Қазақстан 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатына түбегейлі өзгерістер енгізіп, шекарадан асып келетіндерді іріктеудің жаңа тетіктерін әзірледі. 2026 жылдың қаңтарынан бастап елімізде тұруға ықтиярхат (ВНЖ) алуды көздеген жатжұрттықтар үшін «скоринг» деп аталатын цифрлық тексеріс жүйесі іске қосылмақ. Бұл жүйе аясында үміткерлер сауалнамаларды электронды форматта толтырып, мемлекеттік органдардың қатаң сүзгісінен өтеді. Ресми құрылымдар «сұр» схемалар мен жалған құжаттардың жолын кесу мақсатында бақылауды барынша күшейтпек. Сонымен қатар, ендігі кезекте елімізде қалуды қалайтындар үшін мемлекеттік тілді білу де басты талаптардың біріне айналады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Елдің еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік мамандарды тарту ісі бұдан былай нүктелі түрде ғана жүргізілмек. Бұл – әлемдік озық тәжірибеге негізделген қадам. Яғни, сырттан келетін жұмыс күші тек отандық мамандар жетіспейтін салалардағы «бос орындарды» толтыру үшін ғана шақырылады. Квоталар тек нақты тапшылық байқалған өңірлер мен салаларға бөлінеді. Егер белгілі бір қалада заңгер немесе менеджер мамандары жеткілікті болса, шетелдіктен гөрі жергілікті азаматтың жұмысқа орналасу басымдығы жоғары болады.
Мұндай тәсілдер әлемнің өзге елдерінде де кеңінен қолданылады. Мәселен, Ресейде тұруға рұқсат алу үшін тіл білу емтихандары мен цифрлық тіркеу міндетті болса, Германияда тек «көк карта» иегерлеріне, яғни жоғары білікті мамандарға ғана артықшылық беріледі. Ал Канадада білімі мен жас ерекшелігіне қарай балдық жүйе жұмыс істейді. Қазақстан да осы заманауи үлгілерді негізге ала отырып, өз ішкі нарығын реттеуді қолға алмақ.
Өзгерістер легі атамекенге бет алған қандастарды да айналып өтпеді. Егер ағайын мемлекеттен тұрғын үй мен қаржылай көмек алудан дәмелі болса, оларға жұмыс күші тапшы өңірлерге, атап айтқанда Павлодар, Қостанай немесе Солтүстік Қазақстан облыстарына қоныстану шарты қойылады. Мұндай көшіп келушілермен 5 жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады. Егер отбасы белгіленген уақыттан ерте қоныс аударғысы келсе, мемлекеттен алған барлық көмек қаржысын тиын-тебеніне дейін бюджетке қайтаруға міндеттеледі. Ал тұратын жерін өз еркімен таңдағандарға қаржылай қолдау көрсетілмейді.