📰 Сарапшылар пікірі

«Халықтың жағдайы мүшкіл»: Ұлттық банк Ресейдің саясатын жалғастырып отыр - сарапшы

Қоғамда халықтың қаржылық жағдайы туралы пікірлер екіұшты. Министр халықтың әл-ауқаты жақсарды деген пікірде, ал несие алып отырғандар көбейді деген себеппен табыстың артқанын айту шындыққа жанаспайтын бос әңгіме дейді мамандар. Экономист Жангелді Шымшықовтың айтуынша, халықтың күнкөрісі нашарлап бара жатыр, ал Үкімет пен Ұлттық банк бұл жағдайды жасыруға тырысуда. Ozgeris.info тілшісі халықтың жағдайы қаншалықты мүшкіл екенін анықтап білді.

Несиеге тәуелділік - әлсіз экономиканың айғағы

Ұлттық экономика министрі Серік Жұмағарин:

«Халық несиені көп алса, табысы да жоғары» - деп мәлімдеген.

Алайда бұл пікірмен сарапшылар келіспейді. Қаржы мамандары несиенің көбеюі, керісінше, жұрттың табысы жетпейтінін, амалсыздан ақша іздейтінін көрсетеді дейді.

«Несиелік салмақ ұлғайған сайын, халықтың әл-ауқаты төмендейді. Бұл экономикалық өсімнің емес, керісінше, халықтың жағдайының мүшкіл екенін білдіретін белгі. Соңғы уақытта тұтынушылық несиелердің саны күрт артты. Бұл өте қауіпті үрдіс», - дейді экономист Жангелді Шымшықов.

Бұдан бөлек, 90 күннен астам өтелмеген «қауіпті несиелер» де көбейіп келеді. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, мемлекет банктерді құтқару үшін бюджеттен ақша бөлуге мәжбүр болады. Ал қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары несиені оңды-солды таратып отыр. Сарапшының айтуынша, мұндай әрекет «ертең бәрібір үкімет кешіреді» деген сенімнен туындап отыр.

Ұлттық банктің саясаты дамуға емес, тежеуге жұмыс істейді

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда шағын және орта бизнестің дамуы баяу. Бұл экономика үшін басты қауіп. Салдарынан қазынаға түсетін салық азайды, бюджет тапшылығы ұлғайып барады. Сондықтан мемлекет айыппұлдар мен жаңа салық көздерін көбейтіп жатыр.

«Бұл дамып жатқан экономиканың белгісі емес. Қайта керісінше, тоқыраудың белгісі. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде ұстап отыр. Екінші деңгейлі банктерге бұл пайызбен ақша беріп, олар халыққа одан да жоғары пайызбен несие береді. Салдарынан шағын бизнеске кредит алу тиімсіз. Олардың пайдасы 10 пайыз, кейде 20%-ға жететін шығар. Ал кредит пайызы 30-35%-ға дейін жетеді. Бұл бизнесті минусқа ұшырататын саясат», - дейді сарапшы.

Соңғы кезде елімізге шетелдік банктер кіре бастады. Жақында ғана кореялық банк ашылды. Сарапшы шетелдік банктердің келгенінен пайда жоқ деп санайды. Себебі олар да Ұлттық банктің саясатынан аттап кете алмайды. Егер олар өздерінің тәртібін ұстанып, несиені 2-3 пайызбен беретін болса, еліміздің кредиттік жүйесі құрдымға кетеді. Бәселекестік болғаны жақсы дейді маман, алайда оның болуы екі талай.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның Ұлттық банкі қазір Ресейдің Орталық банкінің саясатын көшіріп отыр:

«Әрине, оларда соғыс жүріп жатыр, базалық ставканы 21 пайызға дейін көтеріп тастаған. Және олардың негізі сүйеніші ол әскери өнлдірістік кешен. Соғыс жүріп жатқан соң тоқтау жоқ, экономикалық өсім жылда бар. Осылайша біз тұсаулы болып отырмыз, өгіз бен елікті бір арбаға жеккеннен кейін осындай қаржылық проблемалар орын алып отыр», - дейді экономист Жангелді Шымшықов.

Кедейлік расымен азайды ма, әлде көзбояушылық па?

Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстанда кедейлік деңгейі 5% шамасында. Десе де, Дүниежүзілік банктің көрсеткіші басқа, елдегі халықтың 8,5%-ы халықаралық стандарт бойынша кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатыр. Айырмашылық есептеу әдістерінен туындап отыр. Қазақстан күнкөріс минимумына сүйенсе, Дүниежүзілік банк шекті деңгей ретінде айына 130 мың теңгеге жуық соманы қарастырады.

Осылайша, елдегі шынайы жағдай ресми көрсеткіштерден әлдеқайда нашар. Ең қауіптісі, әлеуетті кедейлердің үлесі жоғары. Олардың табысы күнкөрісшегінен сәл ғана жоғары, алайда кез келген дағдарыс кезінде кедейліктен бір-ақ шығуы мүмкін. Олар халықтың 23-27%-ын құрайды. Олардың көпшілігі көп балалы отбасылар. Демографиялық фактордың әсерінен кедейлікке ұшырау ықтималдығы 4,5%-ға артады екен.

Әлеуметтік әділетсіздік пен тиімсіз салық саясаты

Әлеуметтік көмек те тең бөлініп отырған жоқ. Атаулы көмек шын мұқтаж жандарға емес, категорияға қарап беріледі. Көп балалы анасың ба, мүгедексіңбе, зейнеткерсің бе соған байланысты.

2021 жылы барлық әлеуметтік трансферттердің небәрі 16%-ы ең кедей 10% халыққа ғана тиген. АӘК жүйесі тиімді деп танылса да, бар болғаны халықтың 3%-ын ғана қамтып отыр. Осыны ескерген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жағымды жаңалықпен бөліскен еді.

«Біз категориялық тәсілден нақты мұқтаждыққа негізделген жүйеге көшуіміз қажет», - деді Светлана Жақыпова.

Салық жүйесіне келсек, сарапшылар ол да табысты қайта бөлуде әлсіз екенін алға тартады. Джини коэффициентіне салық-бюджет саясатының әсері небәрі 6,4%. ҚҚС секілді салық түрі кедейлікті 3,5%-ға арттырады. Прогрессивті шкала жоқ, байлар мен кедейлер бірдей салық төлейді. Ал салық жинау деңгейі төмен, 2024 жылы ол тіпті 4,7%-ға төмендеп кеткен.

Саясат түзелмей, халықтың жағдайы жақсармайды

Халық несиемен күн көріп, бизнес тоқырап жатыр. Әлеуметтік көмек мұқтаждарға жетпейді. Осындай қоғамда үкіметтің оңды-солды таратқан уәдесі мен «өсіп келе жатырмыз» деген мәлімдемесі сенім тудырмайды дейді мамандар. Жангелді Шымшықов айтқандай:

«Бүгінгі қаржылық саясат халықты дамуға емес, тоқырауға итермелеп отыр».

Барлық жаңалық