Қоғам

«Қала бар, тіршілік жоқ»: Алматыдағы реновация кеңістікті жұтып барады

Алматы –  Қазақстандағы ең ірі мегаполис. Табиғаты әсем, тауға жақын қалада өмір сүру көп адамның арманы. Алайда кейінгі жылдары қалада кеңістік жылдан-жылға тарылып барады, деп жазады Ozgeris.info. 

Соңғы кездері қай көшеден өтсең де, көз алдыңнан сүрілген ескі үйлер мен олардың орнында көк тіреген жаңа кешендерден көз сүрінеді. Бұл қала дамуының белгісі секілді көрінгенімен, шын мәнінде қоғамның тынысын тарылтатын құбылысқа айналды. Қала реновациясы туралы ресми бағдарлама бар, тіпті қалалық мәслихат 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарды да бекіткен. Бірақ оның іске асуы мен тиімділігіне қатысты сұрақ көп.

Сарапшы Назгүл Сәркенің айтуынша, басты мәселе — қаланың даму философиясында.

«Көпқабатты құрылыс – дамудың жалғыз өлшемі емес. Біз қала тұрғындары үшін өмір сүру сапасы, қоғамдық көлік, инфрақұрылым және тыныс алатын бос кеңістіктер туралы ойлауымыз керек. Қазіргі тығыз құрылыс – бұл жайсыздықтың, тіпті ашуға булықтырудың көзіне айналып бара жатыр»,  дейді ол.

Шын мәнінде, кеңістіктің жетіспеуі – тек психологиялық емес, физикалық проблема да. Жаңа кешендермен бірге мектеп, балабақша, емхана, жол, инженерлік желілер салынбаса, қала өміріне салмақ түседі. Жердің әрбір метрін құрылысқа пайдалану идеологиясы қаланың демін тарылтып жатыр.

«Реновацияның өз принциптері бар: тек меншік иелерінің келісімімен сүрілуі тиіс. Бірақ дәл осы қағида көбіне құрылыс бастамаларының жолын бөгейді. Өткен бағдарламалар  2012-2015 және 2021-2025 жылдар аралығындағы жобалар осы себеппен сәтсіз аяқталған», дейді сарапшы. 

Бір ғана мысал – бұрынғы жеміс-консерві зауыты орналасқан аудан. Бүгінде бұл жерде бір бос жер таппайсыз. Құрылыс тығыз. Көлік тұрағы жеткіліксіз, ал бар жерасты паркингтердің бағасы халық үшін тым қымбат. Көліктер жол мен тротуарға шығып кеткен, ал сейсмикалық қауіпті аймақтағы бұл тығыздық – тек ыңғайсыздық емес, қауіптің нақты көзі.

«Біз қаланы жаппай тығыз салумен өлшеп отырмыз. Алайда қала  бұл тек ғимараттар емес. Ол  тыныс алатын кеңістік, адамдарға жайлы өмір сүру мүмкіндігі. Қазір біз қала бар, бірақ тіршілік жоқ деген кезеңге тап болдық»,  дейді сарапшы.

Мәселе тек Алматыда ғана емес. Қазақстандағы урбанизацияның жүйесіз, қысыммен жүріп жатқаны алаңдатады. Реновация тек бұзу мен салу ғана емес, ол – қаланы қайта ойлау, қайта жасау, қайта тірілту. Ал егер біз тек пайда мен тиімділікті ғана көздесек, ертең бұл қалалар адамдар үшін емес, көлеңкелер үшін салынған бос кеңістікке айналуы мүмкін.

Барлық жаңалық