🤖 Digital

ChatGPT қазақша «ойлай» бастай ма?

ChatGPT қазақша «ойлай» бастай ма?

Жасанды интеллектінің мүмкіндігі күн сайын кеңейіп келеді. Бірнеше жыл бұрын мәтін жазып, сұраққа жауап беруімен таңғалдырған технология бүгінде білім беру, бизнес, мемлекеттік қызмет көрсету секілді көптеген саланың ажырамас құралына айналды. Енді Қазақстанда жасанды интеллектіні қазақ тіліне бейімдеу мәселесі жаңа деңгейге көтерілмек, деп жазады Ozgeris.info.

«Қазақтелеком» компаниясы OpenAI делегациясымен жұмыс кездесуін өткізіп, білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту, қазақтілді жасанды интеллектіні дамыту және автономды жасанды интеллект агенттерін енгізу мәселелерін талқылады. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың негізі былтыр АҚШ-та Қазақстан Президенті қол қойған меморандумнан бастау алған. Қазір Қазақстан OpenAI жүзеге асырып жатқан Education for Countries жаһандық бастамасына алғаш қосылған мемлекеттердің қатарына кіреді.

Бүгінде ChatGPT Edu платформасы Қазақстанның білім беру жүйесінде 165 мың пайдаланушыны қамтып отыр. Бұл – оқушылар, студенттер мен педагогтердің жасанды интеллект мүмкіндігін оқу үдерісінде пайдалана бастағанын көрсететін көрсеткіш. Алайда жаңа кезеңнің басты ерекшелігі технологияны жай ғана қолдану емес, оны қазақ тілі мен жергілікті ортаға бейімдеу болмақ.

«Қазақтелеком» басшылығының айтуынша, жасанды интеллект Қазақстанда толыққанды жұмыс істеуі үшін қазақ тілін терең түсініп қана қоймай, жергілікті ерекшеліктерді де ескеруі қажет.

Мұғалім сұрақ қояды, жүйе бірден жауап береді

Кездесуде көтерілген негізгі бағыттардың бірі – білім беру жүйесіне арналған интеллектуалды жасанды интеллект қабатын қалыптастыру. Қазір мектептер, оқушылар мен педагогтерге қатысты деректерден жаңа талдау алу үшін мамандар апталап жұмыс істейді. Түрлі базадағы ақпаратты жинақтап, салыстырып, өңдеу қажет. «Қазақтелеком» бұл жұмысты әлдеқайда жеңілдетуді ұсынған.

Жоспарға сәйкес, болашақта мектеп директоры немесе мұғалім қарапайым тілмен сұрақ қойып, қажетті мәліметті бірнеше секунд ішінде ала алады. Мәселен, белгілі бір өңірдегі үлгерім көрсеткіші, оқушылар саны немесе мұғалімдердің жүктемесі туралы ақпаратты арнайы есеп жасатпай-ақ сұрауға мүмкіндік туады. OpenAI өкілдері бұл бастаманы қолдаған. Мұндай жүйе іске қосылса, білім саласындағы аналитикалық жұмыстардың едәуір бөлігі автоматтандырылуы мүмкін.

Picture background

5 мың қызметкер жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйренеді

Кездесуде кадр даярлау мәселесі де талқыланды. Қазірдің өзінде «Қазақтелекомның» 500-ден астам қызметкері AI-assisted development және vibe coding қағидалары бойынша оқытудан өткен. Бұл тәсіл бағдарламалау тәжірибесі шектеулі қызметкерлердің де жасанды интеллект көмегімен цифрлық шешімдер әзірлеуіне мүмкіндік береді. Компания жыл соңына дейін оқыту бағдарламасын 5 мың қызметкерге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Негізгі мақсат – күнделікті қайталанатын жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік беретін құралдарды қарапайым қызметкерлердің өз қолына беру. Сондай-ақ тараптар OpenAI әзірлеген Codex платформасы мен басқа да шешімдерді мемлекеттік және корпоративтік цифрлық сервистерді дамытуда пайдалану мүмкіндігін қарастырды.

Picture background

Қазақ тіліне басымдық беріледі

Жасанды интеллектіні қазақ тілінде дамыту мәселесі кездесудің негізгі тақырыптарының біріне айналды. Соңғы жылдары ChatGPT пен өзге де нейрожелілер қазақ тілінде жауап бере бастағанымен, кей жағдайда аудармаға ұқсас құрылымдар, тілдік қателер мен жергілікті контексті түсінбеу мәселелері әлі де кездеседі.

Сондықтан жаңа ынтымақтастық қазақ тіліндегі модельдердің сапасын жақсартуға, тілдік дерекқорларды толықтыруға және жергілікті контексті тереңірек түсінетін жүйелер құруға бағытталмақ. Бұл өз кезегінде қазақ тілінде жұмыс істейтін цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Дерек қауіпсіздігі басты назарда

Жасанды интеллектіні енгізу мәселесі талқыланғанда ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. «Қазақтелеком» өкілдері деректер қауіпсіздігі мен цифрлық егемендік мәселесі өзгермейтін басымдық болып қала беретінін мәлімдеді. Себебі жасанды интеллект мүмкіндігі кеңейген сайын азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі де өзектене түсуде.

Сондықтан жаңа жобалар іске асқанда ақпараттық қауіпсіздік талаптары негізгі шарттардың бірі болмақ. Қазір әлемде жасанды интеллектіні кім жылдам енгізеді деген жарыс жүріп жатыр. Бірақ технологияның шынайы құндылығы оның қаншалық күрделі екенінде емес, адамдарға қаншалық түсінікті әрі пайдалы бола алғанында. Егер қазақ тіліндегі жасанды интеллект сапасы шынымен жақсарса, бұл тек технологиялық жетістік емес, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін кеңейтетін маңызды қадамға айналмақ.

 

Барлық жаңалық