💰 Экономика

«Жұмыс істеуге кедергі жасамаңыз»: Бизнес пен мемлекет арасындағы пікірталас 

Қазақстанда әзірге бизнестің жұмысын жеңілдету мен мұнай мен бағалы металдардан бөлек салаларға инвестор тарту ойдағыдай жүзеге аспай тұр. Президент мұның себептерін жолдауда атап өтті. Оның айтуынша, заңдар керісінше қолды байлайды, ал шенеуніктер қысым көрсетуін доғарар емес. Мемлекеттік компаниялар әділ бәсекеге бармайды. Ортақ бағыт-бағдар жоқ.  Енді реформалардың жаңа кезеңі басталмақ. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Елімізде инвесторларды қорғау жөніндегі комитет құрылады. Салық қызметі сервистік бағытқа көшіріледі, ал премьер-министр он күн ішінде президентке инвестициялық ахуалды жақсарту жоспарын ұсынуға тиіс.

2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 14,3%-ға жетті. Тікелей шетелдік инвестициялар 28,5%-ға азайып, 17,2 млрд АҚШ долларына түсті, ал сальдо алғаш рет минус 2,6 млрд доллар. 2010 жылы бизнес таза табысының 47%-ын қайта инвестицияға салса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 27%-ға дейін төмендеген. Сарапшылардың айтуынша, бизнестің болашаққа сенімі төмендеп барады. 

"Ірі мұнай жобаларының циклі аяқталды, енді жаңа инвестициялық кезеңді бастаймыз. Кеткен қателіктерді саралау және басымдықтарды қорғау мәселесін дұрыс жолға қою қажет. Мәселенің 90%-ы жергілікті деңгейде туындайды», - дейді сарапшы Рустем Жүрсінов.

Президент реформалардың баяу жүріп жатқанын мойындады. Экономистердің айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда база төмендегені заңды құбылыс, себебі шетелдік инвесторлар кетті. Қазір басты назар атом өнеркәсібінде, десе де, бұл ұзақ мерзімді перспектива. Ішкі қаражатты Ұлттық қордан тарту мүмкіндігі де айтылып жүр.

Инвестициялық климат тұрақты ма? Сарапшылардың айтуынша, оған жаңа екі фактор қосылды – біліксіздік пен бюрократия. 

Мысалы, денсаулық сақтау саласы. 300 млрд теңгелік инвестициялық портфель бар, бірақ небәрі 10 млрд теңгенің жобасы ғана алға жылжыды. Ұзақ рәсімдер мен бюрократия салдарынан жобалар көрші елдерге кетіп жатыр.

Бизнес өкілдері «Жұмыс істеуге кедергі жасамаңыздар» деп талап етуде. Басты мәселенің бірі - жоғары пайыздық мөлшерлеме. Жылына 24%. Заңды бизнес мұндай табыс таппайды. Қолдау да шектеулі: «бір терезе» бар, бірақ қанағаттанған өтінімдер үлесі төмен. 

Бюджет қанша жоғалтып жатыр? Нақты дерек жоқ, бірақ ЖІӨ өсімі салық түсімдерінің өсуімен қабаттаспаса, мәселе бар деген сөз. Жаңа Салық кодексі 2–3 трлн теңгенің «тесігін» жабу үшін асығыс қабылданды, дейді мамандар. 

Қазіргі экономикалық өсім негізінен ауыл шаруашылығы, құрылыс және саудаға тиесілі. Мұнай секторы геосаясат, инфляция, жоғары базалық мөлшерлеме және несиеге шектеулі қолжетімділік кесірінен әлсіреп тұр.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті офшордан қайтарылған қаражатпен айналысқан құрылым негізінде құрылуда. Президент бизнесті тұншықтырмай, қорғауды тапсырды. Енді оның қалай жұмыс істейтіні маңызды. 

Жаңа бастамалардың ішінде инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру ерекше аталады. Ол бизнес-қауымдастықтармен қаншалықты ашық және жүйелі жұмыс істейтіні – басты көрсеткіш болмақ.

«Инвестор салған қаржысының қорғалғанына сенімді болуы тиіс. Бастысы – көмектесеміз деп бизнеске тұсау салмау. Жаңа комитеттің ашықтығы мен тиімділігі маңызды», - дейді Қазақстан инвесторлары қауымдастығының төрағасы Рустем Жүрсінов. 

 

«Ережелер үнемі өзгеріп тұратыны түсінікті. Президент дұрыс айтады, бірақ ведомстволар керісінше істейді. Мемлекеттік қызмет тек реттеумен айналысып, нарыққа қатыспауы керек», - дейді кәсіпкер Аскер Башеев. 

Оның пікірінше, билік деңгейін азайтып, көбірек өкілеттікті қоғамдық ұйымдар мен одақтарға беру керек, ал мемлекеттік қызмет реттеумен ғана айналысып, нарыққа араласпауы тиіс.  Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттің бірнеше функциясы бар: реттеуші және қатысушы. 2000-жылдардың басында мұнай табысы артқан соң мемлекет ұлттық компаниялар мен холдингтер құрып, жоғары маржалы салаларды бақылауға алды. Іс жүзінде мемлекеттік капитализм қалыптасты. Президент мемлекеттің қай жерде болуы, қай жерде болмауы тиіс екенін анықтап алып, содан кейін ғана либерализация жүргізуді тапсырды.

Екіншіден, заңнама «жамаулы көрпеге» айналды. 21 кодекс, 300 заң, 400 мыңнан астам заңға тәуелді актілер. 90-жылдары заңдарды ғалымдар жазып, тепе-теңдікті сақтайтын. Қазір мемлекеттік қызметшілер, ведомстволық мүдде. Мемлекет шығынды азаматтарға жүктеп отыр. Мысалы, МӘМС, спорт клубтарын жергілікті бюджетке беру, әлеуметтік қорғауды қысқарту. Ол шығыс бөлігін ұлғайта алмайтынын түсінді. Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік аппарат шығынын азайтып, бизнеске жол беру қажет.

«Салықты көтеру ме, шығынды қысқарту ма? Әзірге үкімет оңай жолды таңдап, салықты көтереміз деп шешті», - дейді сарапшылар. 

Сарапшылар Қазақстандағы инвестициялық климаттың басты кедергілері – бюрократия, біліксіздік және тұрақсыз ережелер екенін атап өтеді. Инвесторларды қорғау комитетінің құрылуы мен салық қызметін сервистік бағытқа көшіру бизнестің сенімін арттыруға бағытталған қадамдар. Алайда олардың тиімділігі нақты іске асыруға және мемлекеттік органдардың ашықтығына байланысты болады.

Барлық жаңалық