Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдетіп жатыр. Біреу мәтін жаздырады, біреу сурет салады, енді бірі есеп шығарады. Бірақ экранның ар жағында көзге көрінбейтін тағы бір әлем бар. Ол – мыңдаған сервер тоқтаусыз жұмыс істейтін деректер орталықтары. Осы уақытқа дейін жасанды интеллектінің қоршаған ортаға әсері туралы сөз болғанда көбіне көмірқышқыл газының шығарындылары ғана айтылып келді. Алайда соңғы зерттеулер мәселенің әлдеқайда күрделі екенін көрсетіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институты (UNU-INWEH) жариялаған жаңа баяндама жасанды интеллект инфрақұрылымының шынайы экологиялық құнын бағалауға арналған. Зерттеу авторлары көміртек ізімен қатар су мен жер ресурстарына түсетін жүктемені де есептеп шыққан. Нәтиже көпшілікті ойландырмай қоймайды.
Бір ғана көміртек емес
Көп жағдайда цифрлық технологиялардың экологияға әсері көмірқышқыл газының көлемімен өлшенеді. Алайда зерттеу авторлары мұндай тәсіл толық көріністі бере алмайтынын айтады.
Олардың пікірінше, заманауи деректер орталықтары қоршаған ортаға бір мезетте үш түрлі әсер қалдырады. Олар – көміртек ізі, су ізі және жер ізі. Бір көрсеткішті жақсарту екіншісінің нашарлауына алып келуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектінің экологиялық салдарын тек электр энергиясын тұтыну көлемімен немесе атмосфераға тарайтын шығарындылармен бағалау жеткіліксіз.
Бүгінде әлем бойынша ChatGPT, Gemini, Claude секілді жүйелерді қамтамасыз ететін алып серверлік кешендер саны жыл сайын көбейіп келеді. Жасанды интеллект модельдері күрделенген сайын оларды оқыту мен жұмысын қамтамасыз етуге қажет есептеу қуаты да артып жатыр.
Пәкістаннан көп электр жұмсайды
Баяндамада келтірілген болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай жасанды интеллект жұмысын қамтамасыз ететін деректер орталықтары жылына шамамен 945 тераватт-сағат электр энергиясын тұтынуы мүмкін. Бұл көрсеткіштің қаншалық ауқымды екенін түсіну үшін салыстырып көрелік. Мұндай көлем Пәкістан, Бангладеш пен Нигерияның жалпы электр тұтынуынан шамамен үш есе көп. Аталған үш мемлекетте жалпы саны 650 миллионға жуық адам тұрады.
Су тапшылығы мәселесін күшейтуі ықтимал
Деректер орталықтары тек электр энергиясын ғана пайдаланбайды. Мыңдаған сервер үздіксіз жұмыс істегендіктен оларды салқындату қажет. Сол себепті мұндай орталықтар көп көлемде су тұтынады. Зерттеу авторларының есебінше, 2030 жылға қарай жасанды интеллект инфрақұрылымының су ізі Африканың Сахара шөлінен оңтүстікке қарай орналасқан елдеріндегі халықтың жылдық тұрмыстық су тұтынуымен теңесуі мүмкін. Бұл шамамен 1,3 миллиард адамның қажеттілігіне сәйкес келеді. Су ресурстары барған сайын маңызды стратегиялық мәселеге айналып жатқан қазіргі кезеңде мұндай көрсеткіш ерекше назар аударуды талап етеді.
Астана, Алматы және Шымкенттен де үлкен аумақ
Зерттеудегі ең әсерлі деректердің бірі жер ресурстарына қатысты. Ғалымдардың болжамынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект инфрақұрылымы орналасатын нысандар мен оған қызмет көрсететін қосымша жүйелердің жалпы аумағы 14,4 мың шаршы шақырымнан асады. Салыстыру үшін айтсақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жалпы аумағын қосқандағы көрсеткіштен де көп. Тіпті бұл көлем Австралиядағы Сидней қаласының аумағынан асып түседі. Яғни цифрлық әлемнің өзі де нақты жерді қажет етеді. Серверлер, электр желілері, салқындату жүйелері, энергия өндіру нысандары – барлығы үлкен кеңістікке мұқтаж.
«Жасыл энергия» бәрін шеше алмайды
Көпшілік жасанды интеллектінің экологиялық мәселесін жаңартылатын энергия көздері шешеді деп ойлайды. Алайда зерттеу авторлары бұл пікірмен толық келіспейді. Баяндама жетекшілерінің бірі Мириам Аксель мәселенің әлдеқайда күрделі екенін айтады.
«Егер біз жасанды интеллектінің тұрақтылығын тек көміртек шығарындылары арқылы бағалайтын болсақ, онда жаңартылатын энергия көздері барлық мәселені шешіп жатқандай көрінеді. Алайда олар бір проблеманы азайтқанымен, екіншісін күшейтуі мүмкін», дейді ол.
Мысалы көмірден биоэнергетикаға көшу көміртек ізін шамамен 70 пайызға қысқартады. Бірақ сонымен қатар су тұтынуды 30 еседен астам, ал жерге түсетін жүктемені 100 есеге дейін арттыруы мүмкін.
Пайда бір жақта, салмақ басқа жақта
Баяндама авторлары көтерген тағы бір маңызды мәселе – әділеттілік. Жасанды интеллектінің игілігін бүкіл әлем пайдаланады. Алайда оның экологиялық жүктемесі нақты өңірлерге түседі. Серверлер орналасқан аумақтар су ресурстарын береді, жер телімдерін бөледі, электр энергиясын өндіреді. Сонымен қатар пайдалы қазбалар өндіру, электронды қалдықтарды өңдеу секілді мәселелер де белгілі бір елдер мен қауымдастықтардың мойнына жүктеледі.
UNU-INWEH директоры Кавех Мадани бұл мәселеге қазірден назар аудару қажет екенін айтады.
«Әлемдік қауымдастықтың қолында уақыт азайып барады. Жасанды интеллектінің дамуын табиғи ресурстар мүмкіндігімен үйлестіру қажет. Оның пайдасын тек технологиялық компаниялар ғана емес, осы инфрақұрылымға қажетті ресурстарды ұсынып отырған өңірлер де көруге тиіс», дейді ол.
Шешім қандай?
Зерттеу авторлары «жауапты жасанды интеллект экожүйесін» қалыптастыруға шақырады. Олардың пікірінше, жаңа деректер орталықтарын салуға рұқсат берер кезде электр энергиясымен қатар су мен жер ресурстарының шығыны да есептелуі қажет. Сонымен бірге жергілікті тұрғындармен қоғамдық талқылаулар өткізу, жобалардың ашықтығын арттыру және экологиялық жауапкершілік қағидаларын күшейту маңызды.
Себебі жасанды интеллект цифрлық өнім ғана емес. Оның артында электр стансалары, су қоймалары, серверлік кешендер және мыңдаған гектар жер тұр.
Бүгінгі таңда адамзат жасанды интеллектінің мүмкіндігіне таңырқап отыр. Бірақ оны дамыту құны қандай екенін түсіну де дәл сондай маңызды. Әйтпесе ертең цифрлық прогрестің экологиялық бағасы тым қымбатқа түсуі мүмкін.