Қоғам

Ел тарихындағы 13-қаралы күн: Қазақстан қандай оқиғалардан кейін аза тұтты?

Ел тарихындағы 13-қаралы күн: Қазақстан қандай оқиғалардан кейін аза тұтты?

25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бүгін еліміздің барлық өңірінде Мемлекеттік ту төмен түсіріліп, ел азаматтары Маңғыстау облысында қаза болған әскери қызметшілерді еске алып жатыр. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері жарияланған 13-ші жалпыұлттық аза тұту күні.
 
Каспийдегі қайғылы жағдай
 
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болды. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери тапсырманы орындау барысында 17 әскери қызметші теңізге кеткен. Кейінгі мәліметке сәйкес, олардың 12-сі қаза болған, үш әскери қызметші құтқарылған. Тағы екі адамды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиғаға байланысты досудық тергеу басталып, арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Құзырлы органдар қайғылы жағдайдың себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
 
Қазақстанда бұған дейін қашан аза тұту жарияланды?
 
Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күндері, негізінен, адам өліміне алып келген ірі қайғылы оқиғалардан кейін жарияланып отыр.
 
2006 жыл
 
Қазақстан тарихындағы алғашқы жалпыұлттық аза тұту күні 2006 жылы жарияланды. 20 қыркүйекте Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада метан жарылды. Сол кезде шахтада 368 адам болған. Апат салдарынан 41 кенші қаза тауып, жеті адам жарақат алды.
 
2008 жыл
 
11 қаңтарда Қарағанды облысының Абай қаласындағы шахтада жарылыс болды. Апат салдарынан 30 шахтер қаза тапты.
 
2012 жылы Қазақстанда екі рет жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
 
28 мамырда «Арқанкерген» шекара бекетінде 14 шекарашы мен бір қорықшы қаза тапты. Осы қайғылы оқиғаға байланысты 5 маусым Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сол жылдың 25 желтоқсанында Шымкент маңында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Борттағы 27 адамның барлығы қаза тапты. Қаза болғандардың арасында Шекара қызметінің директоры Турғанбек Стамбеков те болды.
 
2013 жыл
 
2013 жылдың қаңтарында SCAT әуе компаниясының Көкшетау – Алматы бағытындағы ұшағы Алматы әуежайына жақын жерде апатқа ұшырады. Бортта 21 адам – 16 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы қаза тапты. 31 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болды.
 
2016 жыл
 
5 маусымда Ақтөбе қаласында қарулы шабуыл болды. Қарулы адамдар алдымен «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне, кейін Ұлттық ұланның әскери бөліміне шабуыл жасаған. Қайғылы оқиға салдарынан сегіз адам қаза тапты. Кейін қауіпсіздік күштері арнайы операция жүргізді.
 
2019 жыл
 
27 желтоқсанда Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ ұшып шыққаннан кейін биіктігін жоғалтып, бетон қоршауға соғылды. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты. 28 желтоқсанда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
 
2020 жыл
 
13 шілдеде Қазақстанда коронавирус пандемиясы кезінде қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Сол кезеңдегі ресми деректерде COVID-19 және пневмониядан болған өлім жағдайлары тіркелгені айтылды. Мемлекет басшысы пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің еңбегін атап өтіп, олардың бірқатары мемлекеттік наградалармен марапатталды.
 
2021 жыл
 
26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағында өрт шығып, бірінен соң бірі бірнеше жарылыс болды. Трагедия салдарынан 18 адам қаза тапты. Олардың арасында азаматтық қорғау қызметкерлері, әскери қызметшілер және әскери прокуратура өкілі болды. 29 тамыз Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
 
2022 жыл
 
10 қаңтарда Қаңтар оқиғалары кезінде қаза болған азаматтарды еске алу үшін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Кейін Бас прокуратура жариялаған деректер бойынша, Қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам қаза болған.
 
2023 жыл
 
2023 жылы Қазақстанда екі рет жалпыұлттық аза тұту жарияланды. 8 маусымда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында ірі өрт шықты. Өртті сөндіру кезінде Новошүлбі филиалының 14 қызметкері қаза тапты. 12 маусымда қаза болғандарды еске алу үшін жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Сол жылдың 27 қазанында Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада ірі апат болды. Метанның жарылуы мен кейінгі өрт салдарынан 46 кенші қаза тапты. 29 қазан Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
 
Аза тұту күні елде қандай тәртіп болады?
 
Жалпыұлттық аза тұту күні еліміздің барлық аумағында Мемлекеттік ту төмен түсіріледі. Бұл талап мемлекеттік мекемелерге ғана емес, Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне де қатысты. Сонымен қатар концерттер, фестивальдер, ойын-сауық және басқа да бұқаралық мәдени іс-шаралар тоқтатылуы немесе басқа күнге ауыстырылуы мүмкін. Телерадиоарналарда ойын-сауық бағдарламаларының орнына ақпараттық және арнайы хабарлар көрсетіледі. Ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар да қаралы күннің мәніне сәйкес мазмұндық және визуалдық өзгерістер енгізеді.
 
Бүгінгі күн – қаза болғандарды еске алу күні
 
25 қыркүйек – Қазақстан үшін тағы бір қаралы күн. Каспийдегі қайғылы оқиға салдарынан әскери қызметшілер қаза тауып, олардың бірнеше жолдасының тағдыры әзірге анықталып жатыр. Құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасуда. Жалпыұлттық аза тұту – ел басына түскен ауыр қазаға бүкіл қоғам болып ортақтасудың белгісі. Бүгін Қазақстан қаза болған әскери қызметшілерді еске алып, олардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып отыр.

Барлық жаңалық