«Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешева продюсер Баян Алагөзованың қолындағы қамзолдың түпнұсқа екенін растады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл туралы журналист Гүлбану Әбенова жазды.
"Жаңа ғана Меруерт Өтекешева ханыммен атышулы камзол жайлы сөйлестім. Ол Баян қолындағы камзолдың түпнұсқа екенін растады. Кезінде көптеген реквизиттер мен костюмдердің жан-жаққа тарап кеткенін айтты. Музейде сақталған жалғыз ғана нұсқасы бар екен, бірақ оған да дұрыс күтім жасалмай отырғанын жеткізді", — деп жазды журналист.
Оның сөзінше, желіде дау тудырған бұл қамзол осы уақытқа дейін біреудің үйіндегі сандықта жатқан.
"Бұл камзол қайда сақталуы керек деген сауалға өз пікірін білдіргісі келмеді. Камзол төңірегіндегі әңгіменің тым көбейіп кеткені өзіне аса ұнамайтынын айтты. Ал қазір, актрисаның пікірінше, әңгіме ең алдымен өзі жайлы айтылуы керек. Себебі осы фильмде ойнағандардың ішінен тірі қалған жалғыз өзі екенін айтты. Миллиардердің әйелі мерейтойын тойлап берем дегенге шамасы үміттеніп отырған сияқты әсер қалдырды. Осы жылдың ақпанында Меруерт ханым 75-ке толды. Денсаулық, ұзақ өмір тілейік, қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан актрисамызға", — деді ол.
Гүлбану Әбенова Мәдениет министрлігі бұл істі қолға алып, жұрттың сандығында жатқан фильмнің барлық заттарын жинауы керек деп есептейді.
Еске салайық, Баян Алагөзова желіде «Қыз Жібек» фильміндегі басты кейіпкердің қамзолын киіп түскен видеосын жариялағаннан кейін қоғамда пікірталас туды. Осыдан соң Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи жәдігердің жекеменшікке қалай өтіп кеткенін тексеретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, жақында продюсер қамзолға қатысты қоғамда туындаған дауға жауап берген болатын.