Астанада өткен VI Көмір өнеркәсібі форумы көмір саласының қазіргі жағдайын бағалап, болашақ бағытын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды. Сала мамандары көмірді тек энергетикалық ресурс ретінде емес, қосылған құны жоғары өнім көзі ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Форумда қаралған мәселелер мен ұсыныстар – көмір өнеркәсібін тек қазып сату моделінен өндірістік-инновациялық кезеңге көшірудің алғашқы қадамдары, деп жазады Ozgeris.info.
Елімізде жыл сайын 110-112 млн тонна көмір өндіріледі. Бұл көрсеткіш кейінгі жылдары тұрақты сақталып отыр. Көмір қоры – 33,4 млрд тонна, әлемнің алғашқы ондығына кіреді. Салада 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Алайда бұл өндірістік қуаттың басым бөлігі шикізат күйінде сатылады. Жаһандық трендтерге сай, көмірдің стратегиялық маңызы терең өңдеу мен әртараптандырумен ғана сақталады.
Форумда саланы жаңғыртуға қатысты нақты мысалдар келтірілді. Мысалы, «Богатырь Комир» кәсіпорнында енгізілген циклді-ағынды технология (ЦПТ) көмір өндірудің тиімділігін арттырып отыр. 2023 жылы өнеркәсіптік сынақ басталып, 2025 жылға қарай толық өнімділікке шығу көзделген. Биылғы бес айда компания 18,4 млн тонна көмір өндіріп, оның 39,8%-ын дәл осы жаңа технологиямен қазған.
Алдағы жылдары Екібастұз ГРЭС-2 жаңғыртылып, Семей, Көкшетау, Өскеменде жаңа жылу электр стансалары салынады. Бұл жобалар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды әрі көмірге деген ішкі сұранысты арттырады. Сонымен қатар өндіру қуаты жылына 58 млн тоннаға дейін ұлғаймақ.
Форумның басты жаңалығы – көмірді химиялық қайта өңдеу бағытына назар аударылуы. Бұл салада 400-ден астам өнім түрі алуға болады – метанол, аммиак, карбамид, синтез-газ. Қазір Қазақстанда көмір химиясының үлесі небәрі 3%, бірақ сарапшылар бұл көрсеткішті 25 млрд долларлық нарыққа жеткізуге болатынын айтып отыр.
Индустрия министрлігі көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісінов 2023 жылы көмір химиясын дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілгенін атап өтті.
– 2026-2035 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама, Ұлттық Жол картасы мен «Көмір химиясын кешенді дамыту туралы» заң жобасын әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ, көмір мен көмір құрамды шикізатты кешенді өңдеуді Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның стратегиялық ғылыми бағыттар тізіміне енгізу бастамасы көтерілді. Бұл Астанада Ұлттық ғылыми-инновациялық орталық ашуға жол ашады. Пайдалы қазбаларды кешенді әрі ұтымды игеру, мемлекет саясаты мен халықаралық ынтымақтастықтың үйлесімі еліміздің көмір әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Игісінов.
Ел үкіметі көмір химиясын дамыту жөніндегі Жол картасын бекітті. Қытайдың CHN Energy корпорациясы Астанада кеңсе ашып, 4 млрд долларлық инвестициямен көмір-химиялық кешен салуға мүдделі. Отандық «Naz Dan Group» пен «Alfa Plast» компаниялары да көмір химиясына бет бұрып отыр.
Қазақстан көмірді ішкі нарықпен қатар шетелге де экспорттайды. Негізгі бағыттар: Еуропа, Қытай, Балтық елдері. Экспортты шектеуге қатысты ұсыныстар айтылғанымен, сарапшылар бұл тиімсіз дейді. Себебі сыртқы нарыққа көбіне ұсақ фракциялы көмір, яғни химиялық өңдеуге жарамды өнім жіберіледі.
Саланың күрделі әлеуметтік мәселесі – маман тапшылығы. Жастар арасында шахта жұмысының беделі төмен. Форумда жас мамандарға грант, тұрғын үй, мансаптық өсу мүмкіндіктерін беру, оқу орталықтарын шахта жанынан ашу ұсынылды.
Тағы бір өзекті мәселе – регресс-шахтерлер құқығы. Бұрын шахтада жұмыс істеп, зейнет жасына жеткен азаматтар емделуге әлеуметтік төлем ала алмайды. Кәсіподақ өкілдері бұл азаматтарға өмір бойғы өтемақы төлеу туралы заңдық негізді қайта қарауды ұсынды.
Форумда сөз сөйлеген Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Радостовец еліміздің көмір қоры мол екенін және оның едәуір бөлігі жер бетіне жақын жатқанын атап өтті. Көмір ішкі нарықпен қатар Еуропа, Шығыс Азия, Балтық елдері мен Польшаға экспортталады.
– Экспорт ішкі нарықта көмір тапшылығын тудырмайды. Себебі Қазақстандағы көмір өндірісі ішкі сұраныстан асып түседі. Әсіресе, шаң көмір шетелге шығарылады және ол фармацевтика мен химия өнеркәсібінде өңделеді, – деді ол.
Радостовец көмірді тасымалдауға арналған тарифтердің тұрақтылығы маңызды екенін де айтты. Кәсіпорындар жылдық келісімшарт жасасады және теміржол тарифтері жылына бір рет қана қайта қаралғанын қалайды. Бұдан бөлек, көмірге қатысты дүрбелең туғызбас үшін ұзақмерзімді сатып алу жоспарларын қалыптастыру ұсынылды.
– Қазақстанда энергетикалық көмір бағасын мемлекеттік реттеу орынсыз. Бұл әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі. Реттеу тапшылыққа және инвестициялық жобалардың тоқтауына алып келуі мүмкін, – деді ол.
Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин көміршілерді толғандыратын еңбек, қауіпсіздік және жалақы мәселелеріне тоқталды. Қазір еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша 59 ұсыныстың 35-і мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.