Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панельдік сессиясында БҰҰ-ның болашағына қатысты өз пайымын ұсынды.
«Ең алдымен, мен көрнекті лидер Режеп Тайып Ердоғанның басшылығымен Түркияның әлемнің осы бөлігінде атқарып отырған жетекші рөлін атап өткім келеді. Біздің елдеріміз өңірімізде мезгіл-мезгіл туындап тұратын ең өткір мәселелерді шешуде өте оңды, тіпті маңызды рөл атқара алады деп есептеймін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасалатын мемлекеттік сапарын асыға күтетінімізді атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы әлемдік қоғамдастық алдында тұрған негізгі сын-қатерлерге де тоқталды.
«Дипломаттар мен саясаткерлер бүкіл адамзат жол айрығында тұр деп айтуға дағдыланған. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Иә, біз әлі де жол айрығында тұрмыз», – деп жиі қайталайтыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайту мәселесіне келгенде бұл ешқашан өзгермейді. Бүгінде аймақтық қақтығыстар өңір шеңберінен шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – таптырмас, әмбебап ұйым және әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Барлығы БҰҰ-ны қолдау қажеттігін айтады. Бұл – факт. Бірақ сонымен бірге Ұйымды тек қолдап қана қоймай, оны реформалау керек екенін де бәрі айтады. Иә, бұл шындық. Бірақ ашығын айтайық. Бұл жақын арада жүзеге асады деп ешкім сенбейді, өйткені біз БҰҰ-ны реформалау, өзгерту және қайта құру туралы көптен бері мәлімдеп келеміз, бірақ ол орындалмай отыр. Біз БҰҰ-ны реформалаудың басты элементі дәл осы Қауіпсіздік Кеңесі екенін ашық мойындауымыз керек», – деді ол.
Президент қазіргі заманғы әлемдік лидерлерге қойылатын талаптарды да белгіледі.
«Жаһандық лидерлер, сондай-ақ әртүрлі өңірлердегі жекелеген мемлекеттердің басшылары, ең алдымен, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы тиіс деп санаймын. Бүгінгі таңда стратегиялық ұстамдылық өте маңызды рөл атқарады. Осы өте күрделі, тіпті парадоксальды әлемдегі қалыптасқан жағдайдан шығудың жолы, меніңше, қарапайым. Неғұрлым жауапты болу және ұстамдылық таныту қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Ақорданың ақпараты бойынша, Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдай мен халықаралық күн тәртібіне де жеке тоқталды.
«Мен әлемде болып жатқан оқиғаларға неғұрлым саналы түрде қарауға кеңес берер едім. Мысалы, бәрі Иранды талқылауда. Әрине, онда күрделі жағдай қалыптасты. Бұл тұрғыда қандай да бір түсініктеме беру қиын. Қазақстан Шығанақ елдерімен ынтымақтастық білдірді. Біз барлық мемлекеттерді стратегиялық ұстамдылық танытуға және әскери іс-қимылдарды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың кері салдарын бәрі сезінді. Ең алдымен, экономика қатты зардап шекті. Бүгінде бәрі Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін қозғалысы туралы айтып жатыр. Бірақ біз қақтығысқа дейін бұл теңіз дәлізі еркін сауда үшін ашық болғанын ескеруіміз керек. Сондықтан біз мәселенің мәніне назар аударуымыз қажет. Ал мәселенің мәні – ядролық технологиялар мен ядролық қарудың таралуында. Иран төңірегіндегі қақтығысқа келгенде, бұл мәселе келіссөздердің орталық тақырыбы болуы тиіс. Бірақ қазір біз жаһандық сауда мәселелерін талқылауға көштік. Соған қарамастан, жаһандық сауда өсіп жатыр. Тек өткен жылдың өзінде өсім 2,5%-ды құрады. Сондықтан әлемдегі сауда жағдайы онша жаман емес. Бірақ сауданың сапасы мен мазмұны – үлкен мәселе», – деді Президент.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ны реформалау қажеттігі туралы да пікір білдірді.
«Меніңше, БҰҰ-ны реформалау қажеттігін айтқанда барынша прагматик болуымыз керек. Әйтпесе, біз жол айрығы, стратегиялық құндылықтар және басқа да мәселелер туралы шексіз айта береміз. Біз көптеген жаһандық және аймақтық кездесулер, конференциялар өткіземіз. Сондай-ақ Қазақстан, Түркия және басқа да елдер жататын «орта державалардың» маңызды әрі оң рөлін атап өткім келеді. Әрине, мен әлемдегі ең үздікпіз деп мақтанбаймын. Бірақ біз жаһандық процестерге қатысты – іс жүзінде де, дипломатияда да жоғары жауапкершілік танытып отырмыз. Сондықтан бүгінде орта державалар Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі мемлекеттерге қарағанда жиірек жауапкершілік танытады десек, артық айтқандық емес. Өкінішке қарай, ірі державалар негізгі жаһандық мәселелердің шешілуіне жиі тосқауыл қояды», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Президент халықаралық ұйымдар рөлінің төмендеуіне алаңдаушылық білдірді.
«Біз аймақтық және жаһандық қақтығыстар туралы айтамыз, бірақ сонымен бірге, бәлкім, Сіз Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ретінде байқаған боларсыз, барлық негізгі келіссөздер БҰҰ және басқа да ірі халықаралық құрылымдардың алаңынан тыс жерде өтіп жатыр. Адамдар БҰҰ қабырғасында емес, белгілі бір астаналарда, бөлек конференция залдарында кездеседі. Біз БҰҰ-ның жоғары өкілдерінің бұл қақтығыстарда делдал болып жатқанын көрмейміз. Бұл – күрделі мәселе. Бұл жерде БҰҰ рөлінің төмендеуі туралы сөз болып отыр. Мен бұған қатты алаңдаймын, өйткені өзім де БҰҰ жүйесінде және басқа да халықаралық ұйымдарда жұмыс істедім. Қазір бәрі БҰҰ-ның келесі Бас хатшысы кім болатынын талқылауда. Меніңше, бұл соншалықты маңызды емес. Ең бастысы – бүкіл жүйе қазіргі қалыпта сақталып қала ма, жоқ па», – деп мәлімдеді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін тағы да қадап айтты.
«Жаңа ғана атап өткенімдей, бұл оғаш, тіпті күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ дәл осы Қауіпсіздік Кеңесі маңызды халықаралық мәселелердің шешілуіне кедергі келтіріп отыр. Адамдар, дипломаттар немесе саясаткерлер басқа алаңдар аясында келіссөздер жүргізуге мәжбүр. Айтпақшы, бұл мәселені Президент Дональд Трамп өткен жылдың қыркүйек айында Бас Ассамблея сессиясында өте анық айтты және мен онымен толық келісемін. Ол БҰҰ штаб-пәтеріндегі жұмыс істемейтін телесуфлер мен эскалаторды сынға алып, БҰҰ-да бәрі бұзылған деп мәлімдеді. Бірақ ең үлкен мәселе – БҰҰ-да да, басқа құрылымдарда да бейбітшілікті сақтаудың бүкіл процесі бұзылған. Мен көпжақты дипломатияның жақтаушысымын және адамзаттың бейбітшілікті нығайтудың орталық элементі ретінде әділдік идеясының төңірегіне біріккен жарқын болашағына әлі де сенемін», – деді ол.
Сондай-ақ Президент БҰҰ-ның тәсілдерін жаңарту қажеттігіне назар аударды.
«Ұйым 80 жыл бұрын құрылған және оны ескірген, тіпті құлдырауға ұшыраған деп санайтындардың уәжі орынды. Біз БҰҰ Жарғысының мазмұнына назар аударуымыз керек, онда «жау мемлекеттер» деп аталатындар туралы айтылады. Иә, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті болатын. Бүгінде сол «жау мемлекеттер» Ұйымды қолдау мен қаржыландыруда және бейбітшілікті сақтау процесіне жәрдемдесуде өте маңызды рөл атқарады. Ең бастысы – БҰҰ-ның тиімділігі мен беделін арттыру», – деп есептейді Президент.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы превентивті дипломатияның маңызын атап өтті.
«Бұл мәселе көптеген жылдар бойы, кем дегенде соңғы 30 жыл бойы талқыланып келеді. Бірақ өте әдемі сөздерден, декларациялардан басқа ештеңе болып жатқан жоқ. Меніңше, біз аймақтық немесе жаһандық қақтығыстарды болжау шараларына назар аударуымыз керек, бұл – превентивті дипломатия. Сонымен бірге біз тиімді көпжақты дипломатияны қолдау бойынша күш-жігерімізді біріктіруіміз керек», – деп түйіндеді Тоқаев.