📰 Сарапшылар пікірі

Кредит төлей алмасақ не болады?

Қазіргі таңда несие алу – көпшіліктің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Үй, көлік, тұрмыстық техника немесе күтпеген шығындардың бәрі көбіне банк пен қаржы ұйымдарының несиелері арқылы өтеліп жатады. Дегенмен, қарызды уақытылы өтеу мүмкіндігі әркімде бірдей болмайды. Мұндай жағдайда адамдар арасында «қарызды төлемесең түрмеге жабады», «банктің адамдары туыстарыңа барады», «жалақыңды түгел алып қояды» деген қорқынышты әңгімелер айтылады. Бірақ заң бұлай демейді, деп сараптайды Ozgeris.info.

Заңгер Рауан Есбергеннің айтуынша, ең алдымен түсіну қажет жайт – қарыз тек борышкердің жеке жауапкершілігі.

«Сіздің қарызыңыз үшін ата-анаңыздың, бауырларыңыздың немесе басқа туыстарыңыздың шоттарын жабуға, мүлкін тартып алуға немесе жалақысын ұстап қалуға банк құқылы емес. Бұл заң бойынша қатаң тыйым салынған», дейді сарапшы.

Яғни, қарыз тек қарыз алған адамның мойнында болады. Туыстардың мүлкі, шоттары мен еңбекақысы бұған еш қатысы жоқ. Сонымен қатар банк ешқашан қарыз үшін жұмыс орныңыздан шығартпайды. Қарызды төлемеу қылмыстық іс емес, бұл – азаматтық-құқықтық қатынас қана. Сондықтан «қарызыңды төлемесең соттайды, түрмеге отырғызады» деген қорқыту – заңға қайшы манипуляция.

Енді банктің заңды түрде қолдана алатын амалдарына тоқталсақ. Алдымен несие ұйымы қарызды еске салып, төлеудің жолдарын ұсынады. Егер нәтиже болмаса, екі негізгі бағыт бар. Біріншісі – нотариус арқылы атқарушылық жазба шығару. Бұл келісімшартта арнайы тармақ болса ғана жүзеге асады. Екіншісі – сотқа жүгіну. Тек сот шешімі шыққан соң ғана қарызды мәжбүрлеп өндіру мүмкіндігі пайда болады.

«Сот шешімі шықса да, борышкерге бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Сот орындаушымен келісіп, ай сайын немесе кезең-кезеңмен өтеуге болады. Сот шешімі шыққаннан кейін іс сот орындаушыға өтеді. Ол қарызды қайтару үшін заңмен белгіленген тәртіпті ғана қолдана алады: есепшоттарды бұғаттау, ресми табыстан ұстап қалу немесе мүлікті сатуға қою. Дегенмен, бұл бірден жүзеге аспайды», дейді Рауан Есберген.

Коллекторлардың әрекетіне қатысты да қоғамда көп сұрақ туындайды. Кейбір агенттіктер борышкердің туыстарына қоңырау шалып, қарыз жайлы хабар береді. Сарапшының айтуынша, бұл – заңсыз.

«Мұндай әрекеттер екі негізгі заңды бұзады: «Банктік құпияны қорғау туралы» заң және «Жеке деректерді қорғау туралы» заң. Сондықтан борышкер мұндай қысымға тап болса, банкке немесе құқық қорғау органдарына шағымдануға құқылы. Қарыз мүлдем өтелмейтін жағдайда банкроттық рәсімі бар. Бұл – төлем қабілеті толық жоғалған жағдайда қолданылатын ресми құқықтық жол. Банкроттыққа өтініш бергенде белгілі бір шарттармен қарыздар кешірілуі немесе қайта құрылымдалуы мүмкін. Бұл – соңғы, бірақ заңды мүмкіндік», дейді заңгер.

Сонымен, қарыз төлеу мүмкін болмай қалған кезде үрейге берілмей, заңды жолдарды білу маңызды. Әуелі банкпен келіссөз жүргізу, қажет болса сот шешімін бөліп төлеу арқылы орындау – әрбір азаматтың құқығы. Ал заңнан тыс қысым көрсеткен кез келген әрекетке қарсы тұруға болады.

Барлық жаңалық