Еліміз тағы да сын кезеңге тірелді. Экономика сыр беріп, халықтың сенімі азайып барады. Мұнай бағасы құбылып, инфляция ауыздықталмай тұр. Билік пен банк жүйесі «реформа» деген ұранды қайталайды, бірақ түпкі мәселе өзгеріссіз. Қарапайым адамға несие ауыр, ал бизнеске ақша жетпейді. Шешім бар ма, деп сараптайды Ozgeris.info.
Аулада ауыр кезеңдердің лебі сезіледі. Бізге бар тұрақтылықты сақтап қалу маңызды. Экономика мен тұрмыс деңгейіндегі жетістіктерді де жоғалтпау керек. Иә, дәл солай. Көп адам мұны билікті мақтау деп түсінуі мүмкін. Әңгіме онда емес. Себебін экономист Алмас Чукин түсіндіреді:
«Объективті айтқанда, бізде орта деңгейлі даму бар. Ел орта көлемді дамушы мемлекет. Ішкі ашылмаған әлеует үлкен. Алда ауыр сынақтар тұр. Мұнай бағасының төмендеуі мен нарықтың тарылуы ықтимал. Іштен және сырттан келетін жасанды интеллект шақырулары бар. Ересек тіршілікке қадам басқалы тұрған миллиондаған жас әлсіз дайындалған. Мәселе көп. Алдын ала шешімдер керек. Негізгі сектор қаржы секторы. Әсіресе банк саласы».
Осы тұста Карл Марксты еске алайықшы. Ол ақшаның және капиталдың айналымын қан айналымына ұқсатқан. Организм тірі қалу үшін айналым тоқтамауы тиіс деген. Оның қарапайым формуласы – ақша, тауар, өндіріс, тауар, ақша. Егер өндірісті алып тастасақ, онда базар ғана қалады. Бұл сатып ал да сат. Демек қоғам атынан мемлекет реттеу жасағанда мақсат пен мәнін түсіну керек.
«Банкті реттеудегі басты нәрсе сенім. Банктер экономикада ерекше орын алады. Олардың өмірі сенімге сүйенеді. Адамдар ақша табады. Сосын оны бөтен қолға тапсырады. Олар қайта аламын деп сенеді. Бұл сақтап қалу қызметі. Екінші. Клиент банктерге төлем жасауға тапсырма береді. Үшінші. Депозитке сыйақы алады. Төртінші. Қарыз алады. Банктегі өз ақшасы аз. Яғни банк капиталы әдетте барлық ақшаға шаққанда 10-14 пайыз болады. Банк клиент ақшасымен өмір сүріп, оны жұмысқа жегеді. Ақшаны экономикаға жібереді. Көп адам ақшаны Ұлттық банк жасайды деп ойлайды. Шын мәнінде ақшаны банктер жасайды. Олар кредит бергенде ақша көбейеді. Сіз депозит салдыңыз. Банк сол сомаға кредит берді. Экономикада ақша еселенді», деп жіліктеп берді экономист.

Бағамдап қарасақ, бұл кіріспе келесі бөлімге өту үшін керек болды. Қазір банктердің рөлі талқыланып жатыр. Оларға арналған жаңа заң әзірленуде. Ал халық артық қарызданған. Адамдарға қажеттен көп кредит беріледі. Бизнеске ақша аз және қымбат. Саяси шешімдер де соған сай болып отыр. Сонда не істеу керек?
«Тұрмыстық кредиттеуді шектеу керек. Оны тиімсіз ету керек. Бизнеске қаржыландыруды ынталандыру керек. Келесі тақырып ақша қымбат. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайыздан төмен емес деңгейде ұстады. Банктерді арзан несие беруге мәжбүрлеу мүмкін емес. Сол себепті мемлекет бюджет есебінен кейбіріне жеңіл ақша береді. Немесе кейбіріне пайыздық мөлшерлемеге субсидия төлейді. Мұнда не дұрыс емес? Себеп пен салдар орнын ауыстырды. Немесе термометрді ұрып, қызуды түсірмек болды. Банктер кедей адамдарды жасамайды. Егер банктерге мүлде тыйым салсақ, адамдар ломбард пен өсімқорларға барады. Бұл көзге аз көрінуі мүмкін. Бірақ жеңіл болмайды. Ақшаны қымбат қылатын банк емес. Ақшаны қымбат қылатын инфляция. Экономиканың тиімсіздігі. Сенімнің аздығы», дейді А. Чукин.
Қаржыны реттеу өте күрделі іс. Ереже неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым нашар болуы мүмкін. Жаңа Салық кодексінде бір қызық компромисс пайда болды. Алдымен бай банктерден көбірек салық алу туралы ұсыныс шықты. Барлық банк бірдей табысты емес. Банктердің пайдасына 25 пайыз салық салу идеясы туды. Жақсы. Кейін экономиканы кредиттеу керек деген әңгіме басталды. Бұл шара банктердің өсу мүмкіндігін шектейді деп уайымдады. Содан соң норма қосылды. Нақты секторға берілген кредит бойынша пайдаға ескі 20 пайыз салынсын деді. Мұндай салықтық абсурд табу қиын. Банктің пайдасы бір. Өнімдер бойынша бөлек пайда болмайды. Ішкі есеп үшін бағыттың табыстылығын шамалап есептейді.

Сарапшымыз қарапайым мысал келтірді. Ателье жұмыс киімі мен көңіл көтеруге арналған киім тігеді. Екеуіне екі түрлі салық қойылды. Енді нақты кім не тікті? Қоймада не қалды? Жаңа жылда не тігілді.? Соның бәрін есептеу керек. Есептедіңіз. Енді салықшы келіп, сізбен дауласады. Келіспейді. Айыппұл салады. Бұл ателье ғана.
«Енді елестетіңіз, банк деген алып жүйе. Оның жүздеген өнімі бар. Елдің түкпір-түкпірінде филиалдары жұмыс істейді. Миллиондаған клиентке қызмет көрсетеді. Оның ішінде қарапайым азаматтар да, ірі бизнес өкілдері де бар.Сонымен не істеу керек? Негізгі мәселе қайда? Бұл туралы ұзақ айтуға болады, бірақ қысқаша тоқталайық. Біріншіден, қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету керек. Тек банктермен шектелмей, бүкіл қаржы жүйесінің тұтас бейнесін қалыптастыру қажет. Екіншіден, реттеу мен құқықтық қағидатты қайта қарау керек. Ескі тәсілдер жаңа заман талабына сай келмейді. Үшіншіден, саланың капиталдандыру және қорландыру базасын күшейту қажет. Бұл банктердің тұрақтылығын арттырып, экономиканың нақты секторын қолдайды. Төртіншіден, несие беру мәдениетін өзгерту керек. Банк пен бизнес бір-бірінен оқшау емес, өзара байланысты болуы тиіс. Бесіншіден, қаржы және технология саласында инновация енгізу қажет. Уақыт талабына сай жаңа құралдар мен цифрлық шешімдерсіз даму болмайды», дейді Алмас мырза.