Экономикалық зерттеулер институтында «Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басымдықтары» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Конституциялық реформаның ел экономикасына ықпалы жан-жақты талқыланды. Жиынға жетекші ғалымдар, салалық сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері қатысып, реформаларды іске асырудың нақты тетіктері, институционалдық өзгерістердің мазмұны және олардың ұзақ мерзімді экономикалық дамуға әсері жөнінде пікір алмасты, деп жазады Ozgeris.info.
Қатысушылардың ортақ ұстанымы – Конституциялық реформа тек саяси жүйені жаңарту емес, сонымен бірге экономикалық басқару сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Кездесуді экономика ғылымдарының кандидаты, Институттың жетекші ғылыми қызметкері әрі Ғылыми кеңес мүшесі Азамат Нұрсейітов жүргізді. Ол жиынды аша отырып, «Экономикалық саясат жаңа институционалдық басқару моделіне бейімделіп, ұзақ мерзімді тұрақты дамуды қамтамасыз етуі тиіс» екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында экономикалық шешімдер тек қысқа мерзімді нәтиже емес, жүйелі және стратегиялық негізде қабылдануы қажет.
Институт Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Нығметов сараптамалық алаңдардың маңызына тоқталды. Оның пікірінше, реформалар кезеңінде ғылыми қауымдастықтың белсенді қатысуы мемлекеттік саясаттың сапасын арттыруға ықпал етеді.
«Еліміздің басты мақсаты – қазіргі әлемдік күрделі жағдайда әлеуметтік-экономикалық әрі халықаралық әлеуетті күшейту, тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Ол үшін жаһандық деңгейде жүріп жатқан жаңа үрдістерге жедел бейімделіп, экономикалық және саяси тұрғыдан тиімді әрекет ету аса маңызды», деді ол.
Сонымен бірге өткен жылы ішкі жалпы өнімнің 6,5 пайызға өскенін атап өтіп, алдағы міндет еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңғыру, адами капиталды дамыту және табысты ел игілігіне тиімді пайдалану екенін жеткізді.
Экономика ғылымдарының докторы, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіндегі Экономика институтының бас директоры Еркін Садықов экономикалық саясаттың жаңа басымдықтарын талдап, өнеркәсіпті дамыту, өңдеуші секторға инвестиция тарту, бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру және инновациялық белсенділікті күшейту стратегиялық бағыттар қатарында екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа конституциялық өзгерістер мемлекеттік басқарудың нәтижелілігін күшейтіп, экономикалық шешімдердің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Экономика ғылымдарының докторы Сара Алпысбаева елдің ұзақ мерзімді макроэкономикалық үрдістеріне талдау жасап, өңірлік даму мәселесіне ерекше тоқталды. Соңғы 12 жыл ішінде Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсеткен. Жалпы ішкі өнім 236,6 млрд доллардан 291,2 млрд долларға дейін ұлғайған. Халық саны 18,3 пайызға өсіп, 20 миллионнан асқан. Еңбек өнімділігі 27,6 мың доллардан 26,9 мың долларға аздап төмендегенімен, өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 10,7 пайыздан 12,4 пайызға дейін артқан. Сарапшы қазіргі макроэкономикалық және демографиялық үрдістер өңірлердің теңгерімді дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Бүгінде үш ірі мегаполис елдің жалпы ішкі өнімінің 37,8 пайызын қалыптастырып отыр. Осы әлеуетті тиімді пайдалану мақсатында Институт 20 өңірді қамтитын экономикалық-математикалық модель әзірлеген. Бұл модель өңірлердің салалық дамуын бағалауға және өңірлік саясатты ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
Саяси ғылымдар докторы Ғабит Матаев Конституциялық реформаның өңірлер дамуына ықпалын саралады. Оның айтуынша, жергілікті билік органдарының өкілеттіктерін кеңейту өңірлердің инвестициялық саясатты дербес қалыптастыруына, кәсіпкерлікті дамытуына және өз аумағындағы ресурстарды тиімді пайдалануына жол ашады.
«Конституциялық реформа өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлін күшейтетін институционалдық алғышарт қалыптастырады», деді ол.
Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен жедел дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим енгізу инвестиция тартуға, жаңа индустриялық аймақтарды дамытуға және өсім орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Институттың Сараптама орталығының өкілдері Айдана Байқанова мен Алёна Шевцова мемлекеттік қызметтің экономикадағы рөліне талдау жасады.
«Мемлекеттік қызметтің сервистік моделі қызмет сапасы, еңбек өнімділігі, кадр тұрақтылығы, адами капитал және сенім деңгейі бойынша оң нәтиже көрсетіп отыр. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызмет алушылардың қанағаттану деңгейі 75 пайызға жетеді, мемлекеттік сектордағы еңбек өнімділігі артады, кадр тұрақтылығы мен адами капитал сапасы жақсарады. Сонымен қатар мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейі өседі, оған басқару тиімділігі индексінің жақсаруы дәлел», деді сарапшылар.
Талқылауға онлайн форматта Торайғыров университетінің өкілдері де қосылды. Олар экономикалық реформаларды ғылыми сүйемелдеудің маңызын атап өтіп, өңірлік экономикаға арналған қолданбалы шешімдер әзірлеуде университеттер мен талдау орталықтарының өзара ықпалдастығын күшейту қажеттігін айтты.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа институционалдық даму моделі елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға бағытталған белсенді әрі стратегиялық экономикалық саясатты талап етеді деген ортақ пікірге келді. Сарапшылардың бағалауынша, Конституциялық реформаның толыққанды іске асуы институционалдық ортаны нығайтып, экономиканың сапалы өсіміне негіз қалайды.