📰 Сарапшылар пікірі

Доллар шарықтап барады. Халық не істеуі керек? Экономист жауап береді

Доллар шарықтап барады. Халық не істеуі керек? Экономист жауап береді

Кейінгі күндері доллар бағамы тағы да шарықтады. Айырбастау пункттерінде бір доллар 540 теңгеден асып, жұрттың мазасын қашырды. Әсіресе қарапайым халық арасында «тағы да девальвация ма?» деген сұрақтар көбейді. Бұл күтпеген жағдай ма? Жоқ әлде жоспарлы құбылыс па? Енді доллар алуға асығу керек пе? Осы сұрақтарға экономист, қаржы сарапшысы Бекнұр Қисықов Digital Business-ке берген сұхбатында, деп сараптайды Ozgeris.info.

Доллардың өсуіне не себеп?

Сарапшының айтуынша, бұл жолы доллардың шарықтауына бір емес, бірнеше себеп қатар әсер еткен. Ең алдымен, әлемдік факторлар басты рөл ойнаған.

– Әлемдік аренада доллардың бағыты көбіне АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРС) шешімдеріне тәуелді. Қазір ФРС базалық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін деген күдік бар. Бұл ақпараттың өзі долларды күшейтеді. Себебі инвесторлар долларды сенімді құрал ретінде қарайды, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар еліміздегі валюта нарығы еркін бағамға негізделген. Яғни, мемлекет теңгені арнайы бір шекпен ұстап отырмағандықтан, ішкі-сыртқы сұраныс пен ұсыныс бағамға тікелей әсер етеді. Ал жаз мезгілі – демалыс, шетелге сапар, импортқа сұраныс сияқты факторлар шетел валютасына сұранысты арттыратын кезең.

– Бұған қоса компаниялар салық, несие, сыртқы төлемдер сияқты қаржылық міндеттемелерін осы уақытта орындайды. Бұл да валютаға деген қысымды көбейтеді. Оған халықтың психологиялық реакциясын қосыңыз – «курс өсе береді» деген күдікпен адамдар доллар алуға жүгіреді. Нәтижесінде курс тағы өседі, – дейді ол.

Мұны алдын ала болжауға бола ма еді?

Экономисттің айтуынша, валюта бағамын дәл болжау – тым қиын іс. Өйткені оған әсер ететін факторлар өте көп әрі тұрақсыз.

– Кейде бір ғана ресми мәлімдеме бүкіл нарықты өзгертіп жіберуі мүмкін. Мысалы, премьер-министрдің сөйлеген сөзі немесе Ұлттық банктің үнсіз қалуының өзі – нарыққа сигнал. Бұл жолғы өсім нақты экономикалық себепке емес, көбірек маусымдық және эмоциялық факторларға байланысты. Сондықтан бұл жағдай ұзаққа созылмайды деп ойлаймын, – дейді Бекнұр Қисықов.

Мұнай бағасы да айтарлықтай рөл ойнайды. Егер алдағы уақытта мұнай барреліне 90-100 доллар деңгейіне жетсе, теңге қайта нығаюы мүмкін. Ал мұнай арзандаса – доллар тағы қымбаттауы ықтимал.

Ұлттық банк неге еш әрекет етпейді?

Кейбір азаматтар «Ұлттық банк неге араласпайды?» деген сұрақ қояды. Сарапшы бұл әрекетсіздікті әлсіздік емес, ойластырылған шешім деп түсіндіреді.

– Интервенция дегеніміз – Ұлттық банктің өз қорынан доллар сатып, нарықты «тыныштандыруы». Бірақ бұл уақытша шара ғана. Қазір Ұлттық банк валюта нарығын еркіндікке жіберіп отыр. Бұл – дұрыс бағыт. Себебі жасанды жолмен ұсталған бағам ұзаққа бармайды. Біз қазір көрші кей елдердегі жағдайды бақылап отырмыз – онда ресми және бейресми (қара нарықтағы) екі түрлі бағам бар. Бұл экономиканы бұзады. Ал бізде мұндай жоқ. Сондықтан бұл саясатты сақтаған жөн, – дейді сарапшы.

Алайда ол бір маңызды жайтты атап өтті – Ұлттық банк халықпен ашық сөйлесуі тиіс. Ақпарат аз болса, ел арасында түрлі қауесет тарайды.

– Интервенция жасаудан бұрын халыққа түсіндіру керек. Қазір көптеген адам не болып жатқанын түсінбейді. Неліктен курс өсіп жатыр, не күтіп тұр – осының бәрін халық білуі керек. Ұлттық банктің ресми өкілі шығып, ай сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Бұл сенім тудырады, – дейді Бекнұр Қисықов.

Ал қарапайым халық не істеуі керек?

Міне, негізгі сұрақ. Халық не істейді? Ақшаны долларға ауыстыру керек пе? Әлде күткен дұрыс па?

– Егер сіздің шетелге шығу жоспарыңыз болмаса немесе доллармен төленетін нақты шығын жоқ болса – сабыр сақтаған дұрыс. Қазір «доллар қымбаттап жатыр екен» деп, барлық ақшаны шетел валютасына ауыстыру – тәуекел. Керісінше, ең тиімді шешім – активтерді әртараптандыру. Яғни, жинағыңызды бірнеше валютада ұстау. Бір бөлігін теңгемен, бір бөлігін доллармен, тағы бір бөлігін еуро немесе юаньмен, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дәл қазір дүрбелең туғызатындай ештеңе жоқ. Курстың шарықтауы – маусымдық құбылыс. Нақты девальвация немесе экономикалық дағдарыс емес. Ал асығыс шешім – кейін өкініш әкелуі мүмкін.

 

Барлық жаңалық