Беделді Forbes рейтингі көпшілікті әрдайым қызықтыратыны жасырын емес. Десе де, ол ел экономикасының нақты жағдайын толық көрсете алмайды. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл тізімде көрсетілген байлық – халық ойлағандай қолдағы ақша емес, бизнес үлесі мен активтердің нарықтағы бағасы. Сарапшы елдегі байлықтың табиғаты, шикізатқа тәуелділік, салық жүйесі мен орта таптың болашағы туралы ой бөлісіп, мұнайсыз дәуірдің жақындап келе жатқанын ескертті. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Forbes рейтингін бақылап отыратындар көп. Алайда, бұл тізімде көрсетілген дәулет адамның қалтасындағы қолма-қол ақша емес. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, байлық екі түрлі жолмен есептеледі.
Жария компаниялар үшін акция құны мен айналымдағы саны арқылы капитализация анықталады, ал жеке компаниялар үшін активтері мен міндеттемелері есептеліп, таза капитал алынады.
«Forbes-тің байлықты бағалауы қолдағы ақшаны емес, бизнес үлесін өлшеу. Мысалы, Маск немесе Цукерберг бір күнде бірнеше миллиардқа «байып» немесе «кедейленіп» отырады. Ал ол олардың қалтасындағы ақшасы емес, бизнес үлестерінің нарықтағы құны өзгергенін көрсетеді», - дейді сарапшы.
Бай мен кедейдің түсінігі неге әртүрлі?
Қарапайым халық үшін байлық - қолдағы ақша, пәтер, көлік. Мысалы, қалтада 200 мың теңге болса, «менде осынша бар» дейді. Ал ауқатты адамдар үшін байлық бизнес үлестері мен активтерде. Ақша ұзақ жатпайды, қайтадан айналымға салынады.
«Сондықтан бай мен кедей байлықты әртүрлі түсінеді. Бірі қолдағы ақшамен, екіншісі бизнес құнымен бағалайды», - дейді экономист.
Қазақстандағы «шикізат байлығы»
Еліміздегі ең ауқатты адамдардың алғашқы ондығының көбі шикізат саласынан шыққан. Олардың дәулетінің негізгі көзі - мұнай, металл, қазба байлықтары.
«2000-жылдары мұнай бағасы қымбат болғанда мемлекет көп салықтық жеңілдіктер берген еді. Кейін баға құлдырағанда, берген жеңілдіктерді қайтарып алу қиын болды. Нәтижесінде бюджетке ауыр соққы болды», - деп түсіндіреді Олжаев.
Бүгінде мемлекет жаңа салық жүйесін енгізіп жатыр. Жеңілдіктер қысқартылады, және бизнестен әділ әрі ашық салық төлеу талап етілуде. Әрине дәл қазіргі уақытта қиын, ал ұзақ мерзімде экономиканы сауықтырады.
Инвестиция қайда бағытталмақ?
Шетелдік инвесторлар Қазақстанға келгенде көбіне шикізатқа ғана қызығады. Бұған заңнаманың тұрақсыздығы мен логистикалық мәселелер себеп. Соңғы жылдары жағдай өзгере бастады дейді сарапшы.
«Астанада халықаралық қаржы орталығы ашылды, ағылшын құқығы енгізілді, инвесторларға арналған арнайы кеңес құрылды. Қазақстан қазір екінші инвестициялық циклге өтуді жоспарлап отыр. Бұл жолы басымдық шикізат емес, өңдеу өнеркәсібіне беріледі», - дейді Айбар Олжаев.
Байлық қоғамға қалай әсер етеді?
Бай адамдардың көбеюі белгілі бір деңгейде мемлекетке пайдалы. Олар жаңа зауыттар ашады, жұмыс орындарын құрады, қайырымдылық жасайды. Алайда байлық аз адамның қолында шоғырланса, теңсіздік пен дезбаланс туындайды. Сондықтан орта таптың үлесін арттыру маңызды. Сарапшы орта таптың белгілеріне тоқталып өтті.
«Өз баспанасы болуы бірінші шарт, инфрақұрылымға қол жеткізе алса, қарызы табысынан көп болса, жылына кемінде екі рет демалуға мүмкіндігі болса, бұл орта таптың өкілі», - дейді маман.
Gini коэффициенті
Gini индексі қоғамдағы табыс теңсіздігін көрсетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш соңғы жылдары біртіндеп жақсарып келеді.
«Айырмашылық бар, бірақ аса қатты емес. Әлемде жағдай бұдан әлдеқайда нашар елдер бар», - дейді экономист.
Мұнайсыз болашақ
2060–2070 жылдары мұнайдың рөлі азаяды. Қазір ол негізінен көлік пен энергетикаға керек. Бірақ болашақта көліктер электр қуатына көшіп, энергия күн, жел, атом арқылы өндіріледі.
«Мұнай тек полимер мен пластикке ғана қолданылады. Сондықтан болашақта балалар «мұнай деген не?» деп сұрайтын заман келеді», - дейді Олжаев.
Қаржылық сауаттылық - тұрақтылық кепілі
Әр адамның қаржылық сауаттылығы-оның тұрақтылығының кепілі.
«Қаржылық сауатты адам ешқашан банкрот болмайды. Өйткені ол кіріс-шығысын бақылайды, артық қарыз алмайды, инвестиция жасайды. Қазақстан үшін халықтың қаржылық сауатын арттыру ұлттық деңгейдегі мәселе», - дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан экономикасының болашағын жақсарту үшін орта таптың көбеюіне ден қою керек. Одан бөлек, экономиканы әртараптандырып, қаржылық сауатты қоғам қалыптастыруға талпынуымыз керек.
«Байлық тек мұнайға емес, жаңа өндіріс пен білімге негізделуі керек. Сонда ғана елдің дамуы тұрақты болады», - деп түйіндеді Айбар Олжаев.