🌐 Әлем

«Қаққаннан кейін қасақана өлтіру»: Қытайдағы сұмдық құбылыстың түп-төркіні неде?

Қытайда жарияланған бір видео көпшілікті алаңдатып тастады. Онда жүргізуші қағып кеткен адамға қайта оралып әдейілеп соққы жасағаны көрінеді. Осы оқиғадан кейін қоғамда «неге мұндай жағдайлар кездеседі» деген сұрақ күшейді. Расында Қытай заңдары жүргізушіні жәбірленушіні құтқаруға емес, басқа бағытқа итермелейтіндей ме? Бүгін біз осы даулы пікірдің қаншалықты шындыққа жақын екенін анықтап көреміз, деп жазады Ozgeris.info.

Әңгімені әлімсақтан бастайық

Қытайдың әлеуметтік желілерінде тараған бұл видео көпшілікті дүр сілкіндірді. Онда жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кеткеннен кейін тоқтамай өтіп кетеді де, артынан кері оралып, жерге құлаған адамға әдейілеп тағы соққы жасайды. БАҚ-та жарияланған дерекке қарағанда, жүргізуші мұны саналы түрде істеген, себебі ол жарақат алған адамның аман қалуын мүлде қаламаған.

Бұл жағдай бір оқиғаға тән ерекше қатігездік емес, мұның астарында Қытай заңнамасындағы белгілі бір нормалардың әсері бар деген қауесет желдей есті. Елде ұзақ уақыттан бері айтылып келе жатқан мәселе – жүргізушінің жауапкершілігі жәбірленушінің тірі қалуы немесе қаза табуына байланысты қатты өзгеріп кетеді. Халық сөзіне сенер болсақ, Қытай заңдары бойынша, егер жаяу жүргінші тірі қалса, жүргізуші оның өмір бойғы емдеу шығындарын, оңалтуын, күтімін, тіпті жұмысқа жарамай қалған жағдайда табысының орнын толтыруды төлеуге міндеттеледі. Кейде бұл төлемдер жүргізушінің табысының 50%-ына дейін жетуі мүмкін, тіпті ондаған жылдар бойы жалғасады.

Ал егер жәбірленуші оқиға орнында немесе кейіннен көз жұмса, жүргізуші әдетте тек бірнеше жыл түрме жазасына кесіледі. Бұл – ауыр, бірақ шектеулі мерзім. Ең бастысы, өмір бойы өтемақы төлеу міндеті болмайды. Осы айырмашылықтың салдарынан қоғамда «жәбірленушінің тірі қалғанынан, қаза табуы жүргізушіге жеңілірек» деген даулы пікір қалыптасқан. Мұның өзі кейбір оқиғаларда адам өміріне деген көзқарастың дұрыс емес бағытта қалыптасуына түрткі болуы мүмкін.

Оқиға сөйлесін...

Қытайда көлік қақтығысы болғанда жүргізушінің жәбірленушіні құтқаруға емес, қайтадан басып өлтіруге тырысады деген әңгіме бұрын көп адамға ертегі сияқты естілетін. Бірақ 2015 жылы Фошань қаласында болған оқиға халықты бұл сөзге бек сендіре түсті.  Бүкіл елді дүрліктірген сол жағдайды адамдар әлі күнге дейін ұмыта қоймаған. Фошаньдағы жеміс-жидек базарында жарыс көлігіндей қатты жылдамдықпен кірген BMW көлігі екі жасар қызды қағып кетеді. Көлік қыздың басынан басып өткен. Осыны көрген анасы жан даусымен «Тоқта! Сен баланы қағып кеттің!» деп айқайлайды. Жүргізуші бір сәтке тоқтаған сияқты, бірақ артынша артқа жүріп, қызды тағы да басып өтеді. Осыдан кейін де тежелмей, үшінші рет алға жүріп баланың денесін қайта жаншып кеткен.

Кейін анықталғандай, көлікті жүргізген әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған. Ол оқиға орнының өзінде ата-анамен келісімге келмек болып: «Менің жүргізгенімді айтпаңдар. Оны күйеуімнің мойнына қоюға болады. Біз ақша төлейміз», деп ұсыныс жасаған.

Бұл жағдай Қытайда көптен бері айтылып жүрген, «жарақаттағаннан гөрі өлтіріп кеткен тиімді» деген қоғамдағы түсініктің қайдан шыққанын қайта қозғады. Өйткені бұл сөз жай қауесет емес, көптеген видеодәлелдері бар, өмірде кездесіп жүрген құбылыс.

Өмірден алынған мысалдар да осыны айғақтап, елді есеңгіреткен. Бір жағдайда мүгедек болып қалған азаматтың 23 жыл бойы емделу шығындары шамамен 400 мың доллар болған. Ал қарт әйелді бес рет басып өткен Чжао Сяочэн есімді жүргізуші 70 мың доллар өтемақы төлеп құтылған. 2010 жылы Тайбэй қаласында BMW X6 көлігін жүргізген жас жігіт 3 жасар баланы артқа жүріп, кейін алға жүріп, бірнеше рет басып өтті. Көліктен түсіп, рөлді бір қолымен ұстап тұрып, көлікті тағы да баланың үстіне қарай бағыттағаны камераға түсіп қалған. Бірақ ол да «қоқыс қапшығын басып алдым» деп жауап беріп, тек «абайсыздан өлімге әкелді» деген баппен жазаланған.

Осындай жеңіл үкімдер қоғамды ашуландырып келеді. Өйткені оқиғалардың ішінде баланы алғаш қағып, бірақ тірі екенін көргеннен кейін әдейілеп қайта басып өлтірген мысалдар да аз емес. Бір жағдайда, Сычуань провинциясында үлкен жүк көлігі екі жасар баланы қағып кетеді. Бала есін жия сала жолға түскен қолшатырын алуға еңкейгенде, жүк көлігі артқа жүріп оны басып өткен. Куәгерлердің сөзі мен фотосуреттерді қарамастан, жергілікті полиция «жүк көлігі артқа жүрген жоқ» деп мәлімдеген.

Қытайда мұндай жағдайлар жылдар бойы қоғамды шаршатып, адамдардың әділет жүйесіне деген сенімін азайтқан. Кей кездерде халық өзі жазалауға жұмылған. 2013 жылы Хэнань провинциясында 6 жасар баланы екі рет басып өлтірген жүргізушіні ашынған жұрт көшеде ұрып тастаған.

Дегенмен, бәрі бірдей жазасыз қалмайды. 2010 жылы Сиань қаласында Яо Цзясинь есімді жүргізуші велосипедпен келе жатқан қызды қағып, ол тірі екенін көріп, пышақ сұғып өлтірген. Бұл іс қасақана кісі өлтіру деп танылып, оған өлім жазасы берілген. 2014 жылы Ганьсу провинциясында Чжан Цинда қарт адамды қағып, бірнеше рет айналып басып өлтіргені үшін 15 жылға сотталған.

Бірақ бір қиындық әлі өзгермеген, әр істе «қасақана ниетті» дәлелдеу оңай емес. Кей судьялар, полиция өкілдері жүргізушілердің «қоқыс қапшысы деп ойладым» деген қисынсыз түсіндірмелерін қабылдай береді.

Фошаньдағы BMW оқиғасына қайта оралсақ, 2 жасар баланы үш рет басып өткен әйел сотта бәрін «кездейсоқ болды» деп түсіндірген. Прокурор оның бұл сөзін қабылдап, 2-4 жыл ғана жаза сұраған. Бұрынғы істермен салыстырғанда бұл сәл қатаңдау үкім болса да, қоғам мұнымен мүлде келісе қойған жоқ. Өйткені мұндай жаза келесі бір жүргізушіні тоқтатуға жеткілікті емес.

Шындығында, солай ма?

Факт ретінде айтылған мәліметтердің түп көзіне қарасақ, интернет қолданушылары жиі бөлісетін бұл әңгіме негізінен эмоцияға құрылған әрі нақты дәлелдерге толық сүйенбей тұр. Snopes деген халықаралық беделді факт тексеру платформасы осы тақырыпты арнайы зерттеген. Snopes редакциясы «Қытайда жүргізушілер әдейі өлтіреді» деген пікірді тексеріп, бұл мәлімдемені дәлелдейтін жүйелі статистика жоқ деген қорытынды шығарған. Snopes талдауы көрсеткендей, Қытайда жол апаттары туралы ресми есеп жүргізілсе де, «жәбірленушіні қасақана қайта басу» деген бөлек санат мүлде жоқ. Сондықтан интернетте тараған шулы видеолар жалпы жағдайды көрсетуге жарамайды.

«Бұл пікірді дәлелдейтін айқын дерек жоқ. Қасақана өлтіру – Қытай заңында ең ауыр қылмыс саналады. Жүйе жүргізушіні адам өлтіруге итермелейді деген тұжырымды растайтын мәлімет табылған жоқ», дейді Snopes.

Енді заңның өзіне тоқталайық. Қытайда зиян келтірудің барлық түрін реттейтін негізгі заң бар. Оның ресми атауы – «Law of the People’s Republic of China on Tort Liability». Бұл құжат 2010 жылы қабылданған. Кейін 2021 жылы жаңартылып, Қытайдың Азаматтық кодексінің жеке тарауына енгізілген. Яғни, елдегі барлық азаматтық жауапкершілік осы заңмен реттеледі.

Tort law жәбірленушінің тірі қалуы мен қаза табуына байланысты өтемақының қандай жағдайда және қалай төленетінін нақты айтады. Бірақ интернетте жиі айтылғандай өмір бойы міндеттелген төлем деген бап бұл заңда жоқ. Мысалы, заңның 16-бабында жәбірленуші жарақат алса кінәлі тарап оның ем шығынын күтім ақысын және еңбекке жарамсыздықтан туған шығынды өтеуге міндетті делінген. Бұл төлемдер әр істің ерекшелігіне қарай сотпен белгіленеді. Яғни, біреуге жыл сайын төле деп міндеттеп қою емес нақты жағдайға қарай шешілетін процесс.

Ал жәбірленуші қаза тапқан кезде заңның 17-бабында көрсетілгендей кінәлі адам жерлеу шығынын және өлімге байланысты өтемақыны төлеуі керек. Сонымен бірге жәбірленушінің асырауындағы адамдар болса олардың шығындары да қаралады. Мұның бәрі бір реттік немесе белгілі мерзімге ғана созылатын төлем болуы мүмкін. Бұл жерде де өмір бойы төленуге тиіс деген міндет жоқ.

Заңның 18-бабында мүгедектікке немесе ұзақ мерзімді күтімге байланысты шығын мөлшерін сот анықтайтыны жазылған. Бұл да автоматты түрде өмір бойы жалғасатын төлем емес. Әр істің ауырлығына қарай жеке есептеледі. Сондықтан Tort law тікелей өмір бойғы қаржылық міндет жүктейді деген түсінік дұрыс емес.

Тұрғындар арасында тараған тағы бір қате пікір бар. Адамды өлтіріп қойған тиімді өйткені бір рет төлеп құтыласың дейді. Бірақ бұл заң тұрғысынан қарағанда мүлде қисынсыз. Қытайда қасақана адам өлтіру – Қылмыстық кодекстің бөлек бабымен қаралатын ең ауыр қылмыстың бірі. Бұл үшін ұзақ мерзімді түрме жазасы немесе одан да қатал жаза қолданылуы мүмкін. Сондықтан Tort law жүргізушіні әдейі адам өлтіруге итермелейді деген сөз ешқандай заңдық негізге сүйенбейді.

Осылайша Қытайдың Tort law жүйесі интернетте айтылып жүргендей қарапайым формуламен жұмыс істемейді. Заң әрбір істі жеке саралап шешеді. Өтемақы мөлшері де соттың шешімімен анықталады. Тіпті заңның мәтінін толық қарағанда жүргізушіні әдейі қылмыс жасауға итермелейтіндей норма мүлде кездеспейді. Бұл пікірді Қытайда тұратын Никита есімді азамат Instagram әлеуметтік желісінде қалдырған пікірі арқылы растап отыр:

«Мен Қытайда біраз жылдан бері тұрамын. Сол себепті айтарым, интернетте тараған «жәбірленуші тірі қалса, жүргізуші өмір бойы өтемақы төлейді» деген әңгіме шындыққа онша келмейді. Мұнда ондай нақты заң жоқ. Бұл тақырыпты қытайлардың өзінен де сұрап көрдім. Олар күліп «Егер расында өмір бойы төлем төлеу деген болса, адамдар мұнда күнде көліктің астына секіріп жүрер еді. Сен соған сенсең, өзің де көріп ал» деп айтты. Сондықтан бұл негізсіз, қаңқу сөз ғана», деп жазған.

Қорытындылай айтқанда, Қытайдағы «қаққаннан кейін әдейілеп өлтіру» туралы әңгіменің таралуына бірнеше резонансты оқиға, қоғамдағы өтемақы жүйесіне деген түсінбеушілік және медиа материалдардың эмоциялық әсері себеп болғаны байқалады. Алайда қолда бар дерек көздері мен Tort law талаптары бұл құбылыстың жүйелі немесе заңмен ынталандырылған әрекет еместігін көрсетеді. Жекелеген қайғылы оқиғалар бар, бірақ олар Қытайдағы құқықтық жүйенің жалпы тәжірибесін көрсете алмайды. Демек мәселе заңдағы нақты «ынталандыруда» емес, сот практикасы, тергеу сапасы, әлеуметтік сенім деңгейі және жеке жүргізушілердің жауапсыз әрекеттеріне байланысты.

 

 

Барлық жаңалық