Мәжіліс отырысында депутат Бақытжан Базарбек су қорына жататын жерлердің жекеменшікке өтіп кетуіне қатысты шулы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, еліміздегі сот жүйесі олигархтар мен лауазымды тұлғалардың ісіне келгенде "таңдамалы" әділдік танытып отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты nur.kz ке сілтеп.
Депутат нақты мысалдарды да келтірді. Алдымен Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің бір бөлігі ТОО иелігіне заңсыз берілгенін айтты. Бұл компанияның артында Іле ауданының бұрынғы әкімі Константин Логутовтың туыстары тұрған көрінеді. Мемлекет меншігінде болуы тиіс стратегиялық нысанның жеке қолға қалай өткені қазір көптің көкейінде сұрақ туғызып отыр.
Бұдан бөлек су қорғау аймағындағы тағы бір ірі учаске мемлекетке қайтарылмаған. Бұл істе жауапкер ретінде "Forbes тізіміндегі бірінші олигархтың туған әкесі" танылған. Депутат су кодексі мен заң талаптары бұзылса да, соттың бұл жерді қайтаруға асықпай отырғанына қынжылды.
Бақытжан Базарбек "олигархтар үшін арнайы сот төрелігі болмауы тиіс" деп кесіп айтты. Ол еліміздегі жер заңнамасының бұзылуына жол бергендер жауапқа тартылуы керектігін алға тартып, Бас прокурорға ресми сауал жолдады. Ендігі кезек — құзырлы органдардың тексерісінде.