Қоғам

«Жермен-жексен етеміз»: Трамп пен Израиль бірігіп Иранды зымыранмен атқылап жатыр

«Жермен-жексен етеміз»: Трамп пен Израиль бірігіп Иранды зымыранмен атқылап жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп пен халықаралық ақпарат құралдары Иран аумағына ауқымды әскери операция басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Америка Құрама Штаттары мен Израиль қарулы күштері Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер нәтижесіз аяқталғаннан кейін алдын ала жоспарланған әуе соққыларын жасай бастады.

Трамп сенбі күні жариялаған бейнеүндеуінде америкалықтарды қорғау мақсатында Иран режиміне қарсы әрекетке көшкендерін айтты. Ол Иранның алысқа ұшатын зымырандар жасап, ядролық бағдарламасын қайта қолға алуға тырысқанын атап өтті.

«Біз олардың зымырандарын жойып, зымыран өнеркәсібін жермен-жексен етеміз. Олардың флотын құртамыз. Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермейміз», - деді Дональд Трамп.

Бұл әскери операция бірнеше ай бойы жоспарланып, нақты күні осыдан бірнеше апта бұрын бекітілген. Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац елге төнген қауіптің алдын алу үшін шабуыл жасалғанын растады. Ақпарат құралдарының мәліметінше, америкалық ұшақтар Таяу Шығыстағы базалар мен авиатасымалдаушылардан ондаған әуе соққыларын жасап жатыр.

Тегеранда және ядролық нысандары бар Исфахан қаласында бірнеше жарылыс тіркелді. Жалпы саны отыздан астам нысанға, оның ішінде Иран президентінің үйі орналасқан аумақ пен университет көшесіне де зымыран түскен. Қазіргі уақытта Иран астанасында ұялы байланыс үзіліп, ғаламтор жұмысы нашарлаған. Израильдік шенеуніктердің сөзіне сүйенген басылымдар Иранның жоғарғы көшбасшысы Хаменеидің қауіпсіз жерге көшірілгенін жазды.

Кем дегенде төрт күнге созылуы мүмкін бұл операция аясында Израильде төтенше жағдай жарияланды. Елде тек өмірлік маңызы бар мекемелер ғана жұмыс істеп тұр, мектептер жабылып, тұрғындарға бомбадан қорғанатын орындарға жақын жүру ескертілді. Әскери қимылдарға байланысты екі мемлекет те өз әуе кеңістігін толық жапты. Осының салдарынан ұшақтар Иран аумағын айналып өтуге мәжбүр болып, Дубайдан Астана мен Алматыға, сондай-ақ Өзбекстан мен Катарға бағытталған рейстер кешіктіріліп жатыр.

Барлық жаңалық