Отандық тауар өндірушілер «Made in Kazakhstan» жобасы туралы пікірлерін білдірді. Оларды тығырыққа тіреген проблемаларды ашып айтты. Неге бұл жоба біз қалағандай жұмыс істемейді? Заңның шикілігін қалай түзеуге болады? Қажетті нормалар қабылданса, отандық өнімдер импортқа тәуелділіктен арыла алады ма? Бағасы қолжетімді болады ма? Мамандардың пікірі қандай? Ozgeris.info тілшісі анықтап білді.
Отандық тауар өндірушілердің мәселесі тағы да күн тәртібінде. Мемлекеттік органдар барлығын оң бағалап отырса да, кәсіпкерлер «Made in Kazakhstan» жобасының толыққанды жүзеге асуына кедергі келтіріп отырған мәселелердің бетін ашты. Олар арнайы заңның жоқтығынан зардап шегуде. Яғни, сатып алулар және шикізатқа қолжетімділік қиын.
Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларды қоса алғанда, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 53–54%-ға жетті. Өткен жылмен салыстырғанда отандық тауар өндірісі 5%-ға, көрсетілген қызмет көлемі 4,5%-ға артқан.
2025 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң күшіне енді. Министрліктің мәліметінше, жылдың алғашқы жартысында қазақстандық өндірушілермен 106 мыңнан астам келісімшарт жасалып, олардың жалпы құны 333 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Жаңа заң аясында жергілікті өндірушілерге аванс мөлшері 50%-ға дейін арттырылды, төлем мерзімі 30 күннен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды, сондай-ақ 3%-дық шартты жеңілдік қарастырылды.
Қазір мемлекет Қазақстандық тауарлардың бірыңғай тізілімін құруда. Ол қолданыстағы СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды алмастырады. Жаңа жүйе 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылмақ.
Бизнес көріп отырған кедергілер
Ресми көрсеткіштерге қарасақ, өсім бар. Десе де, кәсіпкерлер мұны жасандылыққа балайды. Іс жүзінде қазақстандық компаниялардың нарыққа қолжетімділігі шектеулі.
«Мысалы Астана-Алматы автожолын жөндеу жұмыстарын алайық. Шартты түрде Стройинвест компаниясы мемлекеттік жобаларда тендер ұтып алды. Осы жұмыстар аясында жеңімпаз материалдарды шетелден сатып алуға ерікті, Қытай, Ресей, Өзбекстаннан ала алады. Оның сапасы да бөлек мәселе. Осылайша, жергілікті өндірушілерді айналып өте алады», - дейді маман Батырбек Әубакіров.
Кәсіпкерлер атап көрсеткен негізгі проблемалардың ішінде коммуналдық қызмет пен тасымал тарифтерінің бақылаусыз әрі тұрақты түрде өсуі. Одан бөлек, экспортты қолдау жүйесі жұмыс істемейтіні де мәселені ушықтырып отыр. Салықтық ауыртпалық пен жобалау құжаттамасында отандық тауарды көрсетуге қатысты талаптың орындалмауы кедергілердің ең негізгілері.
Биыл Ұлттық экономика министрінің тапсырыс берушінің міндеттемелерін реттейтін арнайы бұйрығы шыққанына қарамастан, отандық компаниялар көрші елдермен бәсекеге түсе алмай отыр. Салдарынан кейбір кәсіпорындар жабылуға мәжбүр болады дейді мамандар.
«2015 жылдың 19 наурызында Ұлттық экономика министрінің №229 бұйрығы қабылданған. Онда тапсырыс берушінің функциялары реттеліп, жобалық құжаттамада қазақстандық тауарларды қолдану міндеттелген. Бұл жерде тапсырыс беруші жергілікті әкімдік. Іс жүзінде бұл тетік жұмыс істемейді, яғни отандық тауарлар көрсетілмейді де, таңдалмайды да», - дейді ҚР өңдеу өнеркәсібі одағының директоры Әсел Дангилова.
Кәсіпкерлердің шағымдары
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының проблемалар тізіліміндегі кәсіпкерлердің шағымдарына тоқталып өтейік.
- Медициналық техника саласы: аймақтық сатып алуларда техникалық талаптар шетелдік өнімдерге бейімделіп жазылады, соның салдарынан қазақстандық өндірушілердің мүддесі шектелуде.
- Индустриялық сертификаттар: бизнес ұзаққа созылатын бюрократиялық рәсімдерге, сертификат берудегі қиындықтарға шағымдануда.
- Шикізат қолжетімділігі: 2022 жылы президенттің өзі өндірушілердің шикізатқа қол жеткізе алмауына қатысты әрбір шағымды жеке қарауды тапсырған болатын.
2025 жылдың II тоқсанындағы «Бизнес климаты» сауалнамасында кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алудағы қиындықтарды атап өтетін үлесі 25,7%-дан 28,5%-ға өскен. Ал өңірлерде шағым көлемі жоғары. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 16 мыңнан астам өтініш түскен, олардың тек 9,6 мыңы қанағаттандырылған.
Салалық кәсіпкерлер қауымдастықтарының пікірінше, жағдайды түзеудің жалғыз жолы «Made in Kazakhstan» жобасын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізіп, кешенді мемлекеттік протекционизм жүйесін құру. Сарапшылардың айтуынша, тек жан-жақты қолдау ғана кәсіпорындарға өндірісті ұлғайтуға, роботтандыруды енгізуге және жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Барлық ұсынылған шаралар жүзеге асқан жағдайда үш жылдық перспективада ЖІӨ-ні қазіргі деңгейден 75%-ға арттыруға, жұмыс орындарының санын екі есе көбейтуге және кадрлардың сапасын көтеруге болады. Аналитиктердің пайымынша, 2026 жылға қарай сатып алудағы отандық үлесті 45–50%-ға дейін жеткізу мүмкін, бұл стратегиялық сегменттердегі импортқа тәуелділікті азайтып, өнеркәсіптің экспорттық әлеуетін нығайтады.
"Made in Kazakhstan" жобасы Мемлекет басшысы өз жолдауында бірнеше рет назар аударған стратегиялық бағыт. Президент өнеркәсіп пен экспорттың өсуіне тұрақты негіз құру қажеттілігін ерекше атап өтті. Енді, сарапшылар түйіндегендей, ең бастысы жоспарланған шараларды іс жүзінде жүзеге асыру.