Тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік кеше өмірден өткен Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қазасын ауыр қабылдағанын айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Тележүргізушінің айтуынша, марқұммен болған сұхбат оның өміріндегі соңғы сұхбат болып қалған.
«Ағаның қайтқанын ауыр қабылдадым. Себебі бұл – соңғы сұхбаты болыпты. Сұхбат өткен жексенбі күні жазылды. Әдеттегідей түнгі тікелей эфирде емес, ағаның уақытына ыңғайлап, күндіз таспалап алдық. Көңілді келіп, студияны көріп сүйсініп отырған еді», – деді ол.
Ғалымжан Кеңшілік аталған сұхбатқа бүкіл 1001tuntv командасы ерекше дайындалғанын атап өтті.
«Әсіресе сценарист Нұрлыбек екеуміз қатты уайымдадық. Ағаның өресіне сай, биік болмысын аласартып алмайтын дүние жасауға тырыстық», – деді тележүргізуші.
Оның айтуынша, дайын шығарылым жұма күні эфирге шыққан, ал келесі күні қаралы хабар жеткен.
«Соңғы сұхбаты… Ғасыр адамының ғұмырындағы соңғы сұхбат деп тарихта қалатын дүниеге лайық болдық па деп көп ойландым», – деді ол.
Сөз соңында Ғалымжан Кеңшілік Асанәлі Әшімовтің даналыққа толы ойларын еске алып, марқұмға дұға бағыштады.
«Алла алдынан жарылқасын», – деп түйіндеді тележүргізуші.