Елімізде кәсіп жүргізу барған сайын қиындап барады. Шағын компаниялар тексерістерден көз ашпай, салықтық қысымға ұшырап отыр. Одан қала берді түрлі құқықбұзушылықтарға тап болуда. Салдарынан жаппай жабылып жатыр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Кофеханадан басталған тәуекел
Бір жыл бұрын Әлішер Сайлаубеков тәуекелге бел буып, шағын кофехананы сатып алған. Жеке кәсібін ашуға шамамен 5 миллион теңге салған. Алғашқы айларда клиент аз болып, ісі жүрмей қалған. Кейін ребрендинг жасап, жағдай түзеле бастапты. Салған ақшасын қайтарып алған. Кәсіпкердің айтуынша, казір кофехана тұрақты табыс әкеліп отыр. Алайда, нөлден бастап кәсіп ашу қазір қиын екенін мойындайды, себебі, банкрот болу қаупі жоғары.
«Қазір кофеханалар жетіп артылады. Жақсы орын табудың өзі азап. Бәсекеге шыдай алатын кәсіп ашу үшін, алғашқы нүктемізді бизнес-орталықта аштық. Кейінірек тұрғын үйлер маңында ашуды жоспарлап отырмыз», – дейді ол.
Ірі кәсіп ұтуы мүмкін, ал үй жанындағы дүкендер жабылып жатыр
Ресми деректерге сүйенсек, шағын кәсіп бәсекеге шыдай алмай келеді. Соңғы 10 жылда жеке кәсіпкерлердің үлесі екі есеге жуық қысқарған. Сарапшылардың айтуынша, үй жанындағы дүкендерге қиын. Өйткені супермаркеттер көтерме сатып алу, акциялар мен жеткізу қызметінің арқасында артықшылыққа ие. Ал шағын дүкен иелері жалға алу, салық және тексерістер шығындарын өз қалтасынан төлейді. Соның салдарынан табыстарынан қағылып отыр. Ал сатып алушылар ірі желілерге ауысып жатыр.
«Жеке кәсіпкерлердің салық жүктемесі жоғары болғандықтан, олар бағаны көтеруге мәжбүр. Бөлшек сауда нарығында ірі ойыншылар көбейіп келеді. Салдарынан, тұтынушылар тиімді жолын іздейді, өйткені монополистер ақыры бағаны қымбаттатады. Трансферттік баға туралы заң бұрыннан алынып тасталған. Егер оны қайта енгізіп, бөлшек сауданы да қосатын болсақ, бұл бәсекелестікті арттырары анық», – дейді қаржы сарапшысы Марат Абдрахманов.
Бизнеске қарсы қылмыс көбейген
Жыл басынан бері бизнеске қарсы 3500-ден астам қылмыс тіркелген. Көбіне ұсақ ұрлық пен талан-тараж. Десе де, кәсіпкерлер алаяқтыққа, мүлікті ысырап етуге, жалған құжат жасауға немесе ақшаны заңдастыру сынды қылмыстарға да тап болуда. Заңгерлердің пікірінше, мұндай қылмыс түрлері елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетеді.
«Жалпы жұмыс істеу қазір өте қиын. Құжаттарды заңға сай рәсімдеу үшін кәсіпкер түрлі кедергілерден өтуі тиіс. Амалы жоқ олар, көп жағдайда жемқорлыққа барады. Мысалы, шенеуніктермен байланыс, лицензия алу секілді. Біз кәсіпкерлерімізді осылай қажетсіз әрі бос рәсімдерге байлап қоямыз», – дейді заңгер Евгений Яворский.
Жастар кәсіпке бармайды
Мамандардың айтуынша, жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы төмендеп кеткен. Мысалы, соңғы екі жылда 35 жасқа дейінгі кәсіпкерлердің өсімі бар болғаны 0,2%-ды құраған. Ауыл шаруашылығында олардың саны төрттен бірге азайса, өнеркәсіпте – 12%-ға қысқарған.
Жоғары салық, қымбат несие және мемлекеттік қолдаудың жоқтығынан қазір кәсіп бастау өте қиын. Өткен жылдың өзінде 4 мыңнан астам жеке кәсіпкер кәсібін жапқан. Оның ішінде табысты жұмыс істеп жүргендері де бар.