Қоғам

Фейк видеоға байланысты Мұхтар Шахановтың келіні ашық үндеу жасады

Фейк видеоға байланысты Мұхтар Шахановтың келіні ашық үндеу жасады

Белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың келіні Жаңагүл Мұратқызы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Qaz365.kz порталына сілтеп.

Ол өз үндеуінде Мұхтар Шахановтың қазіргі денсаулық жағдайының ауыр екенін атап өтті. Айтуынша, ақын айтқан сөзін бірнеше минуттан кейін ұмытып қалатын халге жеткен. Сонымен қатар, жуырда екінші ұлын жерлеген адамның жан күйзелісін көпшілік толық түсіне бермейтінін айтты.

Жаңагүл Мұратқызы Шахановтың қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан оқиғалардан бейхабар екенін жеткізіп, жұртшылықтан тыныштық сақтауды сұрады.

Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған бір ғана видео үшін ұлтқа адал қызмет еткен тұлғаның ар-намысына тиіп, қарғап-сілеудің негізсіз әрі әділетсіз әрекет екенін қадап айтты.

Келінінің айтуынша, Мұхтар Шаханов – қазақ халқының тағдыры үшін күрескен, ана тілінің мәртебесін қорғауға бар ғұмырын арнаған, тарихта өшпес із қалдырған қайраткер.

Айта кетейік, соңғы күндері әлеуметтік желіде ақынның атынан жалған парақша ашылып, фейк бейнематериал тараған. «Мемлекеттік тіл үшін өлуге де, сотталуға да болады» деген жазбаның астына мыңдаған лайк пен жүздеген пікір қалдырылған. Бұған қатысты Ақпарат министрі Аида Балаева да түсініктеме берген болатын.

Барлық жаңалық