Мемлекет басшысы аты аңызға айналған қолбасшы, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешім қабылдады деп хабарлайды Оzgeris.info сілтемемен Ақорданың баспасөз қызметіне.
Айта кетейік, кеше Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Ол ерлігі мен әскери шеберлігі арқылы тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танылған тарихи тұлға. Халқымыз оның батырлығын әрдайым құрметтеп келгенімен, осы уақытқа дейін ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген еді.
Президенттің айтуынша, бұл мәселені өңір жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері мен жастар бірнеше рет көтерген. Мемлекет басшысы тарихи әділдікті қалпына келтіру қажет екенін атап өтті.
«Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Бауыржан Момышұлына “Халық қаһарманы” атағын беру туралы шешім қабылдадым. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қойдым. Құжат ресми түрде жарияланады», — деді Президент.
Мемлекет басшысы батырдың есімі шынайы патриотизм мен ерліктің символына айналғанын атап өтіп, оның өнегесі әрдайым ұрпаққа үлгі болатынын айтты.
Сондай-ақ Бауыржан Момышұлының ерлігі аңыз ғана емес, нақты тарихи деректермен дәлелденген, Ұлы Отан соғысына қатысқан қаһармандар тарапынан мойындалған шындық екені ерекше атап өтілді.
Президент өз сөзінде ерлік пен адал еңбекті бағалай білетін қоғам ешқашан жеңіліске ұшырамайтынын жеткізді.