Былтыр елімізде картоп бағасы шарықтады. Қымбатшылық тұтынушылардың наразылығын тудырып, қоғамда кеңінен талқыланған еді. Фермерлер қымбатшылықтың орын алуы мемлекеттің, оның ішінде ауыл шаруашылығы министрлігінің және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың әлсіз жұмысы деп есептейді. Олардың айтуынша, нарықта нақты және тұрақты ережелер жоқ. Субсидия жүйесі тұрақсыз және ауыл шаруашылығына қолдау аз. Сол себепті картоп бағасы «дала нарығының» заңдарына бағынуына тура келді. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Картоп азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі өнімдердің бірі. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы елде шамамен 4 миллион тонна картоп өндірілген. Бұл көлем елдің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп, артығын экспорттауға да мүмкіндік береді деген түсінік қалыптастырды. Алайда, картоп және көкөніс өсірушілер одағының өкілдері өндірілген картоп көлемі бар жоғы 2 миллион тонна шамасында ғана болғанын айтты. Яғни аталмыш көлем ішкі сұранысты әрең жабады. Ресми деректер мен шынайы жағдай арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Соның салдарынан мол өнім кезінде көбірек пайда табуды көздейтін экспорт ел ішінде маусымаралық кезеңде картоп тапшылығына әкеледі, салдарынан бағаның өсуіне де әсер етеді.
Фермерлердің айтуынша, бағаның өсуінің негізгі себебі өндірістік шығындардың өсуі. 2020 жылдан 2024 жылға дейін дизель отынының бағасы 30%-ға өсіп, 190 теңгеден 247 теңгеге жетті. Минералды тыңайтқыштардың бағасы 40%-ға қымбаттады. Себебі тыңайтқыштар Ресейден әкелінеді, одан бөлек теңгенің құнсыздануы да бар. Қытайдан әкелінетін гербицидтер мен пестицидтердің бағасы да осы кезеңде 25%-ға өскен. Ресей, Беларусь, Германия және Франциядан жеткізілетін картоп тұқымдарының бағасы жыл сайын орта есеппен 20%-ға қымбаттап келеді. Қазақстандағы тұқым шаруашылықтары бұл тәуелділікті азайта алар еді, бірақ оларға мемлекеттік қолдау жоқтың қасы. 2023 жылы тұқым шаруашылығына бөлінген субсидия жалпы ауыл шаруашылығына бөлінген 400 миллиард теңгенің тек 4 миллиарды болды, яғни 1%-дан аз.
Фермерлік шаруашылықтарды техникамен қамтамасыз ету де қымбаттап барады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы 35%-ға, ал қосалқы бөлшектердің бағасы 50%-ға өсті. 2024 жылы фермерлердің тек 15%-ы ғана жылына 6% жеңілдікпен несие ала алды. Қалғандары өндіріс көлемін азайтуға немесе шығынды өнім бағасына қосуға мәжбүр. Фермерлердің пікірінше, нан мен ет бағасы мемлекет тарапынан қатаң бақылауда, ал картоп бағасы еркін қалыптасады. Бұл әділетсіздік.
Нарықта тұрақты ережелер жоқ. 2024 жылдың желтоқсанында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына қатысты субсидия ережелері 70-тен астам рет өзгергенін айтты. Салдарынан фермерлер ұзақ мерзімді жоспар құра алмайды. Сонымен қатар аудит нәтижесі бойынша 5 миллиард теңге субсидия жұмысын тоқтатқан 2500 кәсіпкерге берілген, тағы 5,4 миллиард теңге ауыл шаруашылығына мүлдем қатысы жоқ 3000 кәсіпорынға төленген. Аталмыш заңға қайшы әрекеттер фермерлердің мемлекетке сенімін азайтады. Сондықтан көп фермерлер тез төлем жасайтын жекеменшік делдалдармен жұмыс істеуді жөн көреді, алайда олар өнімді төмен бағамен сатып алады екен.
Қазақстанда картоп өсіру технологиясы стандартты. Жерді дайындау, тыңайтқыш себу, отырғызу, гербицидпен өңдеу және өнім жинау кезеңдері бар. Басты белгісіздік ауа райы. Ал тұқым сапасы, жердің жағдайы, ылғалдылық секілді факторларды фермер белгілі бір жағдайда басқара алады. Бірақ бұл үшін уақытылы қаржылай қолдау қажет. ӘКК тарапынан форвардтық сатып алу (алдын ала қаржыландыру) жүйесінің жоқтығы басты мәселелердің бірі. Фермерлердің айтуынша, мамыр айында отырғызылатын картоптың тұқымы ақпанда дайын болуы керек, ал оған қажетті қаржы қаңтарда қолда болуы тиіс. Алайда бұл кезде мемлекеттік бюджет әлі бекітілмейді, сондықтан фермерлер жыл сайын қаржы тапшылығына тап болуда.
Картопты сақтау мәселесі де әлі шешілмей келеді. 2024 жылы көктем ерте келгендіктен, ӘКК фермерлермен меморандумдарға уақытында қол қоя алмаған. Соның салдарынан ішкі нарықты қамтамасыз ету жоспары бұзылды. Жергілікті картоп қоры тез таусылып, елге Өзбекстаннан жаңа картоп импорттауға тура келді. Оның бағасы 350 теңге, яғни жергілікті өнімнен 40%-ға қымбат. Фермерлердің айтуынша, картоп «тірі өнім», оны сақтау үшін арнайы қоймалар қажет. Бірақ 2023 жылы қойма салу мен жаңартуға тек 10 миллиард теңге бөлінген, бұл қажетті инфрақұрылымның тек 5%-ын ғана қамтыды. Нәтижесінде өнімнің едәуір бөлігі бұзылып, шығынға ұшырайды. Картоп өсірушілер одағының есебінше, жыл сайын жиналған өнімнің 15%-ы немесе шамамен 300 мың тоннасы осылайша жарамсыз болып қалады.
Импортқа тәуелділік жағдайды одан сайын қиындатады. 2024 жылы тұқым, тыңайтқыш, гербицид, пестицид сатып алу үшін шетел валютасы қажет болды. Бірақ соңғы екі жылда теңге долларға шаққанда 10%-ға құнсызданды. Бұл өндіріс шығындарын өсіріп, дүкендердегі бағаның да көтерілуіне әкелді. 2024 жылы Ауыл шаруашылығы министрі картоп бағасының қымбаттығын ел ішінде қордың жеткіліксіздігімен түсіндірді, бірақ нақты шешім ұсынған жоқ.
Фермерлер мемлекет қолдау көрсетсе, өнім көлемін де, сапасын да арттыруға дайын екендерін айтады. 2023 жылы Қазақстанда картоптың орташа өнімділігі гектарына 20 тонна болды. Ал ауыл шаруашылығы дамыған Нидерланды сияқты елдерде бұл көрсеткіш 40 тоннаға жетеді..
Қазіргі жағдайда фермерлерде тұрақтылық жоқ, яғни нарықтың құбылуына сай жұмыс істеуге мәжбүр. Шын мәнінде, мемлекетте бағаны тұрақтандыруға барлық құрал бар. Атап айтқанда, қаржы, басқару жүйесі және заңнамалық база. 2024 жылғы деректерге қарағанда, картоптың бөлшек саудадағы бағасы 25%-ға өсіп, орташа 250 теңгеге жеткен. Биыл да Қазақстанның түрлі өңірлерінде картоптың бөлшек бағасы екі есеге дейін өскен. Ақтөбеде қаңтар айының басында картоптың бір келісі 200 теңгеден аспаса, соңғы аптада 388 теңгеге дейін көтерілді. Жетісу өңірінде баға 400 теңгеден асып кетті, бірақ сапасы жоғары. Астанада ең қымбат картоптың бағасы – 455 теңгеге дейін шарықтаған.