Кейінгі күндері рубль бағамы 6 теңгеден төмен түсті деген жаңалық көп талқыланып жатыр. Көп адам үшін бұл жай ғана курс сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл өзгеріс күнделікті өмірге, әсіресе азық-түлік бағасына тікелей әсер етеді. Қаржыгер Сұлтан Елемесов осы жағдайды қарапайым тілмен түсіндіріп берді, деп түсіндірді Ozgeris.info.
«Рубль 2025 жылдың наурызынан бері алғаш рет 6 теңгеден төмен түсті. Бұл – Қазақстан үшін жалпы алғанда жақсы жаңалық. Себебі рубль арзандаса, Ресейден келетін тауарлар да арзандайды. Ал біз азық-түліктің үлкен бөлігін дәл осы елден импорттаймыз. Демек, бұл өзгеріс азық-түлік бағасының өсуін тежеп, инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, дүкендегі кей өнімдер қымбаттамай, тіпті арзандауы да мүмкін», дейді қаржыгер.
Оның айтуынша, бұл жерде тағы бір маңызды фактор бар – теңгенің күшеюі. Қазір теңге тек рубльге емес, долларға қатысты да нығайып отыр. Бұл да бағаға әсер етеді.
«Менің ойымша, Ұлттық банк қазіргі жағдайды дұрыс пайдаланып отыр. Теңгеге сұраныс жоғары, және соны тиімді қолдануда. Теңгенің рубль мен долларға қатысты нығаюы ҚҚС өсімінің бағаға түсіретін қысымын біршама азайтады. Яғни салық өссе де, оның әсері толық сезілмеуі мүмкін. Сондықтан инфляция салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуы ықтимал», деп түсіндіреді ол.
Бірақ бәрі тек жақсы жағы емес. Қаржыгер теңгенің тым күшеюінің де кері әсері бар екенін айтады.
«Енді ең қызығы – Ұлттық банк алдағы уақытта қандай шешім қабылдайды. Өйткені тым күшті теңге де тиімді емес. Ол бюджетке түсетін кірістерді азайтады. Әсіресе экспорттан түсетін табысқа әсер етеді. Сондықтан теңгені тым қатты күшейтіп жіберу де дұрыс емес. Бұл жерде баланс қажет», дейді С.Елемесов.
Сонымен қатар ол тағы бір маңызды нәрсені атап өтті – теңге мен рубль бұрынғыдай «байланысты» емес.
«Бұрын теңге мен рубль арасында белгілі бір тепе-теңдік, шартты паритет болатын. Қазір ол жоқ. Себебі Қазақстан мен Ресей әртүрлі экономикалық жағдайда өмір сүріп жатыр. Сондықтан енді курс бұрынғыдай бір-біріне қарап емес, әр елдің өз саясатына байланысты қалыптасады. Негізінен бәрі монетарлық саясат пен инфляцияға тіреледі», деп түсіндіреді қаржыгер.
Рубльдің арзандауы біз үшін жаман емес. Бұл азық-түлік бағасының өсуін баяулатуы мүмкін. Теңгенің күшеюі де бағаға қысымды азайтады. Бірақ тым күшті теңге бюджетке тиімсіз. Сондықтан алдағы уақытта Ұлттық банк тепе-теңдікті сақтауға тырысады.