Елорда төріндегі «Көркем-3» тұрғын үй кешенінде орын алған кешегі тілсіз жау қала құрылысындағы қордаланған түйткілдердің бетін ашты. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева Астана көшелеріндегі берекетсіз салынған нысандар мен тар аулалардың зардабы туралы өз пайымын білдірді. Халық қалаулысының пайымдауынша, жаппай бейберекет бой көтерген ғимараттар мәселесі Құрылыс кодексін талқылау кезінде де қызу талас тудырған болатын. Құжат аясында бірқатар заңнамалық нормалар бекітілгенімен, олардың іс жүзінде қаншалықты пәрменді болатыны әлі де болса күмән тудырып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бүгінде құрылыс нысандарын қадағалау тетіктері жоқ емес. Техникалық және авторлық бақылау жүйесі заң бойынша қарастырылған. Алайда, қала сәулетін қалыптастырып жатқан мердігерлер мен басқарушы мекемелер бұл талаптарды орындауға келгенде салғырттық танытып келеді. Депутат үй қолданысқа берілгеннен кейін оның қауіпсіздігіне тікелей жауапты Мүлік иелерінің бірлестігі мен Пәтер иелері кооперативтері екенін еске салды. Аула ішінде жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметіне кедергісіз жол ашу, қосымша шығу есіктерін реттеу және жалпы қауіпсіздік шараларын қадағалау – осы құрылымдардың тікелей міндеті.
Көпшіліктің наразылығын тудырған кептелісте тұрып қалған өрт сөндіру көлігіне қатысты жағдай да назардан тыс қалмады. Жолды бөгеген көлік иесін ғана айыптау – мәселенің бетін қалқумен тең. Наталья Дементьеваның пікірінше, түйткілдің төркіні тереңде жатыр. Қаладағы темір тұлпарлардың саны күн санап артқанымен, инфрақұрылымның даму қарқыны бұл көшке ілесе алмай келеді. Қала ішіндегі қыспақ пен тар аулалар ертеңгі күні бұдан да зор қауіпке соқтыруы мүмкін екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.