім сапасына әсер етеді. Салдарынан үш аусымды мектептер пайда болды. Тіпті Астана және Алматы қалаларында көп кездеседі. 1200 бала оқуға тиіс білім ордаларында 6000-ға жуық оқушы оқиды.

«45 минуттың орнына 35 минут сабақ беріледі. Оқушының саны көп, балаларды түгелдеп болғанша уақыт өтіп кетеді. Әрине, мұндай жағдайда дұрыс білім берілмейді», - дейді маман.

Сарапшының айтуынша, Қазақстанда университетке түсу жеңіл. Алайда, бәсекелестік өте жоғары. Әлемде университетке түсу үшін, оқушылар қосымша дайындалады. Мысалы Оңтүстік Кореяда қарапайым мектептерден басқа қосымша білім беру жақсы дамыған.

«Қазақстанда ата-аналар балаларына жеткілікті көңіл бөлмейді. Әсіресе, 7,8,9,10 сыныпта оқитын оқушыларды тек үй жұмысшысы ретінде пайдаланады да, оқуы бір жақта қалып қояды. Қараусыз  қалған оқушылардің білімі ақсайды. Бұл ең үлкен мәселе қазіргі кезде. Негізі, ата-ана мен мектеп бірігіп жұмыс жасауы керек. Көп ата-ана мектепке бар жауапкершілікті арта салады да, өздерінен ешнәрсе талап етпейді», - дейді маман.

Осы мәселе және еңбек нарығының өзгеруі казір «профориентолог», яғни бағыт-бағдар көрсететін маманның пайда болуына әкелді. Қазіргі жағдайда өзекті бола түсті дейді маман. Себебі оқушылар мен түлектерге еңбек нарығының өзгеруі жайлы, жаһандық өзгерістер мен сұранысқа ие мамандықтар жайлы ақпарат беру маңызды. Сондықтан биыл қыркүйек айынан бастап профориентолог мамандар әр мектепте штаттық режимде жұмыс істей бастады.

«Бізде қазір ақпарат ағыны көп. Сондықтан бағыт-бағдар көрсететін мамандар ата-аналарға, түлектерге осы көп ақпараттың арасынан қажеттісін тауып, саралап, баланың қабілетіне, біліміне сай мамандықты таңдауға көмектеседі. Аталмыш жүйе батыс елдерінде, Жапония, Америкада бұрыннан бар. Ал Қазақстанға енді келген сала, әлі толық жолға қойылмады, алдағы жылдары дамиды деп ойлаймын», - дейді сарапшы.

Педагогтың пікірінше, өкінішке орай көптеген ата-аналар мамандықты тек грант үшін ғана таңдайды. Яғни, еңбек нарығын зерттемейді, баласының қабілетіне мән бермейді. Тек грант болса болғаны, кез келген оқуға түсуге дайын. Ал ақылы оқуға түсуді мүлде қарастырмайды. Көпшілігі Қазақстаннан безіп, ақылы болса, шетелді таңдап жатады. Олар Түркия, Чехия, Польшаға барғанды жөн санайды. Десе де, мәселе тек мемлекетте емес дейді маман.

«Оқу орнын таңдағанда мемлекетке қарамау керек. Керісінше, қай елде сол таңдаған мамандыққа жақсы дайындайтын университет бар екенін таңдаған дұрыс. Мысалы Түркияға барып медицинада оқитын болса, ол таңдау дұрыс. Себебі ол елдің медицинасы әлемде мойындалған. Кез келген университетті таңдап, жай оқу үшін шетелге кету ақылға қонымсыз. Себебі шетелде де университеттердің сапасыз, біліксіз түрлері кездеседі», - дейді маман.

Сарапшы ата-аналарға әлеуметтік желідегі жарнамаларға алданып қалмауға кеңес берді. Себебі жаз айларында аталмыш жарнамалар адамдардың көңілін аулауға кіріседі. «Шетел» деген сөзге алданып, бірақ түбінде аты да заты да жоқ университетте оқудың пайдасы жоқ дейді сарапшы.

Қазақстандық түлектердің 90 пайызы өз еліндегі оқу орындарын таңдайды екен. Десе де, шетелге кететіндердің басым бөлігі – дарынды әрі талантты жастар. 

"Біздің университеттер жалпы студенттерге емес, таланттарға да таласпайды. Ұлттық университеттер тікелей мемлекеттің қаржыландыруымен жұмыс істеп отыр, олардың басшылары Қазақстандағы әрбір талант үшін таласуы керек. Біздің университеттер "оқымасаң оқыма, бізге студенттер бәрібір келеді" деген қағиданы ұстанып алған, соның салдарынан талантты балаларымыз шетелдерге кетіп жатыр", - деп пікір білдірген еді  саясаттанушы Дәурен Бабамұратов.

ЮНЕСКО статистикалық институтының деректері бойынша, Қазақстан шетелде білім алатын студенттер саны бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие болды. Яғни, 100 мыңға жуық қазақстандық шетелде оқып жатыр.

Әлемдегі ең халық саны көп екі мемлекетте, Қытай мен Үндістанда шетелде оқитын студенттердің саны ең жоғары. Мәселен, Қытайдан шетелде 1 миллионнан астам студент білім алса, Үндістаннан шетелде оқитын студенттер саны шамамен екі есе аз. Одан кейін Вьетнам-137 мың, Германия-126,4 мың және Өзбекстан 109,9 мың студент. 

Студенттер барғысы келетін негізгі мемлекеттер қатарында АҚШ (833 мың), одан кейін Ұлыбритания (шамамен 601 мың), Австралия (шамамен 378 мың), Германия (376 мыңнан астам) және Канада (шамамен 318 мың) бар. 

Барлық жаңалық