✅ Пайдалы

Қажылыққа барамын деп алданбаңыз: заңсыз виза қандай қауіп әкеледі?

Қажылыққа барамын деп алданбаңыз: заңсыз виза қандай қауіп әкеледі?

Қасиетті сапар – жүректің қалауы, рухтың талабы. Соңғы жылдары қажылық пен ұмраға баруға ниетті азаматтар саны айтарлықтай артты. Бұл – қоғамдағы рухани сұраныстың күшейгенін көрсетеді. Бірақ дәл осы сұраныс алаяқтардың да назарын аударды, деп жазады Ozgeris.info «Қаржылық сауат» телеграм-арнасына сілтеме жасап.

 Виза рәсімдеу, тур таңдау, келісімшартқа салғырт қарау салдарынан көптеген адам қаржылық шығынға ұшырап, сапарынан қағылып жатыр. Мамандар мәселенің түп-төркінін қарапайым нәрсемен байланыстырады: сенім бар, бірақ тексеру жоқ. Қажылық – қарапайым сапар емес. Ол қатаң тәртіпке бағынады. Сондықтан ең бірінші түсінетін нәрсе – заң талаптары. Көп адам осы тұста қателеседі. Бірі «жеңіл жол бар» деп сенеді, енді бірі құжатқа мән бермейді.

«Оқырман арасында осы виза мәселесіне қатысты сұрақтар жиі қойылады. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына ресми түрде хат жолдап, нақты жауап алдық. Алда Үлкен қажылық маусымы келе жатыр. Бұл сапар Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі тарапынан қатаң регламенттелген. Сондықтан оған тек арнайы қажылық визасы арқылы ғана баруға болады. Туристік визамен немесе ұмра визасымен үлкен қажылыққа бару – заңсыз әрекет. Соңғы жылдары Сауд Арабиясында тексеріс күшейді. Заң бұзған азаматтарға ірі көлемде айыппұл салынып, елден депортация жасалады. Кей жағдайда қайта кіруге толық тыйым салынады. Сондықтан қажылыққа ниет еткен адам ең алдымен ресми тіркелген, лицензиясы бар, тәжірибесі қалыптасқан, уәкілетті органдармен жұмыс істейтін, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған туроператорларға ғана жүгінуі керек. Бұл – қауіпсіз әрі заңды жол ғана емес, өз құқығыңды қорғаудың бірден-бір кепілі», дейді «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы.

Бұл жерде ең қауіпті нәрсе – «қалай да кіріп кетем» деген ой. Себебі заңды айналып өту тек тәуекел емес, тікелей қауіп. Адам ақшасын төлеп, дайындалып, ақыры шекарадан өте алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар аз емес.

Ұмра сапары қажылықтан бөлек қарастырылғанымен, тәуекел мұнда да аз емес. Керісінше, бақылау әлсіздеу болғандықтан, алаяқтық жиі кездеседі. Көпшілік дәл осы жерде қателеседі. Жарнамаға сенеді, арзан ұсынысқа қызығады, ал құжатқа мән бермейді.

«Ұмра сапарына барғысы келетін адам ең алдымен сапарды ұйымдастыратын компанияның заңды тіркелгенін тексеруі тиіс. Туроператорлық лицензиясы бар ма, қызмет көрсету шарттары қалай рәсімделген – осының бәрі анық болуы керек. Барлық қызмет түрі ресми түрде рәсімделіп, келісімшартта нақты көрсетілуі тиіс: тур-код, виза, әуе билеті, қонақүй, трансфер. Сонымен қатар компанияның нақты кеңсесі мен жауапты тұлғалары көрсетілуі қажет. Бұл талаптар жай қағаз жүзіндегі рәсім емес, азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі тетік. Ұмра сапарын ұйымдастыратын компанияның заңдылығын Туристік Қамқор корпоративтік қоры арқылы тексеруге болады. Бұл қор Қазақстан азаматтарының сыртқы туризм саласындағы құқықтарына кепілдік береді. Егер осы талаптар сақталмаса, азамат үлкен тәуекелге барады», деп түсіндіреді арна.

Көп адам келісімшартты формальды құжат ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде ол – негізгі қорғаныс құралы. Құжат жоқ жерде талап жоқ. Талап жоқ жерде жауапкершілік те болмайды. Сондықтан келісімшарт мазмұнына ерекше мән беру қажет. Әсіресе сапардың нақты шарттары көрсетілуі тиіс. Себебі кейін туындайтын дау-дамай дәл осы құжат арқылы шешіледі.

«Ұмра сапарына қатысты келісімшартта міндетті түрде тур-код көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар сапар бағдарламасы, көрсетілетін қызметтердің толық тізімі, ұшу және орналастыру туралы мәліметтер, төлем тәртібі мен қаражатты қайтару шарттары нақты жазылуы қажет. Бұл мәліметтер неғұрлым толық болса, соғұрлым азаматтың құқығы қорғалады. Сонымен қатар ресми туроператорлар тізімі жыл сайын жаңарып отырады. Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жарияланады. Азаматтар тек сол дереккөзге сүйенуі тиіс. Биыл қажылық маусымын ұйымдастыру үшін 14 туроператор іріктелді. Олардың қатарында «Tawaf travel», «Sanabil kz», «Сембекова и К», «Nurkhan travel», «Атлас Туризм», «Хидаят-Нур», «Mina travel», «Qazaq Saqar», «Dostik travel», «Нұр-Қазақстан», «Хикмет Тревел», «Delta Tour», «Robinson KZ», «Ал-Маруа» компаниялары бар. Тек осындай ресми операторлармен жұмыс істеу – сапардың қауіпсіз өтуінің басты шарты», деп нақтылайды арна.

Алаяқтық жағдайында көмек мәселесі де маңызды. Бұл жерде көпшілік діни басқарма толық жауап береді деп ойлайды. Алайда құқықтық тұрғыдан шекара нақты белгіленген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұмра қызметін тікелей реттемейді. Ол – құқық қорғау органы емес, лицензия беретін орган да емес. Дегенмен азаматтар шетелде қиын жағдайға тап болса, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы консулдық қызметіне жүгіну мүмкіндігі бар. Ал нақты құқықтық баға беру, шара қолдану мемлекеттік органдардың құзыретінде.

 

 

Барлық жаңалық