Кейінгі жылдары Қазақстан экономикасы туралы көп айтылып жүр. Бірі мақтайды, бірі сын айтады. Бірақ нақты сандарға қарасақ, елдің дамуы белгілі бір бағытта жүріп келе жатқанын байқауға болады. Экономист Айбар Олжаев осы тақырыпқа байланысты өз пікірін ашық айтып, қазіргі жағдайды қарапайым тілмен түсіндіріп берді, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін 2025 жыл өте табысты болды. Соның нәтижесінде елдің ішкі жалпы өнімі 306 миллиард долларға жетті. Ал жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 15 мың доллар болды. Осылайша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алдыңғы орынға шықты. Тіпті Қытайдан да озды. 2026 жылдың басында еліміз ресми түрде әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кірді. Экономист бұл жетістікке тоқталып, былай дейді:
«Қазақстан 2025 жылды жақсы аяқтады. Соның арқасында ішкі жалпы өніміміз 306 миллиард долларға жетті. Жан басына шаққанда экономика 15 мың доллар болды. Бұл ТМД елдері бойынша ең жоғары көрсеткіш. Тіпті Қытайды да артта қалдырдық. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Бұл өте жақсы нәтиже. Бірақ экономикаға тек санмен қарауға болмайды. Оның құрылымы да маңызды. Өсім бар. Бірақ ол қайдан келді. Қанша уақытқа жетеді. Негізгі сұрақ осы. Экономиканың құрылымына қарасақ, тауар өндірісі 8,7 пайызға өсті. Қызмет көрсету саласы 5,2 пайызға артты. Жалпы ішкі өнімнің 36 пайызы тауарлардан тұрады. 58 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі. Ең ірі сала бұрынғыдай өнеркәсіп болып отыр. Оның үлесі 26 пайыздан асады. Оның ішінде кен өндіру 11,9 пайыз. Өңдеу өнеркәсібі 12,7 пайыз», дейді экономист.
Соңғы жылдары бюджет те өзгеріп келеді. Бұрын біздің кірістің 40-50 пайызы тікелей мұнайға тәуелді еді. Мұнай бағасы өссе бюджет те өсетін. Баға түссе қазына жұтаңдайтын. Ал 2025 жылдың қорытындысында жалпы салық түсімі 26,9 триллион теңге болды. Соның ішінде мұнайға қатыстысы 6,9 триллион теңге ғана. Яғни үлесі 25,6 пайызға дейін түсті. Бұл экономика құрылымында өзгеріс бар екенін көрсетеді.
Бұрын біз негізінен мұнайды сатып күн көрдік. Қазір мұнайдан жасалған өнімдерге, металлдан жасалған дайын тауарларға, химия өнімдеріне көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Газ химия жобалары да соның дәлелі. Олар өңдеу өнеркәсібіне жатады. Яғни экономика шикізаттан өнімге қарай ауысып келеді.
«Дегенмен бюджет кірісінің төрттен бірі әлі де мұнай мен металлға тәуелді. Алдағы жылдары мұнай өндіруде ірі жаңа жобалар жоқ. Сондықтан өндіріс бұрынғыдай қарқынды өсе бермейді. Жылына шамамен 100 миллион тонна деңгейінде қалуы мүмкін. Енді басты мақсат осы мұнайды шикі емес, өңделген күйде экспорттау», дейді сарапшы.
2026 жылы былтырғыдай 6,5 пайыз өсім болмайтыны анық. Үкімет 5,4 пайыз деп болжап отыр. Ал халықаралық ұйымдар 4,5 пайыз дейді. Себебі былтырғы база өте жоғары болды. Сонымен қатар жыл басында мұнай өндірісінде қиындықтар болып, кемінде 1,5 миллиард доллар жоғалттық.
Енді ең маңыздысы өңдеу секторы. Егер ол биыл да былтырғыдай жақсы нәтиже көрсетсе, онда біз шикізаттан кету жолына шынымен түстік деп айтуға болады. Бұл тұрақты трендке айналады. Сонымен бірге жаңа салық реформасының әсерін де жыл соңында алдын ала бағалауға мүмкіндік туады”.
Айбар Олжаевтың бұл пікірі Қазақстан экономикасының бүгінгі келбетін анық көрсетеді. Бір жағынан, ел ірі экономикалар қатарына қосылды. Сандар өсіп жатыр. Халықаралық рейтингтерде алға шықтық. Бұл үлкен жетістік.
«Екінші жағынан, бұл табысқа тоқмейілсуге болмайды. Өйткені өсімнің қайдан келіп жатқанын, ертең қалай жалғасатынын түсіну керек. Мұнайға тәуелділік азайып келеді. Бірақ әлі толық жойылған жоқ. Өңдеу өнеркәсібі енді ғана қарқын алып жатыр. Қазір Қазақстан үшін ең маңызды кезең басталып отыр. Бұл шикізатқа сүйенген экономикадан дайын өнімге негізделген экономикаға көшу кезеңі. Егер осы бағыттан таймасақ, елдің болашағы әлдеқайда тұрақты болады. Ал егер бұрынғы жолға қайта түссек, бүгінгі жетістік уақытша ғана болып қалуы мүмкін», дейді экономист.
Сондықтан бүгінгі басты міндет бір ғана пайызды қуалау емес. Экономиканың сапасын арттыру. Өндірісті күшейту. Өңдеуді дамыту. Сол кезде ғана Қазақстан ірі 50 елдің қатарында жай ғана бола салмай, сол тізімде берік орны бар мемлекетке айналады.