«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өндірістік нысандарында цифрлық бақылау мен мониторинг жүйелерін жетілдіру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барып, компанияның өндірістік-әкімшілік алаңдары мен ахуалдық орталығының қызметін бағамдады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Сапар барысында компания басшылығына кәсіпорынның басты сандық жүрегі саналатын – ахуалдық орталықтың жаңа платформасы таныстырылды. Бұл жүйе өндірістің негізгі процестерін нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік береді:
-
Кеннің келіп түсуі мен өңделуі;
-
Концентраттың шығарылу барысы;
-
Қондырғылар мен жабдықтардың жүктелуі.
Өндірістік алаңдар мен шахталардағы қызметкерлер мен техниканың қозғалысын көрсететін позициялау және бейнебақылау жүйелеріне баса назар аударылды. Диспетчерлік орталықтың экранында барлық нысандардың жай-күйі толық бейнеленіп тұрады. Бұл жүйе жедел ақпарат алып, оқыс оқиғалардың алдын алуға және бөлімшелердің жұмысын тиімді үйлестіруге жол ашады.
Руслан Өскенәлі кәсіпорынның диспетчерлік қызметін аралап, тәулік бойы ұйымдастырылатын кезекшілік жұмысымен танысты және бірқатар ұжыммен кездесу өткізді.
Сапар қорытындысы бойынша Басқарма төрағасы өндірісте цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту мен бейнебақылау жүйесін жаңғыртудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта компания өндірістік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында техникалық инфрақұрылымды толықтай жаңартуды жоспарлап отыр.