✅ Пайдалы

Мемлекет қандай азаматтардың коммуналдық төлемін өтеп береді – пайдалы кеңес

Мемлекет қандай азаматтардың коммуналдық төлемін өтеп береді – пайдалы кеңес

Ол «тұрғын үй көмегі» деп аталады және жергілікті бюджеттен төленеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Көмек су, жарық, жылу мен газ ақысын ғана емес, тұрғын үйге байланысты бірқатар басқа шығынды да қамтиды.

Тұрғын үй көмегі Қазақстан аумағындағы жалғыз баспанасында тұрақты тіркеліп, тұратын аз қамтылған азаматтарға беріледі. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспанада немесе әкімдік жеке тұрғын үй қорынан жалдаған баспанада тұратын азаматтар да көмекке үміткер бола алады.

Көмек тағайындауда отбасының табысы мен тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны салыстырылады. Қолданыстағы қағида бойынша отбасының мұндай шығындарға жұмсайтын шекті деңгейін жергілікті өкілді органдар отбасының жиынтық табысының 5%-дан 10%-ға дейінгі мөлшерінде белгілейді. Егер нормативтер шегіндегі тұрғын үй-коммуналдық шығын осы мөлшерден асып кетсе, айырмасы тұрғын үй көмегі ретінде өтеледі.

Мысалы, Астанада шекті деңгей отбасының жиынтық табысының 5%-ы болып белгіленген. Егер отбасының айлық жиынтық табысы 200 мың теңге болса, оның 5%-ы – 10 мың теңге. Коммуналдық және тұрғын үйге байланысты есепке алынатын нормативтік шығын, мысалы, 25 мың теңге болса, айырмасы – 15 мың теңге. Тиісті талаптар орындалған жағдайда осы айырма тұрғын үй көмегі ретінде есептелуі мүмкін. Алайда нақты сома отбасының табысына, коммуналдық шығынына және белгіленген тұтыну нормативтеріне байланысты жеке есептеледі.

Қандай төлемдер өтеледі?

Тұрғын үй көмегі электр энергиясы, су, жылу, газ және басқа коммуналдық қызметтерге жұмсалған шығындардың бір бөлігін қамтиды. Бұдан бөлек, көппәтерлі үйді басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау, оның ішінде күрделі жөндеуге арналған жарналар да есепке алынады. Сондай-ақ телефон үшін абоненттік төлемнің өсуіне байланысты шығындар және мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе әкімдік жалдаған жеке тұрғын үй қорынан берілген баспананы пайдалану ақысы ескеріледі.

Көмектің бәріне бірдей белгіленген нақты сомасы жоқ. Оның мөлшері отбасының табысы мен нормативтер шегінде есепке алынатын тұрғын үй-коммуналдық шығын арасындағы айырмаға байланысты анықталады. Сондықтан бір отбасы айына бірнеше мың теңге алса, басқа отбасының өтемақысы одан жоғары немесе төмен болуы мүмкін.

Кімдер ала алмайды?

Негізгі талаптардың бірі – азаматтың Қазақстан аумағындағы меншігіндегі баспана жалғыз болуы керек. Ресми түсіндірмеде бірден артық тұрғын үйі бар азаматтарға тұрғын үй көмегі берілмейтіні көрсетілген. Сондай-ақ қажетті талаптарға сәйкес келмеу немесе құжаттардың толық ұсынылмауы көмек тағайындаудан бас тартуға негіз болуы мүмкін.

Тұрғын үй көмегіне eGov порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтініш беруге болады. 2026 жылы қағидаларға енгізілген өзгерістерден кейін қажетті мәліметтердің бір бөлігін мемлекеттік орган автоматтандырылған ақпараттық жүйелер арқылы өзі сұратады.

Мәселен, Астанада өтініштер ХҚКО немесе eGov арқылы әр тоқсан сайын қабылданады. Елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, көмек коммуналдық және басқа да есепке алынатын қызметтер құны отбасының жалпы табысының 5%-ынан асқан жағдайда тағайындалады.

Осылайша, коммуналдық төлемі отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретін табысы төмен азаматтар шығынның барлығын өз қалтасынан төлеуге міндетті емес. Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда оның бір бөлігін жергілікті бюджет өтейді.

Барлық жаңалық